Басты ақпарат

Алтай КӨЛГІНОВ: Қазіргі жағдай ерекше тәртіпті талап етеді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов астаналықтарды коронавирустың таралуына байланысты жағдайды ушықтыр­мас үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды. Бұл жайында Elorda Aqparat медиахолдингі мен «Астана» телеарнасының ELORDA LIVE бірлескен жобасы эфирінде айтылды.

– Осы аптада елордада карантиндік шаралар күшейтілді. Мұның себебі неде?
– Жедел штаб эпидемиология­лық жағдайды күнделікті бақылай отырып мониторинг жасайды. Басқа елдердегі жағдайды да бақылап отырамыз. Барлық жерде аурудың көбеюіне байланысты карантиндік шаралар қатаңдатылуда. ПТР сынамалары елордада күн сайын өткізіледі, олардың санын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көбейттік. Мысалы, кешегі жағдай бойынша 5000-ға жуық тест жүргізіп, 16 науқас анықталды, ал негізінде мұның алдында 1-5 науқас тіркелген болатын. Карантиндік шараларды күшейдудегі мақсат – тұрақты жағдайды сақтау. Бұл, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы үшін жасалады. Жаздағы жағдайды еске алайықшы: жедел жәрдем күніне коронавирус бойынша 500 қоңырау қабылдады, 16 аурухана толып тұрды, ал бұл – 4000 орын бос емес деген сөз. Бүгінде 76 орын бос емес. Егер біз жағдайға салғырт қарасақ, бұрынғы жағдайға қайта оралуымыз мүмкін.
– Тұрғындарды қала қайтадан жабық бола ма деген сұрақ мазалайды.
– Біз ауру таралу қаупі жоғары болған кезде қаланы жаптық. Барлығы сіздерге және маған байланысты. Егер біз қаланың жабылғанын қаламасақ, онда бәріміз талапқа бағынып, арақашықтықты сақтап және қоғамдық орындарда, әсіресе жабық жерлерде маска киюіміз керек. Саналы қатынас қажет. Егер инфекция көбейсе, шектеулер күшейеді. Ерекше тәртіпке негізделген жаңа жағдайда өмір сүруді үйренуіміз керек. Біз жүйелі түрде рейдтер жүргізген кезде тәртіп бұзушылықтарды көреміз. Адамдар өздеріне және жақындарына қауіп төндіреді.
– Еліміздің бас қаласы ықтимал індетке қалай дайындалып жатыр?
– Біз тиісті нәтиже шығардық деп ойлаймын. Жаздағы толқыннан кейін біздің дәрігерлер тәжірибе жинақтады. Олар эпидемияның барлық ауыртпалығын бастан өткерді. Қазіргі кезде елордадағы 7000 аурухана төсегі науқастарды орналастыруға дайын. Қосымша өкпе желдеткіштер (ИВЛ) алдық, саны 480-нен асады, қосымша компьютерлік томографтар, 7 жаңа цифрлы рентген аппараттары және оттегі концентраторлары сатып алынды. Біз фармацевтикалық компаниялардың дистрибьюторларымен тығыз жұмыс істейміз, коронавируспен күресте қажетті дәрі-дәрмектер сатып алуға айналым қаражатына 1 миллиард 600 миллион теңге бөлдік. Ramada Plaza қонақ үйі базасындағы жұқпалы аурулар ауруханасына арнайы аурухана кереуеттері сатып алынды. Сондай-ақ 300-ге жуық колледж түлегі, 200-ден астам университет түлегі жұмысқа қабылданды. Олардың біздің клиникаларда жұмыс істей жүріп оқуына жағдай жасап, резидентураға 500 миллион грант бөлдік.
– Бұрын енгізілген карантиндік шаралар өзінің тиімділігін көрсетті ме?
– Әрине, көрсетті. Карантиндік шаралар, ең алдымен, адамдардың топтасып жиналуын және бір-біріне қауіп төндіруін шектейді, бақыланбайтын қозғалыс ағымын шектейді, мұны үлкен қалаларда жасау өте қиын. Біз жабық жайларда адамдардың көп жиналуын шектедік. Осының арқасында жағдай тұрақталды. Ауруға шалдыққандар оның қаншалықты қиын екенін біледі және бұл қателіктерді қайталаудың қажеті жоқ.
Бизнес те осындай шектеулердің қиындықтарын бастан кешірді. Бізге қайтадан бәрін қатаң шектеуге, жолды бөгеуге оралу керек пе? Барлығы өзімізге байланысты. Иә, карантин вирус­ты ауыздықтауға көмектесті. Осы уақытта дәрігерлер үлкен жүктемені бастан өткерді, 1300 дәрігер коронавируспен ауырды. Мемлекет қазір олардың жұмысы үшін өтемақы төлейді, өйткені олар өздерінің, жақындарының өмірін қатерге тігеді.
Полиция да ауыртпалықты сезінді, ТЖМ қызметкерлері қоғамдық орындарды дезинфекциялауға қатысты. Бұл – өте үлкен шығын. Менің ойымша, мұны қайталаудың қажеті жоқ.
– Жақында вирусты басқа елдерден тасымалдаған жағдайлар болды. Шетелден жолаушылар келгенде әуежайдағы бақылау қалай жүзеге асырылады?
– Жағдай тұрақталған кезде рейстер біртіндеп бұрынғыша жолаушы тасымалына шықты. Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша халықаралық рейстерде коронавирусқа ПТР анализі жоқ барлық жолаушылар ауруханаға жатқызылды. Егер тестілеу теріс нәтиже берсе, оларға үйге баруға рұқсат етіледі. 1300 жолаушы Рамада Плазадағы ауруханада тексеруден өтті. Біз екі оң жағдайды анықтадық. Олар – дәрігерлердің бақылауында. Қазақстанға ПТР тестісіз келген шетелдіктерге келетін болсақ, олар өз Отанына қайтарылды.
– Коронавируспен бұдан бұрын ауырған адамдар басқаларға қауіп төндіріп, негізгі санитарлық нормаларды сақтау­ды қойды деп ойламайсыз ба?
– Қауіп-қатер индексінің халықаралық деңгейдегі шолуы тексерілді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан соңғы орындарда тұр. Бұл дегеніміз, біз көрген қиындықты ұмытып кетеміз. COVID-19-дан аман қалғандар антиденелері бар және өздерін қауіпсіз деп санайды. Жақында Нидерландыда бір әйел қайтадан коронавируспен ауырып қайтыс болды. Екінші рет қайталап ауыру одан да ауыр болды. Вирус жаңадан пайда болғандықтан, бұл туралы бәрі білмейді дейді мамандар.
– Тұмау мен ЖРВИ маусымы жақындады. Тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
– Қазір тұмауға қарсы вакцинация аяқталды. Қыс суық, сондықтан мұқият болу керек және санитарлық талаптарды сақтауға тиіспіз. Мұны бәрі біледі, бірақ кейде елемейді. Ешқандай немқұрайлылық болмауы керек. Бұрынғы қателіктерді қайтала­мауымыз керек.
– Төтенше жағдай кезінде елордалықтардың көбі үйлерінде болды, осы кезде қалада көрнекі орындар, спорт алаңдары пайда болды, бұл карантин кезінде қалай көмектесті?
– Біз кері байланысты үнемі қадағалап отырамыз, тұрғындармен кездесеміз, қоғамдық орындарға сұраныс өте көп. Карантин кезеңінде адамдар абаттандырылған, көгалдандырылған аулада, балалар мен спорт алаңдарында таза ауамен тыныстағысы келеді. Әсіресе, жаттығу залдары жабық кезде мұндай қоғамдық орындар үлкен сұранысқа ие. Карантин кезінде көлік аз болды, біз әсіресе орталықтан алыс орналасқан аудандар мен жеке секторларда жолдарды жаппай жөндедік.
Бизнес қиындықтарды бастан кешірген кезде мемлекет Президенттің шешімімен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қаражат бөлді. Дәл осы бағдарлама бойынша аулалар абаттандырылды, балабақшалар, мектептер, емханалар, жолдар жөнделді, енді біз көптеген басқа жобаларды жүзеге асырамыз. 15 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жұмыстардың барлығына біздің кәсіпкерлер қатысты. Қолжетімді баспанаға қосымша қаражат бөлінді. Яғни, тұтастай алғанда, бұл – дағдарысқа қарсы, өндірушілер өз өнімдерін сата алатындай етіп, бизнес тұралап қалмауы үшін мемлекет қабылдаған шаралар.
Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігімен айналысамыз. Мен облыс әкімдеріне және ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне алғыс айтқым келеді. Олар өнімдерді нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатты, демалыс күндері біз барлық базарларда азық-түлік тауарларының арзандағанын көрдік. Аймақтар өз жұмыстарын аяқтады, бірақ ауа райы мүмкіндік беретінін және қала тұрғындары арасында жәрмеңкелер үлкен сұранысқа ие екенін ескере отырып, осы демалыс күндері біз тұрақтандыру қоры арқылы серіктес болатын Magnum сияқты сауда желілерінің қатысуымен өз өндірушілерімізбен жәрмеңкелерді жалғастырамыз.
– Қазір көптеген ата-аналарды оқу процесі алаңдатады. Сіз балаларды дәстүрлі білім беру форматына ауыстыруды жоспарлайсыз ба? Балалар мектепке қашан оралады?
– Біз мектептерді дәстүрлі форматқа көшіргіміз келеді, өйткені бұл білім сапасына тікелей қатысты. Онлайн сабақтар – бұл мәжбүрлі шара, мұғалім мен балалар арасындағы жанды қарым-қатынасты ештеңе алмас­тыра алмайды. Бірақ қазіргі жағдай ертең немесе арғы күні мектептерді ашамыз деп нақты айтуға мүмкіндік бермейді. Қазір бізде 40 мың бала оффлайнда, кезекші топтарда оқиды, ал 140 мыңнан астам мектеп оқушысы қашықтықта оқиды. Осы кезеңде 10 бала коронавирусқа оң нәтиже берді, оның екеуі кезекші топта болған, дереу топты карантинге жібердік, тесттер өткізіп, қалғандары қашықтан оқуда. Әлі балалар індетті білім беру мекемесінен тыс жерде жұқтырған. Яғни қауіп бар. Балалар мектептерге келеді, оларды тексереді, барлық мектеп осыған бейімделді: санитайзерлер, тепловизорлар бар, баланың жағдайы бақылауда, егер нашарлағаны байқалса, дәрігер шақырылады. Дәстүрлі оқыту форматына неғұрлым тезірек оралсақ, соғұрлым жақсы болады, біз бұған ұмтылуымыз керек.
– Сіздің ойыңызша, бизнес қазіргі жағдайда жұмыс істеуге үйренді ме?
– Олар үшін бұл оңай емес. Бұл – барлық елдердегі жағдай. Мемлекет айыппұлдар мен үстемелерге мораторий жариялау бойынша бұрын-соңды болмаған бірқатар шаралар қабылдағанын көрдіңіз. Банктер мемлекеттің ұсынысына бейтарап қалған жоқ. Әрине, қызмет көрсету саласына әлі де қиын. Кинотеатрлар әлі жабық. Тамақтану орындары бар көптеген сауда орталықтары да жұмыс істемейді. Бірақ бизнес бейімделуде: көптеген мейрамханалар тапсырыс жеткізуге көшті (бұл бұрын бұқаралық сипат алмаған тәсіл еді). Бизнес онлайн-сатылымға бейімделуде, біздің азаматтар бұған әбден үйреніп алған. Менің ойымша, бұл – өз ісіңді ашуға және оны кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер. Иә, бұл қиын уақыт, бірақ ол өтеді.
– Елордада жылу беру маусымы қалай жүріп жатыр?
– Күн салқындаған бойда бірден жылыту маусымын бастадық. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар, балабақшалар, ауруханалар мен мектептер қосылды. Жылыту маусымы әдеттегідей өтеді. Бірақ биылғы жыл біз үшін ерекше, өйткені біз газдандыруға көшеміз. Газдандыру үш кезеңнен тұрады. Біріншісі аяқталуға жақын. 100 мыңнан астам тұрғыны бар Көктал, Көктал-2, Агрогородокта блокішілік газ құбырларын тарту жұмыстары аяқталды. Теміржол, Промышленныйдағы жұмыстар 100 пайызға дерлік аяқталды. Негізгі жұмыс – біздің ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ді газға көшіру. Жақын уақытта біз ыстық су қазандықтарының бір бөлігін газға ауыстырамыз, бұл зиянды шығарындыларды азайтады. Құбырлар орнатылып қойған, газ жүйеде тұр. Оттықтар орнатылған. Тексеріп алып жүйені іске қосамыз. Бізде атмосфераның ластануының үш көзі бар – жылу электр станциялары, жеке сектор және көлік құралдары. Біздің мамандар «ҚазТрансГаз Аймақпен» бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Техникалық сипаттамаларын алып, пешін газ оттығына ауыстырған адамдар бар. Біз газ есептегіштерін тегін орнатамыз және тұрғындарға көмектесеміз. Газ – ыңғайлы және экологиялық таза. Комиссия тарифті бекітті. Бастапқыда текше метріне 69 теңге қарастырылды. Ірі шығындар қажет болды, қарызға алынған қаражат та бар. Бұл – Елбасының тарихи жобасы. Ол астананы газдандыруды, қаланың неғұрлым ыңғайлы және экологиялық таза болуын қалады. Үлкен қаражат магистральдық құбырларға жұмсалады. Банктерге қарызды қайтару қажет. Шығындар жабылуы керек. Комиссияның шешімімен біздің тұтынушыларға ауыр салмақ түспеуі үшін, қазір тариф текше метріне 45 теңге болып белгіленді. Бұл бұрынғыдан әлдеқайда арзан.
Газдың келуімен түтіннен айтарлықтай арыламыз. Газға толығымен көшкенде атмосфераға зиянды шығарындылардың 40 мың тоннаға азаятынын мамандар қазірдің өзінде есептеп шығарып отыр. Әзірге біз ЖЭО-ның қуатты қазандықтарын газға айналдырмаймыз, өйткені бұл экономикалық жағынан тиімді емес, тек ыстық су қазандықтарын ғана. Егер жеке секторды газға ауыстырсақ, ауа одан да таза болатыны сөзсіз.
Жыл сайын көлік саны артып келеді. 10 жыл бұрын ресми тіркелген 250 мың көлік болған. Биыл 350 мың көлік тіркелген. Транзиттік ағын соншама көп. Мұның бәрі қоршаған ортаға зиянды. Біз қандай шаралар қолданып жатырмыз? Біз жасыл экономикаға көшеміз. 100 электр автобус сатып алдық. Келесі жылдың басында тағы 100-і жеткізіледі. Біз біртіндеп экология­лық таза көлікке көшуіміз керек.
Біз «жасыл белдеу» туралы ұмытпауымыз керек. Қазір елорданың айналасында орманды алқап 100 гектарға жетті. Бұл қаланың демалатын өкпесі десек болады. Жыл сайын отырғызылған көшеттер санын көбейтеміз. Демалыс аймақтары көбірек болады. Талдыкөл мен Майбалық көлдері солардың біріне айналады. Біз саябақтар мен қоғамдық орындарды тұрғындардың жайлылығы үшін жасаймыз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button