Құқық

Полиция жұмысы қарбалас

Кеше Астана қаласының Жергілікті полиция қызметі басшылығы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес халықпен есеп беру кездесуін өткізді.

Алқалы жиынды Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов ашып, жүргізіп отырды.
Қала тұрғындарымен есеп беру кездесуде Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев «Жергілікті полиция қызметінің 2017 жылы атқарған жұмыстары туралы» есеп берді.

Күні-түні тынбайды
Бүгінгі таңда қаланың Жергілікті полициясы қызметінде бір мың бес жүз адам жұмыс істейді. Тұрғындар санының жылдан-жылға өсе түсуіне байланысты қызметкерлердің жетіспеушілігі айқын аңғарылып отыр. Бір учаскелік инспектор талап бойынша 250-300 адамға қызмет көрсетуі керек болса, елордада әр учаскелік инспекторға 600-700 адамнан келеді екен.
2017 жылдың өткен он бір айында Жергілікті полиция қыз­меті көшелер мен халық көп жүретін қоғамдық орындарда, саяжай алқаптарында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 250-ден аса рейд өткізді. Әсіресе, жекелеген адамдармен түсінік, үгіт-насихат жұмыстары дендеп жүргізіледі. Соның нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс – 12,2 пайызға, көшелерде кез келген жерге темекінің тұқылын тастау, шемішке шағу, сыра ішу сияқты ұсақ құқық бұзушылық – 22,7 пайызға, жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылық – 36,3 пайызға, бұрын сотталғандар тарапынан жасалатын қылмыс 22,8 пайызға азайып отыр.
Есепті кезеңде елорда көшелерінде 183 мың жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, 1900 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапқа тартылған.
«Сергек» бейнекамера жүйесі жұмыс істегелі елорда көшелерінде жол ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғалары біршама азайған. Мәселен, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу өткен жылдың осы кезеңінде 1380 болса, биыл ол 872-ге дейін кеміп отыр.
Бүгінге дейін қоғамдық көліктерге арналған арнаулы жолақтармен жүрген 11000-нан аса жол ережесін бұзушылық тіркеліп, осыған орай, 63 миллион теңгеден аса айыппұл салынған.

Жалға пәтер беруші – жеке кәсіпкер
Қала аумағында екі кезеңде «Учаске» шұғыл алдын алу іс-шаралары жүргізілді. Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, алғашқы 15 наурыздан 1 маусымға дейінгі жұмыстар жергілікті полиция қыз­метінің өз бастамасымен қолға алынып, жан-жақты ұйымдастырылса, екінші кезеңдегі жұмыстарды жүргізуге Ішкі істер министрлігі ықпал еткен көрінеді. Міне, осы «Учаске» іс-шарасы кезінде учаскелік инспекторлар 260 мың пәтер мен 27800 жекеменшік үйлерді аралап, үй иелерімен, пәтер жалдаушылармен кездесулер өткізген. Көші-қон тәртібін бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көптеген адамдардың тұрғылықты жерлеріне есепке тұруына мүмкіндіктер жасалған.
Мәселен, осы іс-шара кезінде 10 мыңға тарта жалға берілген пәтер анықталып, 2516 заңды тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, 1220 адам декларация түрінде кірісін көрсеткен. Одан мемлекетке 90 млн 105 мың теңге қаржы түсіп отыр.

Ұрлық жасағандар ұсталды
Бүгінгі таңда елордада пәтер иелері кооперативтері штатында 182 консьерж бен қоғамдық көмекші жұмыс істейді екен. 850-ден аса адам полицияға қолғабыс беріп, белсенділік танытуда. Солардың көмегімен жыл басынан бері 1129 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 218 адам ішкі істер басқармаларына жеткізілген. Міне, осындай қылмыс пен ұсақ құқық бұзушылықтың алдын алуға жәрдемін тигізгендерге қала әкімдігі де қолдау білдіріп, олардың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудағы еңбектерін бағалап, көтермелеу үшін 13 миллион теңге қаржы бөліп келді.

Вокзал маңы – бақылауда
Сондай-ақ, темір жол вокзалы маңындағы көшелерде, Ш.Айманов, 16, Дүкенұлы, 38, Бөгенбай батыр, 59, Сарыарқа даңғылы, 43 үйдің аулалары айрықша бақылауға алынған. Әрі осы жерде орнатылған бейнекамералар қала әкімдігінің жағдайды бақылау орталығымен тікелей қосылғандықтан, дабыл қағылған кезде шұғыл әрекет ету тобы бірден көмекке келетін болады.
Бұл, әсіресе, жекенің мүлкін ұрлауға байланысты жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін жасалатын маңызды қадамдар. Қоғамдық орындарда ішімдік ішіп алып, тәртіп бұзуға байланысты үстіміздегі жылы 18 мыңнан аса әкімшілік хаттамасы толтырылған. Осы бағытта кешкі 21.00 сағаттан кейін, таңертең сағат 11.00-ге дейін жасы 21-ге толмаған жас адамдарға алкоголь ішімдіктерін сатуға тыйым салу талаптарын орындамайтын сатушыларға қатысты қатаң шара қолдану керектігі, сөз жоқ, қолдарлық ұсыныс.

Учаскелік инспекторларда дамыл жоқ
Ағымдағы жылы отбасында болатын зорлық пен зомбылықтың алдын алу үшін де бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Ащы суға тойып алып, отбасының мазасын алатындар, қала берді, әйеліне, бала-шағасына қол көтеретіндер саны қалада азаймай келеді. Олармен жұмыс жүргізуде учаскелік инспекторлардың жұмысы бұрынғы қай кезден де жандана түскен. Осындай 18 қылмыстың 11-і мас күйінде жасалатыны анықталып отыр.
Бұл бағытта бүгінгі күні 4000-ға тарта қылмыс тіркеліп, олардың барлығы да учаскелік полицияның бақылауына алынған. Жыл басынан бері ішімдікке салынып, отбасы мен көрші-көлемнің берекетін алған 800-ден аса адаммен түсінік бағытында жұмыстар жүргізілген. 1370 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қала тұрғындарымен есеп беру кездесуі соңында Бақытжан Малыбаев Жергілікті полиция қызметінің жұмысына белсене араласып, азаматтық ұстаным танытқан бірнеше адамға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button