Басты ақпарат

Алдағы қадамдарын айқындады

Апта басында Ақордада өткен баспасөз мәслихатында жаңадан сайланған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың нәтижелері, әлеуметтік желілерді бұғаттау, мұрагерлікті қабылдауға қатысты ой-пікірімен бөлісіп, елімізде алдағы уақытта болатын өзгерістер жөнінде айтып берді. Ең бастысы, отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің алуан түрлі сауалдарына қысқа-нұсқа, тұшымды жауап берді. Сұрақ-жауап форматындағы кездесудегі ең түйткілді, өзекті мәселелерге қатысты жауаптарды газетімізге ықшамдап жариялағанды жөн көрдім.

Журналистердің мәртебесі, сөз бостандығы және әлеуметтік желілер туралы Біздің газет тілшісінің: «Қазақстанда құқығы жиі бұзылатын, тиісті деңгейде заңмен қорғалмаған мамандық иелерінің бірі – журналистер. Олар ешбір әлеуметтік топтарға жатпайды. Бізде журналистердің мәртебесі туралы заң жоқ. Өзіңіз де журналистикаға етене жақын адамсыз. Ендеше, осындай жаңа заң қабылдауға көзқарасыңыз қалай? Осы іске бастамашы боласыз ба?» деген сауалына Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер қажет болса, Үкіметке тиісті тапсырмалар беремін. Алдағы уақытта Қазақстанда журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдаймыз. Я болмаса, мен өзім Президент ретінде Жарлығымды шығарамын» деп жауап берді.
Әріптестеріміздің бірі Қазақстан сөз бостандығы бойынша әлемдік рейтингте төмен тұрғанын, бұл жөнінде Президенттің не ойлайтынын сұрады. «Әрине ойланамыз. Сөз бостандығын нығайту үшін жұмыс істейміз» деп қысқа жауап қайырды. Ол өзінің баспасөзге әрқашан ашық екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік желілердің бұғатталуы сияқты мәселенің анық-қанығына жетіп, оны жою үшін құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар берілетінін мәлімдеді. «Твиттерде парақшамның барын жақсы білесіздер. Оны өзім жүргіземін. Меніңше, әлеуметтік желілер қылмыстық мақсатта пайдаланылмауы керек. Әсіресе, адамдарды бір-бірімен қақтығысуға үгіттемеуі керек. Ғаламтор – әмбебап жүйе» деген ойын айтты.
Сайлауға бойкот жариялау, exit poll-дан кейінгі көңіл күй және ЕҚЫҰ-ның баяндамасы туралы
Мен мүлдем қарсы шығу дегенді қаламаймын! Қай сала болсын! Сайлауға қарсы шығамын дегендердің ойлағаны болмады. Өйткені халықтың дауыс беруге келуі өте жоғары деңгейде өтті. Ешкімді мәжбүрлеген жоқ. Сол себептен сайлаудың қорытындыларын оң бағалаймын.
Сайлаудың алғашқы нәтижелері жарияланғанда асқан сабыр­лылық таныттым. Неге екенін өзім де білмеймін! Одан әрі немен айналысатынымды жоспарладым. Себебі Еуразия туралы Бжезинский айтқандай, үлкен шахмат тақтасындағы маңызды елдің бірінші басшысы ретінде өзіме жүктелетін зор жауапкершілікті ойладым.
ЕҚЫҰ-ның сайлауға қатысты баян­дамасына келсек, біз бір ғана ЕҚЫҰ-ның бағалауымен шектелмеуіміз керек. Ол – бір ғана халықаралық ұйым. Сайлауды бақылауға басқа да халықаралық ұйымдар қатысты. Неге олардың берген бағасын жоққа шығаруға тиіспіз? Мен кезінде ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болдым. Бұл ұйым­ның сайлауға қатысты баян­даманы, саяси болжамды қалай жасайтынын білемін. Біз алдағы уақытта ЕҚЫҰ-мен ынтымақтас­тық іс-әрекетімізді жалғастырамыз.

Мұрагерлікті қабылдау, билік транзиті және жемқорлықпен күрес туралы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мені өзінің мұрагері етіп таңдайтынын айтқанда ерекше бір бақыт сезіміне бөленген жоқпын. Өйткені бұл мәселе елімізде соңғы үш жылдың ішінде жиі-жиі талқыланды. Бәлкім, өне бойымды бір жеңілдік сезімі билеген шығар.
Өз басым транзит деген сөзге қарсымын. Ресейлік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатымда «қазақша транзит» деп дабырайтып жіберіпті. Транзит деген не? Яғни мен транзиттік жолаушымын деген сөз бе? Жоқ! Мен өзімді толыққанды Қазақстан Республикасының Президентімін деп есептеймін! Мен жолаушы емеспін. Демек, пойызда да, ұшақты да ауыстырмаймын, ешқандай көлікке де мінбеймін. Сондықтан транзит деген сөзді қолдануды осымен доғарайықшы. Сайлау өтті, Президент сайланды.
Жемқорлық – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын нағыз жегіқұрт. Онымен бәріміз бірге күресуіміз керек. Әйтпесе, ертеңгі күні кеш қалуымыз мүмкін. Тарихта жемқорлықтың алып империялардың өзін құлатқаны сайрап жатыр. Ең дамыған елдердің өзінде де жемқорлық бар. Бізде де бұл – өте үлкен, күрделі мәселе. Қауіпсіздігімізге төнген қатер. Онымен аяусыз күресеміз. Халықтың алдында есеп береміз.

АЭС салу, Үкіметті жаңарту және жұмыстағы ұстаным туралы
Шығыс Қазақстан облысына барған сапарымда Қазақстанда атом электр стансасы салынбайды деп айттым. Халықтың алдында берген уәдемде тұрамын. Егер салатын болсақ, міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Дәл қазір ондай жоспарымыз да, АЭС салу мәселесі де күн тәртібінде жоқ. Егер қажет деп тапсақ, референдум өткіземіз. Себебі бұл – өте өзекті, жауапты мәселе.
Үкіметтің құрамына жаңа мамандарды, соның ішінде жастар өкілдерін тартамыз. Мен барлық өңірлерден 300 адам кіретін Президенттің кадрлық тізімін жасау­ға уәде еттім. Бұл тізімді сөзсіз жаңартамыз. Ең бастысы, мемлекетті басқаруға жастарды тарту жай насихат емес, ол – өмірдің заңы.
Мен конструктивті диалогқа әрқашан дайынмын. Жұмыста кері тартатындарға өте қатаң қараймын.
Сыртқы саясат, әлемдік интеграция туралы
Сыртқы саясаттағы ең бас­ты қажет нәрсе – сабақтастық. Өйткені ішкі саясатпен салыс­тырғанда ­сыртқы саясаттың өлшемі, бағасы бөлек. Мысалы, бір құжаттағы кеткен қателікті ішкі саясатта түзетуге болады, сыртқы саясатта олай емес. Мен біздің көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен татулық және ынтымақтас­тық қарым-қатынасымызды одан әрі жалғастыруға күш саламын. Мәскеуге барған сапарымда Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарындағы барлық мәселелерді шешуге мәмілелестік. Үкіметке тиісті тапсырма беріп, оның орындалуын қадағалаймыз. Елдер арасындағы ынтымақтас­тықты дамыту – еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Қытай – Қазақстанның аса маңызды, беделді әріптесінің бірі. «Жібек жолы» тұжырымдамасы елордада жарияланды. Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасы Қазақстанның көмегінсіз іске асырылмайды. Сондықтан ұлы көршімізбен тығыз ынтымақтастыққа мүдделіміз. Бізге де бұл жобаға қатысу өте маңызды. Қазір әлемде электр қуаты көздеріне деген сұраныс арта түсуде. Алайда көлік хабын құру одан да маңыздырақ. 2020 жылы Қазақстан «Ұлы Жібек жолы» жобасына қатысудан 5 млрд табыс табуды жоспарлап отыр. Интеграция – күрделі құбылыс. Мәмілеге қол жеткізу үшін, оған жан-жақты дайындықпен бару керек.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button