Мәдениет

Денисті Димаштың әні демеді…

Денис Тен және оның достары 1000-ға жуық жанкүйерін қуантты. Шара Астананың 20 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Тыпыршып отырып, Денис мұзға шыққанда шаттанып кеттік. Өзі қалақтай ғана. Сөйте тура, музыка әуе­німен барынша созылады. Мұзда емес, кілемде жүргендей құдды.

Мұз шоуы мә­­нерлеп сырғанаушы, Сочи Олим­пиадасының қола жүл­­дегерінің «Денис Тен және оның достары» атты бағдарламасы аясында өтті. Мұз майталмандары, жанды музыка, театрландырылған қойылым, инновациялық техникалық элементтер – осының барлығы таңдандырды. Акробаттық өнер, Олимпиадалық би түрлері дүниенің дүбірлі дүлдүлдерін біріктірді.
Ерекше шоуда Каролина Костнер, Елена Радионова, Алена Савченко, Бруно Массо, Ян Хан және тағы басқа мәнерлеп сырғанаушы әлемдік деңгейдегі спортшылар өнер көрсетті. Олар сырғанап қана қоймай, Қазақстан туралы ыстық ықыластарымен бөлісіп, елорда тойымен құттықтады. Астананың әлемде ешқандай қалаға ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігі бар екенін бірінен соң бірі айтты.
Денис Тен көрсеткен тамаша қойылымдардың бірі – Димаш Құдайбергеннің әніне дайындалған арнайы бағдарлама. «Бұл қойылымды Пхенчхан қысқы Олимпиадасының финалында көрсетуім керек еді, өкінішке қарай, ол кезде реті болмады. Сондықтан дайындыққа көп уақытым кеткен бағдарламамды бүгін көрсетудің сәті туған сынды» деді ол. Шараның басты тосынсыйы
– осы. Сондай-ақ, шоу соңында Денис пен достары қазақтың ұлттық киімінде, қазақ ұлттық-симфоникалық оркестрі­нің қолдауымен биледі. Қойы­лымдар мен айрықша декорация, әдемі костюмдер мен мәнерлеп сырғанаудағы қайталанбас қимылдар қала тұрғындарын желпінтіп тастады. Осыдан бірер күн бұрын Денис Тен баспасөз мәслихатын өткізіп, журналис­терге жемісті еңбек ету үшін аянбайтынын жеткізген еді. Әрі әлемнің маңдайалды жұлдыздарын Қазақстанға әкелуге қашан да құмбылдығын айтты. Біз Денис­ке сенеміз!

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button