Мәдениет

«Самғау» қанат қақты

10 маусым күні Астанада елорданың 20 жылдығы аясында «SAMGAU» VI халықаралық театр фестивалінің шымылдығы түрілді. Шараның ашылуына Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Апта бойы 16 маусымға дейін қала театрларының сахналарында Астананың және ел өңірлері театрлары мен шетелдік өнер ұжымдарының үздік қойылым­дары көрсетілетін болады.
Биыл фестивальдің атауы да мазмұны да өзгеше. Бұрын ол «Сахнадан сәлем» деп аталып келген еді. Бұл туралы театр апталығының ашылуына арналған баспасөз мәслихатында театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов мәлімдеді.
– Алты жыл бұрын Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының іргесінде осы фестивальдің тұ­сауы кесілген болатын. Сол кез­де ол халықаралық деңгейге жетеді деп ешкім де ойламаған. Биыл шараның атауын ғана емес, сондай-ақ мазмұнын да өзгертіп отырмыз. Біз номина­ция­ар белгілеп, қатысушыларды материалдық тұрғыдан қолдау туралы шешім қабылдадық. Фестивальдің бас жүлдесі – 2 миллион теңге, – деді Талғат Теменов.
Оның айтуынша, «SAMGAU» фестиваліне қатысуға 53 ұжым өтінім берген, оның ішінен тек 12-сі ғана таңдалған.
– Бүгінде театр өнеріне сұраныс жоғары. Егер 5 жыл бұрын театр әлемі тұралап тұрса, соңғы 3-4 жылда айтарлықтай серпін жасалды. Жаңа сапалы қойы­лымдар көп, сондықтан іріктеу қатаң болды. Әзірге уақыттың тығыздығынан қатысушыларды көбірек ала алмаймыз. Қазылар алқасы күніне 3 спектакльден көреді. Өйткені фестиваль бір аптаға ғана созылады, – деді ол.
Апта бойы белгілі профессорлар, театр өнерінің мамандары күн сайын фестиваль қатысушыларына вокал, сахнада қозғалу және сөйлеу, актерлік шеберлік бойынша шеберлік дәрісін өткізетін болады.
– Елордада тұрған соң актерлерге үйрету үшін театрға вокал бойынша педагогты немесе балетмейстерді шақыра аламыз. Ал облыстық театрларда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз аймақтардағы театрларға бүгінде танымал жаңа қойы­лымдарды тамашалау және ше­берлерімізден сабақ алу үшін актерлерін жіберсін деп шақыру жібердік. Оларға сертификаттар беріледі, – деді «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.
Биылғы фестивальдің тағы да бір ерекшелігі – оған OFF-бағдарлама ретінде Қазақ ұлттық өнер университетінің актерлік өнер және режиссура кафедрасының студенттерінің дипломдық спектакльдері де қатысады.
– Бұл тәжірибені келер жылы да жалғастырмақпыз. Бұл біз үшін жақсы. Жаңа дарындармен танысамыз. Бұл – бәріміз үшін жақсы стимул, себебі фестивальде театрлардың көркемдік жетекшілері мен директорлары көп болады. Олар бірлесіп жұмыс істеу үшін жас талантты актерлер мен режиссерлерді таңдай алады, – деп түсіндірді Талғат Теменов.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар биылғы фестивальдің өзгешеліктері туралы айтқан соң дәстүр бойынша қатысушылар қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті. Ең алдымен фестивальдің қазылар алқасы көрінді. Оның құрамына үздік отандық және Ресей мен Қырғызстанның театр сыншылары енді.
Олардан кейін «SAMGAU» фес­тиваліне қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтті. Атап айтсақ, Астана, Петропавл, Шымкент, Өскемен қалаларының театрларының труппалары, сондай-ақ Сербия, Татарстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген қонақтар.
Әдеттегідей, шеру «Жастар» театрының сахнасында концерттік бағдарламамен және фестивальдің ашылу салтанатымен жалғасты. Жиналған қауым ел­ордалық актерлердің өнерін тамашалады. Бағдарламаны фес­тивальдің алғашқы көрсетілімі – «Жастар» театрының Нұрқанат Жақыпбай қойған «Ревизор» трагифарсы жалғастырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button