Құқық

АЛДАНҒАН ҮЛЕСКЕРЛЕР ТИІСТІ БАСПАНАСЫНА ҚАШАН ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ?

Астанадан баспана алуды армандап, құрылыс компанияларына қолдарындағы бар жиған-тергендерін санап беріп, ақыр соңында өздері сан соғып қалған үлескерлер қаншама?! Олар тап болған қиындықтар, қолдан жасалған әділетсіздік, жұқарған жүйке, төгілген көз жасы – бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында сан мәрте сөз болды, бірнеше рет талқыланды да. Алайда, осы шиеленіскен мәселенің түпкілікті шешімі табылмай келеді. Адамгершіліктен аттаған алақолдардың алды жазаланып, темір торға қамалып жатса да, жеті басты аждаһа секілді келесілері шығып, қарапайым халықтың ақ адал маңдай терімен тапқан-таянғандарын алдап алып, сенделтіп қоюлары тоқталар емес.

Біз бүгін осындай даулы құрылыс компаниялары басшыларының заң құрығына іліккен бірнешеуіне тоқталғанды жөн көрдік.

«Алға, Тоқболат»… ақшаңыз жоқ болады

Орда бұзар отыздың бел ортасындағы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының тумасы Ержігіт Әлжан – елордаға үлкен үміт арқалап келгендердің бірі еді. Бойында күш-қайраты тасыған, тепсе темір үзетін жігіт о баста өзіне де, өзгеге де шын пайдасын тигізгісі келді. Осындай оймен ол әп дегенде-ақ құрылыс-монтаждық жұмыстарымен айналысуға бел буды. Сөйтіп, 2014 жылдың 27 қаңтары күні Астана қаласы Әділет департаментіне кіші кәсіпкерлік субъектісі ретінде «Алға, Тоқболат» ЖШС-ін тіркетті. Көп ұзамай ІІ санатты мемлекеттік лицензияға да қол жеткізді.

Осыдан кейін-ақ оның тасы өрге домалап жүре берді. Бір күнде барлық қаржылық, банкілік, шаруашылық құжаттарға қол қоятын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы да, директоры да өзі болып шыға келді. Сол арқылы ол өзіне-өзі барлық ұйымдастырушылық, өкімдік, өкілеттілік және әкімшілік міндеттерді үлестіріп берді. Үлестіріп қана қойған жоқ, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, бірнеше адамды айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізді.

Сарыарқа ауданындағы Шевченко көшесі бойынан жалға кеңсе алып, жаңағы адамдарға көпе-көрінеу жалған жарнама бергізді. Айталық, екі бөлмелі пәтердің бағасы он бес-он алты миллион теңге болса, Ержігіт оны «жеті-сегіз миллион теңгеге сатамын» деді. Арзанға кім қызықпасын. Ынтыққандар мен үй сатып алуға ынта білдірушілер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады да кетті.

Оған керегі де осы еді. Сеніміне ие болған Д.Мұқашева деген адаммен болашақ салынатын нысанның құрылыс мердігерлік келісімшартын жасасты. Келісімшарт бойынша Д.Мұқашеваның Тұран даңғылының бойындағы 108 пәтерлік көпфункционалдық кешені 2014 жылдың тамыз айында басталып, 2015 жылдың 30 желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Алайда осы «Пластина» монолиттік үйінің қаңқасы 7-қабаттан әріге көтерілмеді. Бірақ бір бармағы ішіне бүгулі Е.Әлжан сасқан жоқ, инвестициялау келісімшартын тоқтатпастан адамдардан ақшаны ала берді. Алып қана қойған жоқ, әлі қаңқасы да жоқ оныншы, он екінші қабаттағы үш бөлмелік пәтерлерді адамдарға ертегідей етіп әңгімеледі. Нарықтағы бағадан анағұрлым арзан кең де жарық бөлмелер көз алдына елестегенде аядай бір бөлмеге зар болып жүрген бейбақтар қаражаттарын аямастан Ержігіттің қалтасына құя берді. Сөйтіп ол о баста жоспарланған 108 пәтерлік тұрғын үй кешенінен бас-аяғы екі-үш айдың ішінде 219 пәтерді сатты да жіберді.

Мына қызықты қараңыз, сметасы мен берілген тапсырысында тоғыз қабатты деп тайға таңба басқандай көрсетілген үйді Е.Әлжан қалалық құрылыс және сәулет басқармасымен келіспес­тен, өз бетінше он екі қабатқа дейін өсіріп, ешқандай жоспарланбаған, сметасы қарастырылмаған ауадан пәтер жасап, аңқау елге арамза молданың кебін кигізіп, сатқан да отырған.

Осындай «жомарт» та «мырза» жігіт құрған торға алғашқы болып түскен қала тұрғыны Ғалия Бегенова болды. Ол сол бір ұмытылмас күнді былай деп есіне алады: «Балам шаңырақ көтеріп, отбасымыз өсіп, баспанадан қиыншылық көріп жүргенбіз. Бір күні күйеуім жарнамалық газеттен пәтер сатылатыны жөнінде хабарландыруды оқып, маған көрсетті. Ақылдасып қарасақ, сатылатын пәтерлердің шарттары мен талаптары бізге қолайлы көрінді. Бағасы да көңілге қонымды. Содан тездетіп көрсетілген мекенжайға – Шевченко көшесі, 4/1 үйде орналасқан «Алға, Тоқболат» ЖШС кеңсесіне келдім. Онда мені директордың орынбасары Т.Жанділдин мен атқарушы директор Н.Өтегенов қарсы алды. Өте кішіпейіл.

Асты-үстіме түсіп, салынып жатқан тұрғын үйге қатысты инвестициялық құжаттарды алдыма тосты. Көз жүгіртіп қарасам, тоғыз қабатты пәтердің сол сәтте жеті қабаты тұрғызылып, енді екі қабаты ғана қалғаны, ол толық пайдалануға енді бір алты-жеті айдан кейін берілетіндігі жазылған. Бұған қосымша Т.Жанділдин «сатылғалы отырған пәтер 2015 жылдың желтоқсан айында толық пайдалануға беріледі» деп сендірді. Бұл 2014 жылдың қыркүйек айы болатын. Ол кезде құрылыс кешенінде қызу жұмыс жүріп жатты. Осыған иланған мен Е.Әлжанның кассасына сол күні 7 827 183 теңгені санап беріп, «Пластина» (шартты атауы) тұрғын үй кешенінің А блогы 6 қабатынан жалпы көлемі 45,27 шаршы метр пәтер алатын болып келістім.
Сол-ақ екен менің өмірімде қобалжу, ұйқысыз түндер басталды. Шарт жасасқаннан кейін шамамен екі-үш айдан кейін «жұмыс барысы қай деңгейде екен» деп аталған құрылыс нысанына келсем, тым-тырыс құрылыс тоқтап қалыпты. Күзетшіден басқа тірі жан жоқ. Ол жерде ешкім мән-жайды жөндеп түсіндіре алмағасын, аялдамастан «Алға, Тоқболаттың» кеңсесіне келдім. Атқарушы директор Н. Өтегенов «Бұл уақытша қиындықтар. Таяу уақытта бәрі реттеледі. Қам жемеңіз, пәтеріңіздің кілтін белгіленген мерзімде қолыңызға аласыз» деп жұбатты. Алайда бұл құр сөз болып шықты. Сол сөзбұйда әлі күнге созылып келеді.

Осындай сенімге кіріп, Е.Әлжан алдаған А.Мүбарак. С.Жұманбаев, К.Омарова, С.Сұлтанова, К.Смайылова сынды барлығы – 175 адам ақыр соңында амалдары таусылып, сотқа жүгінді. Е.Әлжан 9 жылға сотталды.

«Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. «Алға, Тоқболат» компаниясының құрылыс жүргізуге рұқсаты болғанымен, үлескерлерден ақша жинауға құқы жоқ еді. Соншама қомақты қаражатты біреудің қалтасына салмас бұрын сауатты адам құрылысшы немесе жобалаушы компанияның заңды атауын, мемлекеттік тіркеуден өткендігін, салық төлегендігін және аудиторлық тексеруден өткендігі туралы анықтамасын тексеріп алып, үш жыл бойы салған құрылысының жобаларын, жер телімін иеленуге құқын, тағы басқа да жайларды тексеріп алуы керек еді. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын үлескерлер де білсе» дейді заңгер Мәди Сұлтанов.

Уәдеге тойғызар «Орал дизайн строй»

«Көктал ауылының оңтүстік шығысы» тұрғын үй кешенін салуды Кеңес Жұмабеков жетекшілік ететін «Орал дизайн строй сервис» компаниясы 2008 жылдың 1 шілдесінде бастаған-ды. Белгіленген жер теліміне 9 тоғыз қабатты, 4 бес қабатты – 517 пәтерлік 13 үй саламын деп уәдені үйіп-төккен Кеңес Хабиболлаұлына қала әкімдігі есігін айқара ашты. «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында елорда тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етемін» деп отырған адамға елорданың құрылыс басқармасы қалай сенім артпасын?! Қала әкімдігінің есігін көп тоздырмастан 1,6 миллиард теңгенің келісімшартын жасасты. Көп кешікпей құрылыс басқармасы «Орал Дизайн Строй Сервиске» 927 миллион теңге аударды да «ал енді жұмысыңды көрсет» деді.

Бұл сөзді Кеңес Жұмабеков басқаша түсінгенге ұқсайды. Қомақты қаржы түсісімен, іске кірісті де кетті. Қолында ешқандай рұқсат қағазы болмаса да бес қабатты үйлердің үстіне тағы төрт қабат қосып, бастапқы 288 пәтерді 748 пәтерге дейін ұлғайтты. Сөйтіп, болашақта ойша салынатын үйлерін баспанаға зәру адамдарға нарықтағы бағадан арзан құнына сатты да отырды. Тіпті қыза-қызамен 29 пәтерді 185 миллион теңгеге екі реттен сатып жібергені тергеу барысында ап-айқын анықталып, естіген адамның жағасын ұстатты. Ал келесі қаңқасы да жоқ әлі салынбаған үйдегі 192 пәтерді 1,2 миллиард теңгеге беті бүлк етпей сатып жіберуі бұл кісі туралы екіұдай ой туғызады.

Бір көргенде Кеңес Хабиболлаұлын ондай адам деп мүлде ойламайсыз. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған пайғамбар жасына жетіп қалған адам сөйлегенде іші бауырыңа кіріп кетеді. Өзінің сөзіне сенсек, ол да біреуге оңбай алданған сияқты. Соттағы соңғы сөзінде «мен бұл ақшаны алған жоқпын. Мұның бәрі қателік» деді.

Дегенмен, ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 4-тармағы 2-тармақшасы және 241-бабы бойынша кінәлі деп табылып, бас бостандығынан айырылды.
Дұрыс, кінәлілер жазалануы тиіс. Алайда бір баспанаға зар болып, соңғы үмітін әлдилегендей асыға күткен, сөйтіп далада қалған қарапайым жандар қайтпек? Міне, осындай тұрғынның бірі – алты баланың анасы Гүлғайша Сүлейменова. 2009 жылы «Көктал ауылының оңтүстік шығысы» тұрғын үй кешеніне ауылдағы үй-жайын, малын сатып, ақшасын салған ол өлместің күнімен әлі пәтер жалдап келеді. Ал осындай «Орал дизайн строй сервистің» уәдесіне сеніп, ақша да жоқ, баспана да жоқ, жүйкесі жұқарғандар қаншама?!

Табаны тайғақ «Тамыз инвест групп»

Өткен айлардың бірінде Астана қаласының экономикалық соты «Пана комфорт» тұрғын үй құрылыс кооперативінің есебіне «Тамыз инвест групп» АҚ-мен байланысты «Молодая семья» және «Адал иншаат» құрылыс компаниясынан 190 млн теңге көлемінде ақша өндіріп алды. Ал бұған дейін белгілі болғанындай, Астана қаласының Алматы аудандық соты компания басшылары В.Машуров пен А.Матаеваны қамауға алған болатын.

Мұнда да алданған, құр уәдемен күн өткізіп келе жатқан үлескерлер аз емес екен. Олардың басындағы жағдай да жоғарыда екі құрылыс компаниясына қатысты біз сөз қылған мәселелерге тән. Тек олар ғана емес, қазір қаладағы күрмеуі қиын, қиыншылықтары мол отыз үш компанияның барлығының басындағы жағдай бір-біріне ұқсас болып отыр.

Ал сонда алданған үлескерлердің баспана құрылысының алдағы тағдыры не болмақ? Біз осы сұрақты қалалық Мемлекеттік сәулет құрылысы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұловқа қойғанымызда ол:

«Бүгінгі таңда елордада салынып жатқан 181 құрылыс нысаны бар. Оның тек он төрті ғана уақытында пайдалануға берілді. Ал сөз болып отырған «Алға, Тоқболат» пен «Тамыз инвест групп», «Көктал ауылының оңтүстік шығысы» тұрғын үй кешендеріне келетін болсақ, жаңа инвестор іздеу мәселесі қарасытырылып жатыр. Табылған жағдайда аталған тұрғын үй кешендерін сол жаңа мердігер компания салып бітіретін болады. Мәселе қосымша Астана қаласы әкімдігіндегі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның айрықша бақылауында тұр. Сонымен қатар үлескерлерге тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру ұсынылды. Бұл нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстырына бақылау жүргізуге әрі оның тез аяқталуына мүмкіндік туғызар еді» деді.

Міне, біз сөз еткен үш құрылыс компаниясы да сенімге селкеу түсіріп, айла-шарғыға барғандары үшін жауапқа тартылды. Бұған дейін қаншама құрылыс нысаны басшылары істі болды. Алайда одан сабақ алып жатқандар аз сияқты. Әрине, жаңа салынып жатқан үйлерден пәтер сатып алу тиімді. Бірақ ол қауіпсіз емес. Оны кейінгі кезде құрғақ уәде мен ақталмайтын үмітке тойғандар жақсы түсінеді. 2006 жылы қабылданған үлестік қатысу туралы заң үлеске пәтер сатып алушыларды алаяқтардан қорғай алмады. Алайда өткен жылы 10 қазанда күшіне енген «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР жаңа заңы жоғарыда баяндалған қателіктердің қайталануына жол бермес. Ендігі жерде құрылыс саласы үлескерлер үшін ашық, сондықтан оны салушылардың жауапкершілігі де артады деген сенім мол. Лайым солай болсын. Әркімге де Астанадан баспаналы болуға жазсын.

Таңатар
ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button