Құқық

«Сергек» бақылау жүйесі: тиімділігі қандай?

«Елорда ақпарат» медиа ресурсы мен «Астана» радиосының бірлескен «Қала тынысы» жобасы әр аптаның сәрсенбі күні тікелей эфирге шығады. Жоба авторы әрі жүргізуші – Қайсар Жұмабайұлы.
Алғашқы шығарылым Астананы смарт-сити және қауіпсіз қала етіп қалыптастыру идея­сының құрамдас бөлігі болып табылатын тақырыпқа арналды. Нақты айтқанда, «Сергек» бейнебақылау, талдау және болжам жасау интеллектуалды жүйесі. 15 қыркүйектен бастап «Сергек» камераларының алдында жол жүру ережелерін бұзған көлік жүргізушілерге айыппұл салына бастады. Бұл жобаның артықшылығы мен тиімділігі туралы тікелей эфирде сала мамандары әңгімелеп берді.

Әлішер
ӘБДІҚАДЫРОВ,
Астана қалалық Инвестиция және даму басқармасының басшысы:

– Қаланың қауіпсіздік деңгейін көтеруді, қоғамдық орындар мен көшедегі құқық бұзушылықтың алдын алуды көздейтін бұл жобаның жаңалығы көп. Камералар көліктің нөмірлік белгілерін, жылдамдық режимін, сонымен қатар, көлік иелерінің тоқтау белгісі мен автобус жолақтарын қиып өтуін жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Нақты айтқанда, 400 көше қиылысына және 300 сызығы бар учаскелерге 6000 камера қойылады. Халық жиі баратын орындар, атап айтқанда сауда-ойын-сауық орталықтары, театр, спорттық нысандар, музей және тағы басқа қоғамдық орындарға 4000 камера орнату жоспарланған.

Дәл қазіргі уақытта тәулік бойы тыныштық пен қоғамдық тәртіпті қадағалайтын 3000 камера жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін жалпы саны 13000 камера қаланың қауіпсіздігін бақылайтын болады.
Жағымды жоба Астана әкімдігінің мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы іске асуда. Жалпы инвестиция көлемі 8,4 млрд теңгені құрайды. Жоба жекеменшік инвесторлар есебінен қаржыландырылады. Қала бюджетіне құқық бұзушылардан түскен айыппұл есебінен инвестиция қайтарылмақ. Осы ретте айта кеткен жөн, жобаның серіктестері камералардың сапалы қызметі мен дұрыс жұмыс істеуіне тікелей жауапты болады.

Әсет АХМЕТОВ,
Әзірлеуші компанияның директоры:

– Астанада «Сергек» бейнебақылау, талдау және болжам жасау интеллектуалды жүйесі қолданысқа енді. Ең алдымен, бұл жүйе жылдамдық қозғалысын асырғаны үшін және Bus Lane сызығын кесіп өту сияқты бұзушылықтарды тіркейтін болады. Жаңадан іске қосылатын бұл бейнебақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді. Ереже бұзып, камераға түсіп қалған көлік иелерінің дерегі Ахуалдық орталыққа өңделу үшін жіберіледі. Бұған дейін жоба тестілік кезеңнен өтті. Біз бұл бастаманы жүзеге асыра отырып, «Smart City» технологиясын енгізу арқылы елорда тұрғындары мен қонақтарының өмірін қауіпсіз етуді көздейміз. Айыппұл мәселесіне келсек, төлеудің түрлі тәсілдері қарастырылды. Атап айтқанда, қолма-қол ақшаны екінші деңгейлі банктер немесе «Қазпошта», Kaspi және QIWI кошелек терминалдары арқылы , сонымен қатар банк картасымен egov.kz порталында тіркелу негізінде онлайн-төлем жасауға болады және HandyPay, MyPay мобильдік қосымшаларын пайдаланған тиімді.

Дархан Ташмұхамбетов,
Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Әкімшілік тәжірибе бөлімі басшысының орынбасары:

– Бейнебақылау – бұлтартпас айғақ. Сондықтан бейнебақылау орнатылған орындарда ұсақ-түйек қылмыс кездеспейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда қоғамдық орындардағы қылмыс 21,1 пайызға, қала көшелерінде – 32,7, жол-көлік апаттарының саны 20 пайызға азайды. Бейнебақылау камералары тек қаланың ішін емес, шет аймақтарды да қамтиды. Қалаға ауылдардан келетін кіреберіс жолдар түгел бақылауға алынатын болады.

Жаңа оқу жылының басталуына орай, балалардың қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстар қолға алынды. Білім беретін ұйымдар мен балабақшаларға жақын көшелерге көлік қозғалысының жылдамдығы 40 км/сағ дейін шектейтін жол белгілері орнатылды. Соған сәйкес жол белгілері де сызылды. Мұндай орындардың бәрі «Сергек» сурет және бейне жазу жүйелерінің назарында болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button