Жаңалықтар

Алаш мұраты

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының құрылуы туралы қаулы қабылданды. Дәл осы күні елордада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің жүз жылдығына арналған «Алаш мұраты және рухани жаңғыру: сабақтастық пен жалғастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Маңызды жиынды қалалық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.

Алдымен басқарма басшысы Тілеуғали Қышқашбаев конференцияға қатысушыларды Алаш ардақтыларының айтулы күнімен құттықтап, олардың өне­гелі жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екендігін айтып, бүгінгі басқосудың негізгі өзегі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатқандығын жеткізді.
Жиын барысында тарих ғы­лым­дарының докторы Өмірзақ Озғанбаев Алашорда үкіметінің мүшесі, Ресей мемлекеттік думасына екі рет мүше болған зерделі заңгер Ахмет Бірімжановтың еңбегі мен ерлігі туралы ақтарылып сөйледі. Алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы: «Қарап отырсам, елордадағы бірнеше мектепке Алаш азаматтарының атын беруге әрекет жасағанымызға он жылдан аса уақыт өтіпті. Бұл не деген қиын жағдай деп жүруші едік. Жақында жағымды жаңалық естідім. Алдағы қаңтар айында сол оқу ордаларына Алаш тұлғаларының есімі берілетін болыпты. Соған рақмет айтқым келеді. Ал енді «Алаш мұраты» деген – өте кең ұғым. Идея деуге болады. «Алаш мұратының» өлмей келе жатқанына бүгінгі жиын мысал болады» дей келіп, көрнекті қайраткер, қырғыз ұлты елшілдік қозғалысының басшысы Қасым Тыныстанұлының күрескерлік өмірі туралы байыпты баяндама жасады.
Конференцияда Алаш азаматтарының азат мемлекет орнату жолындағы жанқиярлық еңбектері жайында белгілі қаламгер әрі ғалым Тұрсын Жұртбай, филолог-ғалымдар Шәкір Ыбыраев, Шерубай Құрманбайұлы, елшіл азамат Сабыр Қасым, Берік Әбдіғалиұлы секілді баяндамашылар парасатты ойлар айтып, тағылымды пікір өрбітті.
Шараның тағы бір жаңалығы деп Алаш тақырыбында жазыл­ған ғылыми жинақтың жарық көруін айтуға болады. Оған бас-
аяғы 80-нен астам авторлардың еңбектері топтастырылған.

Азамат Есенжол

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button