Sport

ӘНУАР – ӘЛЕМ ЖҮЛДЕГЕРІ



Глазго

Шотландияның Глазго қаласында паралимпиадашылар арасында өткен әлем чемпионатында астаналық жүзуші Әнуар Ахметов қола жүлдегер атанды.

Жалпы, Ұлыбританияға аттанған жеті спортшымыздың екеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бір қола медальды астаналық Әнуар Ахметов жеңіп алса, екі қола медальға тараздық жүзуші Зүлфия Ғабидуллина қол жеткізді. Паралимпиада додасына кешірек араласа бастаған қазақстандықтар үшін әлем чемпионатынан үш бірдей қола медаль алу аз жетістік емес.
Астана әуежайында әлем чемпионатының жүлдегерін күтіп алушылар арасында біз де болдық. Әнуардың жүзі жарқын, өзі көңілді. Өткен жылғы Пара-Азия ойындарынан бір өзі Қазақстанға 5 алтын медаль тарту еткен, биылғы жылғы Оңтүстік Кореяда, Испанияда, Бразилияда болған халықаралық жарыстардың бәрінен алтын медальсыз келмеген Әнуардың кеудесіндегі осы жолғы қола медаль бізге алтындай жарқырап көрінеді. Өйткені, бұл әлем чемпионатының қола медалі ғой!
Бұл қола медальдың қазақ үшін қандай маңызы бар екенін Әнуарды қарсы алуға әуежайға арнайы барған «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» директоры Қыдырбек Рысбек: «Біле-білсек, Әнуардың бұл жеңісі – біздің ел үшін үлкен қуаныш. Паралимпиада тарихында Әлем чемпионатынан қола жүлде ұтқан қазақ ұланы бұған дейін болған жоқ. Әнуар – Әлем чемпионатының жүлдегері атанған тұңғыш қазақ! Бұл қуаныш баршаңызға ортақ. Құтты болсын!» деп анықтай түсіндіріп берді.
Сонымен, Паралимпиада тарихының бетіне тағы бір жаңа есім жазылды. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионатының жүлдегері Әнуар Ахметов! Біздің тілегіміз: «Әлі Паралимпиада ойындарының жүлдесіне іліккен қазақ ұланы жоқ. Бас қамшыны Әнуар!».

Төлеген ЖӘКІТАЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button