Қоғам

Алаш баспасөзін бүгінге жеткізген



Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Аллабергеннің 70 жылдығына арналған «Алаш мұрасын зерттеу парадигмалары: баспасөздің тарихи және тәжірибелік маңызы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ модераторлық етті. Мазмұнды іс-шара 2022 жылдың тамыз айында бір топ ғалымдардың Қырықбай Аллабергеннің туған жері Баянауылға барғанда түсірілген бейнесюжетімен басталды.

Конференция барысында профессордың замандасы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай ұстаз-ғалымның тың ізденістері жайында пікір білдірді.

«Бізде қазір Алаш көсемдерін зерттейтініміз, зерттеп жүрген көсемсөзшілеріміз бар. Кейде бір деректі тауып алып, Алаштың тарихын төңкеріп тастағандай қозғалыс болады. Сондай кезеңде журналистердің арасында Қырықбай Аллаберген керек кезде табылатын. Өз орнымен жүріп, өз ісін бітірген Қырықбай қырық буынды, бір сүйекті азамат еді.

Алашты қиын кезеңде, әсіресе 1987-91 жылдар арасындағы уақыт зерттеп, ой-пікірмен дараланған жігіттердің ішінде Қырықбай болды. Оның еңбегін ерекше бағалау керек. Шығармашылығы жайлы сөз қозғалғанда, отаршылдыққа қарсы баспасөз тарихын зерттеген еңбегі әуелі айтылады. Осы кезеңдегі баспасөз тарихы айтылмаса, Алаш идеясын түсіну мүмкін емес» деді ­Тұрсын Жұртбай.

Сондай-ақ алаштанушы бүгінгі баспасөздің ахуалына тоқтап, болашақ журналистерге ғалымның еңбегін терең зерттеуге қатысты бағыт-бағдар берді.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай ғалым Қырықбай Аллабергеннің бүкіл еңбектері қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге бағытталғанын, халық жанашырының ғибратты ғұмыры мен сіңірген еңбегін күні бүгінге дейін өзінің студенттеріне айтып, дәріс оқып жүргенін жеткізді.

Қырықбай Аллабергенге қатысты ойын өзінің замандасы әрі әріптесі профессор Айгүл Ісмақова толықтырды.

«1991 жылы постотарлау тақырыбында монография шығару екінің бірінің қолынан келмес еді. Бұл тек Қырықбайдың бойындағы батырлық пен мен жазбасам, кім жазады деген ғылыми жауапкершіліктің арқасында жүзеге асты. Постотарлауға қарсы Алаштың саяси элитасы тұр деп зерттеген, әрі түрлі баспасөздегі жазбалар туралы тұжырымдап жазған да біздің замандасымыз еді» деді А.Ісмақова.

Жиынға Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман, С.Торайғыров атындағы Павлодар университеті қазақ тілі және журналистика кафедрасының профессоры Серік Елікбай, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Зәуре Сыдықова, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Болат Құдайбергенұлы мен ғалымның бір топ жерлестері, достары қатысты. Конференцияда сөз алған ғалымдар Қырықбай Аллабергеннің мұрасы мен бай тәжірибесі бүгінгі медиакеңістікті дамытуда аса маңызды екендігін баса көрсетті.

Іс-шараға қатысқан профессордың жары Бақыт Тілеубайқызы  журналистің адамгершілік қасиеті мен рухани болмысын ерекше ілтипатпен әңгімеледі. Қызы Алтынай поэзиялық туындыларын оқыды.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы ретінде ғалым Қырықбай Аллабергеннің туған өлкесі Баянауыл ауданындағы көшелердің, мектептердің біріне профессордың атын беру, оқу орындарында дәрісхана ашу, ғалымның оқуларын өткізу сынды бірқатар ұсыныс ойлар айтылды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button