Жаңалықтар

АҚШ-ТЫҢ АУҒАНДАҒЫ ЖАҢА САЯСАТЫ ҚАНДАЙ?



АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп бұдан үш аптадан артық уақыт бұрын өзінің Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясын жариялады. Бірақ арада біршама күндер өтіп кеткеніне қарамастан, ауған жерімен тікелей шектесетіндіктен, мұнда өзгерген әрбір қадамның екпінін сезініп отыратын Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің басшылары әлі бұған қатысты ләм-мим деп пікір білдірген жоқ.

Ал АҚШ кейінгі 16 жылдың беделінде бұл аймақтағы ахуалды ретке келтіруде шешуші рөл атқарып келеді. Сарапшылардың айтуларынша, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының мұндай енжарлықтары Құрама Штаттар президентінің Ауғанстанға қатысты саясатын соңғы сәтте күрт өзгертіп жіберуіне бірден-бір себепші болған. Сөйтіп, мұның алдында бұл жерден әскерін түгел әкетпек болған Ақ үй әкімшілігі, керісінше, контингентті бұрынғыдан ұлғайтуға шешім қабылдап, өзінің одақтас елдерін де осылай жасауға шақырып үлгерген.

Трамптың осылайша күтпеген жерден өзгеріп кеткен жоспарына Кабул билігіне көрсетілетін көмектің көлемін көбейту, Ауғанстандағы соғысты жеңісті шегіне дейін жеткізу енгізілді. Бірақ соғыс елде демократия орнату үшін емес, терроршыларды толық жою мақсатында жүргізілмек. Осыған орай, АҚШ президенті Америка әскерилерінің ауған аумағында белгісіз мерзімге дейін қалдырылатынын, Вашингтонның бұдан былай мұнда қанша жауынгер бар екені жөнінде ешқандай дерек пен есеп бере қоймайтынын мәлімдеді.

Әңгіме әзірге, Америка БАҚ-тарында хабарлағандай, Ауғанстанға шамамен 4 мыңға жуық әскери қызметкер аттандыру жайында болып отыр. АҚШ Қарулы күштері штабтар бастықтары біріккен комитетінің басшысы Кеннет Маккензидің айтуынша, осы арқылы бұрынғы 11 мың солдаттың қатары 15 мыңға дейін артады. «Қазір әскердің алдына таза әскери міндет – осы кездегі ұрыс маусымы барысына ықпал жасау қойылады» деді АҚШ Қарулы күштері орталық ұйымының басшысы Джозеф Вотел осы орайда.

Сарапшылар, сонымен қатар, АҚШ-тың жаңа стратегиясының ауған жеріндегі көтерілісшіл топтарға қарсы ұрыс қимылдарына Америка офицерлерінің қарауындағы жеке әскери компанияларды көбірек тартуды қарастыратынын да жазып жатыр. Ал мұндағы шет елдер әскери контингенті АҚШ әскерилері мен олардың одақтастары жауынгерлері қатарынан айтарлықтай көп көрінеді.

Дональд Трамп мұнымен де тоқтаған жоқ, Үндістан басшылығын Ауғанстандағы жағдайды реттеуге белсене қатысуға шақырды. Мұның қабатында ауған көтерілісшілеріне жәрдем беріп отыр деп есептелінетін Пәкістанға қатаң ескерту жасады. Ол АҚШ-тан қаржылай және әскери көмек алып отырған Исламабадтың өз елін «берекесіздік, зорлық пен лаңкестік тыңшыларының мекені» етуіне бұдан былай төзе алмайтынын ашып айтты.

Қазіргі заманғы Ауғанстанды зерттеу орталығының қызметкері Андрей Серенко АҚШ президентінің жаңа страте­гия­сын қабылдай алмағандардың қарасы тым көп деп отыр. Оның ойынша, бұл саясатты Кабул қызу қуаттаған, НАТО елдері тұтастай жақсы қабылдаған, бірақ Пәкістан бірден наразылық танытқан, Қытай жоспардың белгілі бір тармақтарына келіспегенімен, шешімді қарсылық жасамаған. Ал Ресей үзілді-кесілді қарсы шықпағанымен, Трамптың ниетіне кекесінмен қараған.

Оксфорд университетінің зерттеушісі Самюэль Рамани «The Diplomat» басылымы беттерінде осы оқиғаға байланысты өз ойларын ортаға салып, Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға Америка әскерлерінен гөрі Мәскеудің бейімділігі анағұрлым артық екенін алға тартатын мақала жариялады. Ол бұл тірлік әрбірден соң Ресейді керексіз дипломатиядан бас тартып, аймақта бірден ұрыс қимылдарын бастап кетуге мәжбүр ететінін де атап көрсетіпті.

Сарапшылар осыдан ке­йін Тәжікстанда АҚШ-тың әскери базасы пайда болуы жөніндегі қауесеттің қайтадан өршіп кеткеніне назар аударуда. Вашингтонның сондай-ақ Орталық Азия елдеріне ақпараттық ресурстар мәселелері бойынша көңіл бөле бастағаны байқалады. Бұларды АҚШ пен НАТО-ның басқа елдері қаржыландыратыны да белгілі болып отыр. Атап айтқанда, осы ақпарат ресурстарының редакциялары Өзбекстанға, Тәжікстан мен Түрікменстанға қатысты деректерге өте мұқият қарап, бұл елдердегі адам құқықтары бұзылуы жөнінде бұрын айтылып келген пікірлерді алып тастай бастады. Мұның өзі аталған елдердің, бірінші кезекте Өзбекстанның АҚШ қолға алып отырған жаңа ауған стратегиясына тартылуы мүмкін екенін аңғарта түседі.

Сарапшылар бұдан әрі қазір АҚШ-тың Пәкістанға әсер ету деңгейінің өте төменгі белдеуге түсіп кеткеніне де назар аударып жатыр. Олар егер Трамп Исламабадқа қысым жасауын күшейте берсе, мұның тек Қытайдың Пәкістанға, сонымен бірге күллі аймаққа ықпалын арттыра түсуге ғана қызмет ететінін де жоққа шығармайды. Айналып келгенде, бұл Дональд Трамп жоспарын жүзеге асыруда экономикалық тетіктерді іске қосудың ақыры жақсылыққа апарып соқтырмайтынын байқатып отыр.

Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button