Басты ақпаратИмантаразы

Әл-Ақса табалдырығы



Меккеден бұрын исі мұсылманға құбыла саналған (һижра бойынша 16 жылға дейін) Масжид әл-Ақса мешітіне барып сәжде етуді нәсіп еткен Аллаға сансыз мадақ, шексіз шүкірлік айтамын.


Мориа хибадат тауындағы мешіттің ең алғаш құрылысын бастаған Адам ата (ғ.с.).
Сахих хадисте баян етілгеніндей, Адам ата (ғ.с.) қасиетті Қағбаны тұрғызған соң араға қырық жыл салып, Құдыс (Иерусалим) қаласындағы осы әл-Ақса мешітін өз қолымен қалаған.
Екінші рет бұл қасиетті мешітті Жақып (ғ.с.) пайғамбар салған.
Ал үшінші рет бұл қасиетті мешіттің қабырғасын Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) қалаған, құрылысты аяқтау үшін ұлы Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) Финикиядан сәулетшілер алдыртқан. Пайғамбар хадисінде мешіт құрылысына жындар да жегіліп, жеті жылда салынып біткен делінген.
Жындарға пәрменін жүргізген су перісі Сүлеймен (ғ.с.) мешітті бұрынғыдан да кеңейтіп салдыр­ған екен.
Белгілі журналист Оңғар Өмір­бек ақсақалдың тарихи де­рек­терге сүйене жазуы бойынша Яхия (ғ.с.), Иса (ғ.с.) пайғамбарлардың балалық шақтары да осы әл-Ақса мешітінің маңында өткен. Құран кәрімде айтылғанындай Иса (ғ.с.) пайғамбардың анасы Мәриям да осы мешітте тәрбиеленіп, бой жеткен.
Мешіттің айырықшылығы мұнымен өлшенбейді. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Палестина өлкесінің қасиетті Құдыс қаласындағы бұл мешіт – Ыбырайымнан (ғ.с.) бастап барлық пайғамбарлардың құбыласы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеде тұрғанда намазды әл-Ақсаға қарап оқитын. Кейін келе Мәдинаға қоныс аударғанына он сегіз ай өткенде құбыла Қағбаға өзгерді. Міне, сол күннен барлық мұсылмандардың құбыласы – қасиетті Қағба!
Әл-Ақсаның ең басты ерекшелігі мен құндылығы – Миғраж оқиғасы. Миғраж оқиғасы – пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берілген ұлық мұғжизалардың бірі. Миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың оныншы жылы ережеп айының жиырма жетісіне қараған түні болған.
Құранда «Исра» сүресінің 1-аяты былай деп басталады: «Құлы (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін әл-Харам мешітінен айналасын берекелі еткен әл-Ақса мешітіне апарған Алла тағала қандай да кемшіліктен пәк. Шын мәнінде, Ол – Естуші, Білуші».


Бұл ұлық мұғжиза былай бол­ған-ды. Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаның іргесінде түнеп жатқанында Жәбірейіл (ғ.с.) бірнеше періштемен ке­леді. Пайғамбарымыздың кеу­десін ашып, жүрегін алып, зәм­зәм суымен тазалайды да қайта орнына салады. Тарихта «кеудені жару» деп аталатын бұл оқиға пайғамбарымыздың төрт жасар кезінде де болған.
Содан кейін қашырдан кіші­рек, есектен үлкенірек «пырақ» (бурақ) тұлпарды жәннаттан келтірген. Пырақтың жүйріктігі соншалық, көз жетер жерге қас-қағым сәтте апарады. Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбарымызды (с.ғ.с.) пыраққа мінгізіп, өзі жол бастап, әп-сәтте әл-Ақса мешітіне әкеледі. Пайғамбар (с.ғ.с.) пырақтан түсіп, оны байлайды. Ол жерде Ыбырайым (ғ.с.), Мұса (ғ.с.), Иса (ғ.с.) бастаған барлық пайғамбарлар күтіп тұрған. Олардың өтініштері бойынша Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі имам болып, екі ракат намаз оқиды. Бір кезде Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбарымызға су, арақ, сүт құйылған үш тостаған ұсынады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүтті таңдап ішеді. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.) шаттанып: «Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.) сенің үмметің басқа қауымдарға ұқсап адасып кетпейді екен» деп қуандырды. Бұдан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Сахра» деп аталатын үлкен тастың үстінен пырағымен Жеті Қат Көкке көтеріледі…
Әл-Ақса мешітінің бір бөлігін осы «Сахра» тасына байланысты «Сахра Күмбезі» («Куббат ас-Сахра» – арабша, «Купол Скалы» – орысша атауы) деп те атайды. Ол дөңеске орналасқаннан назарға бірден түседі. Мешіт үш қабатты. Оның екі қабаты жердің астында. Пырақ байланған орын мен «Сахра» тасы тура ортада, ең төменгі қабатта жатыр.
Міне, осындай қасиетті жерге табанымыз тигенге шексіз шүкірлік айтамыз.
Мешіт тарихы мұнымен шектелмейді. Алға озған уақытпен қатар ілесіп келеді. Мориа ғибадат тауындағы бұл алғашқы Алланың үйінің іргесінен 636 жылы тақуа халифтардың династиясынан шыққан халиф Умар ибн әл-Хаттабтың пәрменімен жаңа мешіт бой көтерді. Бұл екеуі екі мешіт болғанымен, біртұтас сәулеттік кешенді құрайды.
Кейіннен әл-Ақса құлшылық орны Абд әл-Мәлік халифтің ықпалымен кеңейтілген. Құ­рылысты оның ұлы әл-Валид 705-ші жылы бітіріп шығады. Әрі, бұл қасиетті сәулет ғимараты 8-ші ғасырдың мұрасына жатады.
1033 жылы қатты зілзала болып, әл-Ақса мешітінің ауқымды көлемі бұзылады. Бірақ содан екі жыл өткеннен кейін Әли аз-Зихир басқа жобадағы мешіт сала бастайды. Осы салынған ғимарат күні бүгінге дейін тұр. Үстемдік еткен Ислам халифаты династиясының әр кезеңдердегі қолға алған қайта құру жұмыстары мешітке қосымшалар енгізіп отырды. Нәтижесінде көрнекті де ауқымды күмбезі, кіреберіс есігінің маңдайы, мінбер, минарет жасалып, ішкі құрылымдары өзгертілді.
1099 жылы Құдысты крест жорықшылары басып алғанда, олар мешітті сарай және шіркеу ретінде пайдаланды. Мешіт құдыстық Балдуин ІІ королінің сарайы болды. 1128 жылы рыцарь-тамплиерлер мешітті Сү­лейменнің христиан храмына айналдырып, төбесіне Айдың орнына айқыштарын ілді. Әрі, дәл осында тамплиерлер орденінің штаб-пәтерін жасады.
Ирактың Киркугында туып, Мысырда азамат болып қалыптасқан Салах әд-Дин (Саладин) әмір Құдысты кәпірлерден азат еткенде мешіттің бастапқы міндеті өзіне қайтарылды.
Саладин Құдыс қаласындағы Воскресения храмынан өзге шіркеулердің бәрін мешітке айналдырды.
13-ші ғасырда билік мәмлүктердің қолына өтті. Олар ғибадат тауында орналасқан Сахра Күмбезін қоршаған үстіртке аркалы конструкциялар жасады. Сонымен қатар, дуалдарды тесіп 11 дарбаза қойды. Сол арқылы жұрт ғибадат тауына көтеріле алатын болды. Ол қақпалар күні бүгінге дейін халыққа қызмет етіп тұр.
Содан бері де көптеген қайта құру мен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қосымшалар одан кейінгі уақыттарда Жоғарғы мұсылмандар кеңесі мен Иордания тарапынан жасалды.
Бүгінгі күнде көне Құдыс қаласы израиль Құдысының құрамына жатады. Алайда 1994 жылы Израиль мен Иордания арасындағы келісімге байланыс­ты, Құдыстағы мешіт пен күллі мұсылмандық құндылықтар Иорданияның қамқорлығы мен бақылауына көшкен.
Мешітте бір сәтте 5000 адам сәждеге маңдайын тигізе алады.
Сонымен, бара қалсаңыз, Сахра Күмбезі мен Әл-Ақса мешітіне Израиль мемлекетінің аумағынан кіресіз.
Ғибадат тауын қоршай салынған Аза дуалы – (Стена Плача) ежелден зиярат ететін орын. Оның іргесін кезінде Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) қалапты. Қазіргі әл-Ақса мешіті тұрған жерге «бірінші храм» немесе «Сүлейменнің (ғ.с.) храмы» деген ғибадатхана салынған екен. Ол еврейлерге құлшылық ететін жалғыз орын болған. Бірақ, жаңа дәуір келмей тұрып қиратылған.
Арада 70 жыл өткен соң бірнеше әлеуеттілердің, негізінен, Ирод патшаның табанды­­­лығымен храмды қайтатұр­­­ғыз­ған. Ол – «Екінші храм» де­ген атқа ие болыпты. Алайда ол да біздің дәуіріміздің 70-жылдарында император Тит бастаған рим әскерімен болған алғашқы иудей соғысында күйрейді.
Аза дуалы немесе батыс дуал Екінші храмнан қалған бөлшек болып саналады.
Аза дуалының алды ығы-жығы халық. Тас қабырғаға тізілген туристерден гөрі яһудилер көп. Сүңкиіп, бастарын иіп, көздерін кілгірте әлденені сыбырлайды. Біреулері ілгері-кейін теңселеді. Енді бірі маңдайын дуалға тигізіп қатып қалған. Күнделікті көрініс осылай болса керек. Олардың ішкі ойы бойынша осы жерде үшінші храм бой көтеруі тиіс, соны Алладан жалбарынып сұрайды. Қазіргі уақытта онда сәулесі алтын Күннің нұрымен шағылысып, исі мұсылманның мәдени-рухани дүниесі Сахра Күмбезі мен әл-Ақса мешіті тұр.
Біз де қалыптасқан үрдіс бо­йынша дуалға таянып, алып кірпіштердің жықпылына бүгінгі күнге шүкірлігіміз бен тілегімізді жазып қалдырдық.
Израильдегі ерекшелік әскерге қыздар да, жігіттер де міндетті. Адамның көбі – қауіпсіздікті қадағалаған әскерилер. Олар халықпен тілдесуден қашпайтын тәрізді. Менімен біреуі суретке түсуден тартынбады. Сондай-ақ, қара қалпақ киген яһуди бозбаласымен де естелік үшін камераға қарадық.
Айтқандайын, бұл қара қалпақтың 34 түрі бар екен. Оның әрқайсысына тән белгілері байқалады, әлеуметтік дәрежесі де, тегі де содан көрініс табады. Ұсқынына қарағанда, менімен суретке түскен қалпақты әлеуметтік топтың жоғарғысынан болса тиіс.
Аза дуалынан асыға әл-Ақса мешітіне қарай бет түзедік. Оған бару үшін туннельмен арғы бетке өтеді екенсіз.
Тек мұсылмандарға ғана кіруге рұқсат етілген. Мешітке беттемес бұрын дәрет алу орнына өтесің. Содан соң барып ұлық мұғжиза болған жер Масжид әл-Ақса мешітінің табалдырығын «Бис­миллаһи-рахмани-р-рахим» деп аттайсың.
Сахра Күмбезі мен Әл-Ақса мешітінен жандүниең құбылып шығады. Қимай соңыңа бірнеше қарайсың…

Әділбек Ыбырайымұлы,
арнайы «Астана ақшамы» үшін – Құдыс (Иерусалим) қаласынан




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button