Басты ақпаратМәдениетРуханиятТағзым

Ақселеу аманаты

Көбіне санамызға сия бермейтін құдірет сырын тар түйсікпен түйіндей салатынымыз бар. Осындайда өмір жалғастығын өзінше өрген, әсіресе, көне қазақ мәдениетінің жаңа мыңжылдықтағы жалғасының жаршысы болған Ақселеу аға еріксіз ойға оралады. «Мың бір маржанды» мамырлатып, «Күй шежірені» күмбірлеткен, рухани мол мұраларымызды, тамырын кеңге жайған асыл қазыналарымыздың қадірін жете білген кемеңгер туындыларымызды кілемше тоқып, өрнектей өріп берді емес пе?!

Қай шығармасында да қазақтың ерекше қасиетін құбылтып, әруақ қонғандай арқалана жазған ағамыз бүгінде арамыз­да жоқ. Бірақ ол ұлт мүддесі дегенде өгіз қара күшін көрсетіп, жетпеген жерін ізінен ерген қараларына сеніп тапсырып кетті. Бұл жұдырықтай жүрегі ұлтым деп соғатын әр қазақтың ұлт алдындағы жауапкершілікті сезіну аманаты еді…
* * *
Ақселеу ағаны Астананың рухани кештерінен жиі кө­зіміз шалатын. Қашан көрсең сөздің майын тамызып, құдды бір кітап оқып тұрғандай сөйлейтін шешендігіне тәнті едік. Аузынан шыққан әрбір сөзі санаңа құйылып, тыңдай бергің келетін. Енді ойлап отырсақ, ол өзінің қатысуымен өткен бірде-бір кеште ұлттың жоғын жоқтамаған кезі болмапты. Өзімен пікірлес болған кез келген жанға шабыт беріп, өзінің жасап жүрген жұмысына қарай сенімін білдіріп, сол тіршілігінің титтей де болса пайдасы еліңе, жұртыңа арналсын деп аманат айтып жүретінін аңғардық. Журналистік жолымызда «Ақселеу ағаның аманаты еді» деп оған адалдық танытып жүрген адамдарды жиі кезіктірдік.
Ағамыздың тамыры терең тарихымызды терең қаузап, ділмар тілмен дәріптеген ғұлама ғалымдығын, сұңғыла білімпаздығын, сүлей суреткерлігін, өз қатарластарының арасындағы қорғасындай салмағын бағаламаған тұлға кем. Профессор Талас Омарбеков: «… Этнографиялық ғылымға жаңа леп және соны ұлттық сарын алып келген қаламгер біреу болса, ол – Ақаң, ал екеу болса, оның бірі – Ақаң» дейді.
Бірде тарихшы-ғалым Қойшығара Салғара Ақселеу Сейдімбек екеуінің «Қазаққа осы кезде танымдық дүние керек» деп көркем әдебиетті қоя тұрып тарихи-танымдық дүниеге қалам тербегені турасында естелік айтқанда: «Алматыда сырласып жүрген күндері бірде Ахаң: «Біз үш жүз жыл бодандықта болған жұртпыз. Сондықтан санасы мәңгүрттеніп бара жатқан халқымызға тағылым болатын тарихи-танымдық дүние қажет. Егер қош көрсең, бүгіннен бастап әдеби шығарма жазбауға уәделесейік» деді. Содан араға жыл жарым уақыт салып, ол «Күмбір-күмбір күмбездерді» жазды, мен «Алтын тамырды» шығардым. Содан бастап күні бүгінге дейін екеуміз де әдеби дүние жазған емеспіз. Асыл досымның бағыттауымен тарихшы атандым» дегені бар еді. Иә, әдебиетті бойласа, көркем туындының түбін түсіре жазар еді екі дос. Бірақ олардың халықтың тарихына терең бойлағандары маңыздырақ болғаны анық.
Сәкентану ілімі «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» атты жаңа еңбекпен толыққанда, бұл еңбектің де арғы жағынан Ақселеу ағаны көрдік. «Ұлтымызда «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген сөз бар. Сол ұлтымыздың жоғалып бара жатқан талай ән-күйін қараңғы қапастан жарық күнге алып шыққан, әдебиет, өнер туралы сөз сөйлесе төгілте жөнелетін қара сөздің жорғасы, марқұм Ақселеу Сейдімбек ағам мені осы Сәкеннің музыкалық мұрасын зерттеуге баулыды. Ақселеу ағамның аманатын орындап, жұмысты соңына дейін жеткізуге асықтым» дейді белгілі өнертанушы Серік Оспановтың өзі бұл жөнінде.
Елбасымыз Нұрсұлтан
Назарбаевтың бастамасымен ұлы көштің басындағылар ұлы мұраттың ұпайын түгендей бастаған тұста «Тұяқ шешен» деп аталатын жаңа туынды жарық көрді. Бұл да сол Ақселеу ағаның аманаты болатын. Тарихтағы талай ұлы есімді ұлт ұландарына танытып үлгергенімен, өзінің шешен бабасы жайында толымды дүние жазуға мұршасы жетпеген Ақселеу ағаның бұл аманатын бауырлары Алмасбек Әбсадық пен Асылхан Сейдімбек орындады.
Бүкіл өмірі, бүкіл жан дүниесі, арман-мүддесі ұлтқа қызмет етумен өткен ағамыз тағы бірде белгілі шебер Сәкен Болысовпен кездесіп қалады. «2003 жылы ЦУМ сауда үйінің ұлттық бұйымдар сататын дүңгіршегінде Ақселеу ағамызды немересімен бірге жүргенін көріп қалдым. Жанына барып, өзімнің танысқым келетін ниетімді білдіріп едім, бірден емен-жарқын сөйлесіп кетті. Сол азғантай әңгіменің өзінен мен өзіме керек дүниені алдым. Ол сол жолы әншілік, күйшілік дәстүрлерінің тарихынан біраз сыр шертіп, өзінің қайдан келіп, қайда бара жатқанын зерделеуші ретінде менің есімде ерекше қалды. «Шебер болсаң, ұлттық болмысқа, имандылық әрекетке негізделген қазақтың төл ойыншықтарын жасасаңшы» деді аға. Енді менің бүгінгідей «Жеті ойыншық» жобасын құрастырып, төл ойыншықтарымызды заманауи үлгіде жаңғыртып жүруіме ағаның бір ауыз сөзі аманаттай әсер етті десем де болады» дейді бүгінде «Жеті ойыншық» жобасының авторы атанған Сәкен Болысов.
«Көзі тірісінде Ақ­селеу Сейдім­бек маған: «Өз фамилияңды құрметте. Жур­налис­тиканың ұсақ шаруасына шырмалып қалмай, үлкен дүние жаз. Мысалы, қазақтың белгілі қыздары туралы жазсаңшы» деп ойын айтқан болатын. Кейін Ақселеу ағам айтқан бір ауыз сөз менің шығармашылығымның өзегіне айналып кетті. Ақселеу ағам өмір бойы қазақ болып қалу үшін күресіп өту үшін туған адам сияқты. Ал кейінгі толқын – бізге, бүгінгі қолына қалам ұстаған журналистерге оның айтқан әрбір сөзі – үлкен аманат. Ақселеу аманаты» дейді опера әншісі Нұржамал Үсенбаева, ақын Күләш Ахметова, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы туралы өмірбаяндық кітап жазған белгілі журналист Нәзира Байырбек.
* * *
«Біз орыс тілінде берілетін сан-сала ақпараттың соңына ілесіп, орыс рухының көшірмесіне айналып барамыз. Біздің халық өз бетімен әлемдік ақпаратты, әлемдік ғылыми жаңалықты қорыту қабілетінен айырылып барады. Орыс тіліндегі ғылыми жаңалықты көшіріп аламыз. Орыс тіліндегі әлемдік ақпаратты, руханиятты көшіріп аламыз. Былайша айтқанда, біз рухани жатып ішер ел болып барамыз» дейтін оның, тек сол жаңалықты өзіміздің ашуымызға, руханиятты өзіміз жасауға ұмтылғаны әмбеге аян еді. Ілкіден қазақтың іргелі ел, жоралы жұрт болғанын дәлелдеп, қазыналы тарихты қалыңдатқан жанның маңында ізгілікке құштар адамдар жүретін. Сондықтан да оның жанынан өзі сынды еркіндікті ерекше сүйетін жандар табылатын.
Өмірге сергек қарап, «Даланың ауызша тарихын» зерделеп, қазақ шежіресін ерекше құнттаған ол өзгелерден де осыны талап етіп кетті. Қалай болған күнде де өміріміздің басты өнегесіне айналған ағайымыздың рухани қамқорлығы бүкіл қазақтың ғұмырына бағытталған бағдаршам сияқты.
Тарих пен этнографияға, өнертануға өлшеусіз үлес қосып кеткен абыз да аңыз ағамызды сөз киесін көңіліне қондырған қаламгер, көкірегіне күмбірлеген күйді құйдыр­ған өнерпаз деп таныдық. Қазақтың салқар даласының биіктеріндей ешқашан да аласармайтын тұлғаға айналды.

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button