Басты ақпаратИмантаразы

Ораза айт құтты-берекелі болсын!

Қадірменді қауым!

Баршаңызды мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болғай!
Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны» деп қадірлеген. Ал мереке күндері аға­йын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасыр­дан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.
Ораза айт – қонақжайлық пен мейірбандықтың, достық пен татулықтың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.
«Айт» – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, аға­йын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі.
Ораза айт – бір ай бойы төзімділік танытып ауыз бекіткен, ықыласпен қайырымдылық жасаған пенденің құрмет пен марапатқа, қуаныш пен сауапқа кенелетін сәт.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Алланың сыйы – тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button