Сұхбат

АРДАГЕРЛЕРДЕН ҚАМҚОРЛЫҚТАРЫН АЯМАЙДЫ



сарырка ауданы ветеран

Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына биыл – 10 жыл. Осыған байланысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Эбенғаппас Ахметовпен сұхбаттасқан едік.

– Аудандық ардагерлер кеңесі қалай құрылып еді?

– Қоғамымызда зейнеткерлер мен соғыс ардагерлеріне қамқорлықтың қажеттігін ескерген аудандық әкімдік,  2004 жылдың 21 сәуірінде  Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесін құруды қолға алды. Осы жерде кеңесті алғаш құрысқандардың есімдерін атамай кетуге болмайды. Сол кездегі Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, қазірде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы, Астана қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сәкен Тұрсынбеков, Социалистік Еңбек Ері, қазірде Көкталдағы ардагерлер кеңесінің төрайымы, республикалық ардагерлер кеңесі Президиумының мүшесі Сағила Есенжолова, республикалық ардагерлер кеңесінен Владимир Моложавый, партия және кеңес қызметкерлері Роза Асылбекова, Анна Даниленко аудандық ардагерлерінің кеңесін құрып, 87 делегаттың бірауызды дауысымен оның алғашқы төрағасы етіп Сапар Мұстафинді сайлаған еді.

Бүгінгі таңда аудандық ардагерлер кеңесінің жанында 124 бірлестік бар. Жалпы, Сарыарқа ауданында 25 000 зейнеткер тіркелген. Ұлы Отан  соғысына қатысқан 103 ардагеріміз, сонымен қатар ардагер журналистеріміз бен жазушыларымыз да бар.

– Соғыс ардагерлерімен байланыстарыңыз қандай?

– Иә, адамзат тарихындағы  сұрапыл соғыс қазақ халқына да қасіретін тигізбей қоймады. Қаншама жауынгерлеріміз туған жеріне оралмай, жау қолынан қаза тапты. Қаншама отбасы әкелері мен балаларынан айырылып, жапа шекті. Ұлы Отан соғысының  ардагерлері  соның куәсі ғана болған жоқ, жеңіс үшін  қасық қаны мен жандарын аямай фашистермен шайқасты. Сол жылдарда Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына 1 миллион 700 мыңнан аса жауынгер майданға  аттанды. Ақмола облысынан 63 мың жауынгер аттанса, оның 34 мыңы оралмаған. Ол жеңіс, әрине, бірліктің арқасында келді. Қаншама ұлт өкілі, бір тудың астына біріккен халық бар күшін салып, осы қанды қырғында жеңіп шықты. Сол бір сұрапыл соғысты көрген қарт жауынгерлеріміз бен елде қалған тыл майдангерлері шын мәнісінде отанын сүйген патриот жандар еді, өмірге деген көзқарастары да ерекше болды. Олар әлі де Қазақ елі үшін еңбек етіп, әртүрлі шараларға қатысып, бүгінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетуде.

Аудан ардагерлері жыл сайын Астанада өткізілетін сенбіліктерге қатысып, елордамыздың гүлденіп-көркеюіне үлес қосумен бірге, айтулы мерекелерге орай ұйымдастырылатын мазмұнды да қызықты шараларға құрметті қонақ ретінде шақырылады. Сондай-ақ, ардагерлер Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға белсене атсалысады.

Арамызда өнерлі ардагерлер де көп. Кеңес жанынан домбыра-фольклорық ансамблін құрған Кенжетай Жанұзақованың қасында небір өнерлі, зейнет жасындағы апаларымыз жүр. Ол кісі аудандық ардагерлер кеңесі жанынан шахматшылар клубын да ұйымдастырған болатын, өзі – сол шахмат командасының капитаны. Олар Есіл ауданында өткен қалалық шахмат турнирінде кубок жеңіп алды.

«Төрт ұрпақ өкілінің кездесуі» атты мәдени шараны да ерекше атап айтуға болады. Астанаға Столыпин кезінде жер аударылып келгендер мен қаланың өркендеуіне үлес қосқандар, Ұлы Отан соғысына қатысқандар және тың игерушілермен болған бұл кездесу өте мазмұнды өтті. Ардақты аға буын өкілдері, сондай-ақ, «Қазақстан» концерт залы және басқа да мәдени ошақтардағы мерекелерге, көрме залдары мен музейлерге құрметті қонақ ретінде шақырылып тұрады.

Кеңес жұмысын ұйымдастыру мен қандай да бір мерекелік шараны өткізу үшін  қаражат керек екені белгілі. Міне, осы орайда белсенді зейнеткерлер зырылдап жүріп демеуші іздейді. Сондай адамдардың аттарын айтып өту – бізге міндет. Олар – Сара Инербаева мен Галина Мұхтарова. Солардың ұйымдастырумен Ораза айты мен Құрбан айты, Халықаралық әйелдер мерекесі өткізілді.

– Ардагерлерді емдеу-сауықтыру орындарына жіберіп тұруға мүмкіндіктер қарастырылған ба?

– Соғыс ардагерлерінің ең жасы – бүгінде 90-ды алқымдап қалғандар. Бірен-сараны болмаса, олардың ел аралап, курорттарға баруға жағдайлары жоқ. Сондықтан, оларға бар мүмкіндік үйде жасалып жатыр. Екі жыл болды, біздің аудан зейнеткерлері, негізінен белсенділеріміз Тайтөбедегі «Нұра» демалыс үйіне тегін жолдама алып жүр. Биыл біздің ауданнан 45 адам сол жерге барып, 10 күн демалып қайтты.

Біз өткізіп жатқан қандай шараға болсын аудан әкімшілігі үнемі көмектесіп отырады. Сол үшін де оларға алғысымыз шексіз. Біздің ұйымымызда Галина Слепцованың басқаруымен құрылған арда­герлердің денсаулығын сақтау комиссиясы жұмыс істейді. Он бес медициналық мекеме жанынан құрылған бұл комиссия ардагерлердің тісін салдыруға тегін жолдама алып беруде. Медициналық көмек сұраған адамдарға комиссия кез келген емхана, ауруханалармен байланыс жасап, мәселелерін шешіп, қол ұшын беруде. Осы  орайда қаладағы №4 емхана ардагерлерге жақсы қызмет көрсетіп отыр. Олар үшін жеке бөлім де ашып қойған. Жалпы, ауданымыздың ардагерлері қай жағынан алып қарасақ та қамқорлық құшағында.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button