Білім

Ардақ БЕРДІБЕКОВ, Neupusti.net порталының негізін салушы: Біз шетелде тегін білім алуға көмектесеміз

Қазақ жастарының, сонымен қоса ТМД азаматтарының кәсіби және шығармашылық жағынан өсуіне мүмкіндік жасайтын отандық Neupusti.net порталына биылғы ақпанда тұп-тура төрт жыл толды. Бүгінге дейін онда 6 мыңнан аса шәкіртақы мен байқау жарияланып, оларға 2 мыңдай адам қол жеткізген. Аталған онлайн-платформаның негізін салушы Ардақ Бердібековпен әңгімелескенімізде, ол білім беру саласында бизнес жүргізудің қыр-сырын айтып берді.

Идея қалай туды?

Мен ешқашан оқуға ақша төлемеген адаммын. Қазақстан-Британ техникалық университетінің грант бөлімінде оқыдым, одан соң «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Стирлинг қаласында тегін білім алдым. Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін 20-дан астам мемлекетте өткен байқауларға да еш ақысыз қатыстым. Мұның себебі, мен жастарға арналған шәкіртақылар мен конкурс­тарды үнемі іздеп жүретінмін. Бір байқағаным, шетелге шыққанымда, Қазақстан атынан көбінесе жалғыз болдым. Неге отандастарымыз осындай жарыстарға онша көп келмеді? Өйткені оларда ақпарат аз еді, өзге мемлекеттер бөлетін шәкіртақылар туралы біразы естіп-білмеген де шығар. Ойлана келе, өзімде бар тәжірибені басқаларға да пайдалы етпек болып, серіктесім екеуміз 2015 жылдың 14 ақпанында әлемдегі алуан гранттар мен шәкіртақылар жайлы бөлісуге мүмкіндік беретін Neupusti.net порталын құрдық.

Неге «Neupusti»?

Порталға ат қоярда көп ойландық. Ағылшынша ат қоя­йық десек, сайттың мақсаты жай­лы көпшілік онша түсінбей қала ма деп қорықтық. Жасыратыны жоқ, ағылшынша түсінетін қазақстандықтар саны әлі аздау. Ал қазақша атау болашақта ТМД көлемінде танымал болуымызға кедергісін тигізуі мүмкін еді. Ақылдаса отырып, біздің осы ресурс­ты құрудағы идеямыз­ды барынша айқындайтын сөз деп «Neupusti»-ге тоқталдық. Яғни осы ат арқылы жастарға «мүмкіндікті құр жіберіп алма» деген түйінді жеткізгіміз келді.

Білімге құйылған инвестиция қаншалықты ақталады?

Онлайн ресурстың өзін құру аса қиын болмады, екі айдың ішінде сайтты жасап шықтық. Бастапқы бір жарым жыл бойы өз жалақымның жартысын тұрақты түрде осында құйып отырдым. Кейінірек өзге тараптардан инвесторлар тарта бастадық. Мәселен, TechGarden мен GVA қорынан 30 мың АҚШ доллары көлемінде ақша алдық. Сондай-ақ бұған жалпы сомасы 3 миллион теңгедей болатын гранттарды қосыңыз. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі – шамамен 3-5 жыл. Әзірге біз порталдан қаржылай пайда көріп отыр­ған жоқпыз. Түскен қаражаттың барлығы қайтадан айналымға салынуда. Негізі, білімге құйылған инвестицияның ақталып-ақталмауы – сол халықтың санасына байланысты нәрсе. Яғни адамдар білімді қаншалықты жоғары бағаласа, инвестиция да соншалықты тиімді болмақ. Өкінішке қарай, біздегі жұртшылық рухани құндылықтан гөрі ойын-­сауыққа, киім-кешекке, мей­рамхана, дәмханаларға ақ­шаны оңай жұмсайды. Сондық­тан білім беру саласында бизнес жүргізу сәл қиындау. Білім саласына бағыттанған коммерциялық ұйымдардың ішінде жақсы ақша тауып жатқандары бар. Бірақ олардың түгелге жуығы – IELTS, TOEFL, GMAT, ҰБТ сияқты емтихандарға, НЗМ, ҚТЛ секілді білім беру мекемелеріне түсуге дайындайтын курстар. Бұдан көретініміз, халықтың білім алуға деген құштарлығы сертификаттар алуға деген құштарлықтан әрі аспай тұр.
Ал жалпы, білім саласындағы бизнес альтруизмге негізделеді. Егер бұл жолда тек ақшалай пайда табуды көздейтін болсаңыз, онда ұзаққа бармайсыз.

Қандай шәкіртақылар мен тағылымдамалар бар?

Бүгінге дейін порталымыз­да 6 мыңнан аса шәкіртақы мен байқау жайлы ақпарат жарияланды. Олардың ішінде жоғары білім алуға мүмкіндік беретін шәкіртақылар, тағылымдамалар, волонтерлік бағдарламалар, семинар-тренингтер, жазғы және қысқы мектептер және түрлі байқаулар бар. Араларындағы ең беделділері ретінде Fulbright және Chevening шәкіртақыларын, Samsung, Tesla, Walt Disney, Bloomberg, Lufthansa, Microsoft, БҰҰ тәрізді ұйымдар ұсынатын тағылымдамаларды айтуға болады. Сондай-ақ волонтерлік іспен айналысқыңыз келсе, Таиландтағы үйсіз иттерді бағуға, индонезиялық оқушыларға ағылшын тілін үйретуге, Мальдив аралдарында бала күтуші болуға, Португалияның ормандарын тазалауға, Оңтүстік Африка Республикасында бақша өсіруге арналған бағдарламаларға өтініш бере аласыз. Біздің портал арқылы 2 мыңдай адам солардың кейбіріне қол жеткізді. Оқырмандарымыз иеленген шәкіртақылар мен гранттардың жалпы құны 15 миллион АҚШ долларынан асады.

Фейк байқаулардан сақтанудың жолдары

Кейде ғаламтордан шәкіртақы не байқау іздеп отырған адам жалған ақпаратқа кезігіп қалуы мүмкін. Оқырмандарымызды осы проблемадан қорғау үшін біз мәліметті порталымызға жарияламас бұрын әбден тексереміз. Мысалы, кейбір байқаулар қатысушылар үшін жарна төлеуді міндеттейді. Бұл – күдіктенуге ең үлкен себеп. Өйткені халықаралық байқаулардың 99 пайызында үміткерлер бірде-бір тиын төлемейді. Керісінше, сол байқаудың ұйым­дастырушылары олардың барлық жол, қонақүй қаражатын мойнына алады. Демек, жаңағыдай жалған ақпаратты таратып, кейбіреу­лер пайда табуды, басқаша айтқанда, алаяқтық жасауды көздейді. Енді біреулер өздерінің ақпаратын барынша шынайы етіп көрсету мақсатында «байқау демеушілері» ретінде белгілі ұйымдарды тіркеп қояды. Ондайда біз әлгі демеушілерге хабарласып, осындай байқауға шынымен де қатысы бар-жоғын тексереміз. Бұдан бөлек, аты бейтаныс шәкіртақылар немесе жарыстар туралы ақпарат естігенде, олардың әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, адамдардың пікірлерін оқимыз. Егер қандай да бір деректер көңілімізге күдік ұялатса, ондай мәліметті порталымызға шығарудан да бас тартамыз.

Премиум-жазылымның оқырмандары не ұтады?

Былтырға дейін порталымыздың басты табыс көзі жарнама болса, енді біз премиум-жазылым мүмкіндігін енгізіп, батыл қадам жасадық. Жариялайтын шәкіртақылар мен байқаулардың ең қолжетімділерін, яғни иелену ықтималдықтары көптерін іріктеп алып, тек премиум-жазылымның оқырмандарына ұсынатын болдық. Ол үшін адам алты айға жазылатын болса, айы­на – 2 АҚШ долларын, бір жылға жазылатын болса, ай сайын 1,3 АҚШ долларын төлеп отыруы керек. Бұл жаңалықтан соң алғашында сайттың қаралымы сәл төмендеді. Себебі айтпаса да түсінікті: бұрын қолжетімді әрі тегін болған ақпарат аяқастынан ақылы болып кеткендіктен, көбісі ақша төлеуге дайын болмады. Алайда юзерлердің порталымызда қонақ болу уақыты әлдеқайда ұзарды. Ақша төлеген адам сонысын ақтау үшін сайтты барынша мұ­қият әрі толық оқуға тырысады.
Премиум-жазылымға ауысуымызды не үшін батыл қадам деп айттым? Ғаламтордың пайда болу құбылысы адамдардың ойында «барлық ақпарат тегін» деген қағиданы орнатты. Қолданушылар ондағы кез келген ақпаратқа еш ақысыз қол жеткізіп жүрді. Соның кесірінен ондағы мәліметтердің сапасы бірте-бірте төмендей бастады, сапалы сараптама мен зерттеулер азайды, онлайн-бизнестің моделі тек трафикке сүйеніп қалды. Біздегі Nur.kz секілді сайттарды осының мысалы ретінде қабылдауға болады. Батыс елдері бұл жайтты 98-жылдарда-ақ түсінді де, ақырындап ақылы жазылымға ауысты. Бүгінде The New York Times, The Washington Post, The Times сияқты алпауыт басылымдардың түгелге жуығы осы үлгіде жұмыс істейді.

Мүмкіндіктер арта түседі

Қазіргі таңда порталы­мызға ай сайын 60 мыңдай жаңа адам қонақ болады. Олардың шамамен 55 па­йызы өз елімізден болса, 25 пайызы – Қырғызстаннан, 10-15 пайызы – Ресейден, қалғандары – ТМД-ның өзге де мемлекеттерінен.
Алдағы 2-3 айда сай­тымызға қосымша бөлімдер енгізу жос­парда бар. Біз бұрын адам­дарға қандай шәкіртақылар бар екенін айту жеткілікті, ары қарайғы жолын өзі табады деп ойлайтынбыз. Сөйтсек олай емес екен. Енді біз сол шәкіртақыларды қалай алуға болатыны жайлы кеңестер де бермекпіз. Осы орайда порталға эсселер базасын қосамыз. Мысалы, оқырман Fulbright шәкіртақысын иеленгісі келсе, оның бұрынғы жеңімпаздары жазған эсселерді оқып көре алады, қажет болса, сол эсселердің авторларымен байланысады. Соның арқасында жастардың оқу мен шығармашылыққа қатысты тамаша мүмкіндіктерге қол жеткізу көрсеткіші бұрынғыдан арта түседі деп ойлаймын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button