Таным

АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН ОПЫҚ ЖЕР



Адамның рухани әлемі мен мәдени деңгейін сөз саптауынан танимыз. Бұл – біліммен келетін ақылдың жемісі. Ал аузынан шыққан сөздің парқына бойламауына қарап, атам қазақ «шіріген ауыздан іріген сөз шығады» деп түңілген. «Сөз өнері дертпен тең» десе, бүгінгі ұрпақ осы дертке шалдыққандай.

Олай дейтініміз, қазіргі күнде қолына таяқ ұс­таған да, қолына қалам ұстаған да «Фейсбукте» сөз таластыруға құмар. Небір «мықтылардың» жазбаларына қарап, қарнымыз ашады. Қалта телефондарындағы қазақ қаріптерінің жоқтығын сылтау етіп, «сақауша» жазу дәстүрге айналды. Ал жазбаларға «пікір» біл­діру көбіміздің сүйікті ермегімізге айналды. Бір посты оқып отырып, байыбына бармай, аяқ астынан ойымызға келген нәрсені жаза салудың жауапкершілігін ойлап жатқан ешкім жоқ. Осындай жаман әдет ішіміздегі «ұят-ау» дейтін сезімді байлап-матап тастап, құрдымға сүйрегендей.
Жөпелдемеде айтыла салған сөздің салмағын естен шығарамыз. Бірақ көбіміз оның түрін түс­теп, атын білмейтіндіктен ешкімнен қымсынбаймыз, сөз алдындағы жауапкершілікті сезінбейміз. Сөз қадірін білмейтіндердің жазбалары – осының дә­лелі.
Жалпы, парасатты адамның өзгеден айырмасы – ойға келсе де, тілінен шықпайтын, жазғысы келсе де, қолы бармайтынымен ерекшеленеді. Сөз қадірін біліп, қасие­тін түсінетіндер қызыл сөздің қызығын керек етпейді. Өкінішке қарай, олардың да қатары сиреп, бұл үрдіс жалпыға тән
болып барады…

Айгүл Уайсова




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button