SportБасты ақпарат

АЛҒА, «Астана»!

Қазақ спортында тағы бір тарихи жетістікке қол жетті! Бұл жолы футболда бағымыз жанды. «Астана» командасы Еуропа лигасының топтық турнирінен іріктеліп, көктемгі плей-офф ойындарына жолдама алды. Осы жеңіске орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдады. «Сіздердің табыстарыңыз команданың ойынын зор қызығушылықпен әрі үмітпен бақылап жүрген миллиондаған қазақстандықтарға қуаныш сыйлады. Сіздердің жетістіктеріңіз Қазақстанда футболды және спорт саласын одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елордамыз Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы бұл жеңістің ерекше символдық мәні бар» делінген Президент құттықтауында.

«Астана» соңғы ойынды Прагада өткізді. Жергілікті «Славия» командасымен сынға түсті. Чехтарға плей-оффқа өту үшін тең нәтиже де жеткілікті еді. Ал біздің «Астана» үшін тек жеңіс қажет болатын.
Осындай өте маңызды ойында Станимир Стойлов командасы нағыз жеңіске деген жігер танытты. Ойынның 38-ші минутында алаң иелері ойын тәртібін бұзды. Патрик Твумаси айып добын орындады. Қарсыластар қақпасының алаңына әуелеп жеткен ала допты астаналық қорғаушы Аничич әдемі қабылдап, теңбіл торға тулатып түсірді. Осы есеп ойын соңына дейін өзгермей қалды. Осылайша «Астана» жеңіске жетіп, Қазақстан футболының деңгейін биік дәрежеге көтерді.
«Астана» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарсыласы 11 желтоқсан күні тартылатын жеребеден кейін белгілі болады.
Енді біз «Астана Арена» стадионында «Милан», «Арсенал», «Наполи», «Зенит»… секілді командалардың бірін көріп қалуымыз мүмкін…

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button