ӘЛЕУМЕТТІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ
Астана қаласы мәслихатының депутаты, құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, «Алкон+» фирмасының директоры Аман Аюповке қойған алғашқы сұрағымыз қоғамдық қызметімен байланысты болды.
«Үстіміздегі жылдың наурыз айынан басталған қоғамдық жұмыс жеке тұрғындардың өтініш-қалауларын тыңдап, нақты мәселелерді шешуге арнадым» деді Аман Аюпов.
Мәслихат депутаты алғашқы кезеңде тұрғындармен сайлау алды кездесулерде айтылған өтініштерді, жекелеген азаматтардың мұқтаждарын ескерген. Соның бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтың өтініші бойынша жасалған тұрғын үй дәлізіндегі құрамалы-автоматты пандус екен. Ескі жобамен салынған үйдің дәлізінің тарлығына байланысты қоларбаны автоматты түрде көтеретін пандусты ойлап тапқан фирманың өнертапқыштарына Қ.Рысқұлбеков көшесінің тұрғыны Антонина Бескоровайнаяның алғысы шексіз. Одан басқа, қарттарға арнап Абылайхан 29/2 ауласында күн мен желден қалқа болатын отырғыш жасалынған. «Алтай» ПИК кіреберістің терезелерін әйнекпен қаптауға көмек берді. Қазіргі кезде зейнеткерлер мен балаларға арналған аула клубтары үшін орын іздестіріліп жатыр. Қарттар күні қарсаңында жалғызілікті жүзден астам қарияға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Округке қарасты үйлердің кіреберістеріне құттықтау плакаттары ілініп, лайықты көңіл бөлінді.
«Осыған дейінгі жылдары да фирмада жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын шешумен қатар, өзге де қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеміз» дейді «Алкон+» басшысы. Ол мұндай шаралардың өзінің ізгі ниетінен туындайтынын, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде де жауапкершілікті түсінетінін білдірді. Халық мүддесіне арналған жұмыстың басында жүріп, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға қол ұшын беруден айналып өтпейтінін айтты. Оның сайлау округінде №32, №37 мектептер орналасқан. Осы күзде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларындағы 20 балаға мектеп киімін алып берсе, 15 оқушы сабаққа керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің жайы да депутат назарынан тыс қалмаған. Жақын күнде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 ізгілікті іс» акциясы іске қосылады.
Депутат Аман Аюпов соңғы кездері бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыспен салынып жатқан кейбір тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтып, дабыл қағып жүр.
«Пайдалануға берілген жаңа үйлердің сапасына бақылау жұмысы көңіл көншітпейді. Тұрғын үй тапшылығы, оның кезегінде тұрғандардың қажеттілігін де ескереміз. Алайда бұл жүйені өзгертпесек, жылдар өте келе бұл үйлерді пайдалану қымбатқа түсіп, қала бюджетіне салмақ болатыны анық. Бұл – әріден ойлағандағы мәселелер. Сөзімнің дәлелі ретінде айтайын, қазіргі күнде баспаналы болғандар бір қыстап шыққаннан кейін, қуаныштары басылып, фирмаға жаңадан сапалы терезе салуға тапсырыс беріп жатады. Демек, үй тұрғызуға бөлінген мемлекет қаражаты алғашқы суыққа шыдамайтын, сапасыз құрылыс материалдарын қолдану арқылы қыруар қаражатты желге шашты деген сөз. Егер бұл жүйеге өзгеріс енгізбесек, бөлінген қаржының берекесі болмауы әбден мүмкін» дейді депутат.
1998 жылы іргетасы қаланған «Алкон+» фирмасы – елорданың құрдасы. Бүгінде «Алконның» әсем әйнектерімен жарқыраған ғимараттар қаланың символына айналып үлгерді. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып қасбетті шынылаудың панельдік жүйесін өндіру және құрастырудың инновациялық технологиясын меңгерді. Осы технология бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының әкімшілік ғимараты және «Marriott» қонақ үйі үшін жұмыстар орындалды. Компанияның шыны пакеттері Астанадағы Ұлттық музыка академиясының, «Қазақстан» спорт сарайының ғимараттарында, Сенат ғимаратында, «Көрме» залының, көптеген сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендерінің ғимараттарында орнатылған. «Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы жетістіктер үшін» конкурсында «Өндіріс саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы бойынша 1-орынға ие болуы (2014 ж.) және «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуы (2014 ж.) компанияның жетістіктерін мойындаудың белгісі болды.
«Астана қаласындағы бизнестің ерекшелігі туралы айтсақ, кәсіпкерге жеке ісін бастап, оны дамытуға барлық есік ашылған. Бизнестің әртүрлі бағытында іскер азаматтар үшін қомақты үлес алатын орын бар. Астана өркендеген сайын қала құрылысы мен басқа да қажеттіліктерін өтейтін бизнестің сан алуан саласының қатар дамуы – елорда бизнесінің басты ерекшелігі. Өз фирмаммен байланыстырсам, елордадағы маңызды, нысаналы құрылыс алаңдарының қатысып, бизнесті тиімді жүргізуге ешқандай кедергі болған жоқ. Мұндайда тек таңдаулылар қатысып, үлесті солар алады деген ұғым болмауы керек. Бізде өзгелердей тең құқықпен тендерге қатысып келеміз. Ұсынатын қызметтің сапасы артқан сайын алатын үлесіміз де артып келеді. Біздің бір артықшылығымыз – елорда бизнесінде 18 жылдық тәжірибеміз. Осыған байланысты техникалық базамыз бен қажетті адам ресурсы да бар. Осы жылдары тек сапалы өнім шығарып, мінсіз қызмет көрсету арқылы жақсы атымызды жасап алдық. Мемлекет тарапынан да көмек болып жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын өз зауытымызды өз күшімізбен бастадық. Алайда девальвация әсер етіп, құрылыстың тоқтап қалу қаупі болған еді. Сол себепті «Даму» қорына қолдау көрсетуін өтініп, төмен пайызбен несие алып, зауыттың құрылысын аяқтап, қажетті құрал-жабдықтарды алып, іске қостық. Қосымша жұмыс орындары ашылып, біздің бизнеске серпін берді» дейді мәслихат депутаты, кәсіпкер Аман Аюпов.
Айгүл УАЙСОВА