Sport

«АРЛАНДАР»АЛЫСТЫ КӨЗДЕЙДІ



Жақында елордалық «Арландар» футбол клубы кәрі құрлыққа табан тіреп, Португалияның Брага қаласында өткен дәстүрлі халықаралық турнирге қатысып қайтты. Оған жас ерекшеліктеріне қарай 7 санат бойынша 96 команда қатысты. Астананың ғана емес, Қазақстанның атын шығарып қайтқан клубтың жетекшісі Фазылбек Әбсаттарұлы бізге бұл туралы кеңінен айтып берді.

– Сұрағымызды төтесінен қойсақ, біраз елдің футбол клубтарының басын қосқан белгілі Брага кубогына қалай қатысып жүрсіздер?
– Құрылғанына көп бола қоймаған «Арландар» футбол клубы жергілікті біраз доп додаларына қатысып, даралана бастады. Содан тәуекелге барып, ФИФА, УЕФА-ның тиісті мамандарына, әлемнің алпауыт футбол клубтарына тікелей байланысқа шықтым. Нәтижесінде Португалияның Брага кубогы турниріне шақырту алып, қатысып келдік. Брага кубогына 96 команда қатысты. Негізінен командалар Еуропа мен Латын Америка елдерінен келді. Жетістігіміз «Үздік команда» номинациясымен марапатталдық.

Білуімізше, онда «Астана» ФК-нан басқа осы күнге дейін Қазақстаннан бірде-бір футбол клубы ат басын бұрмапты. Ал жасөспірімдер арасындағы клубтан мүлде ешкім келмеген.
Алғашқы күндері Қазақстанды білмей қиналған еді, соңында бәрі бізге жанкүйер болды. Естімеген елі болғандықтан ба, ашылу салтанатында бізге бүкіл стадион аяқтарынан тік тұрып қошемет көрсетті. Әйтпесе бізден бөлек, Еуропа, Латын Америка елдерінен де клубтар келген еді. Газеттері әр нөмірінде басқа ел емес, тек «Арландар» деп жазып жатты. Халқы да бізге ерекше құрмет көрсетіп, барлығы кезекке тұрып суретке түсті.
Жабылу салтанатында стадионда «Қаражорғаны» билеп бердік.

– Жалпы «Арландар» қашан құрылды?
– Футбол клубын құрудың барлық сатыларынан өттім. Алдымен өз ауламда доп теуіп жүріп, 5-6 бала жинадым. Кейіннен көрші ауланың балаларын жинап, аула клубын құрдым. Артынша аула клубтарының лигасында ойнадық. Сосын «Арландар» футбол клубы» деп мемлекеттік тіркеуден өткіздім. Астана қалалық біріншілігіне қатыстық. Осының барлығынан соңғы 2 жыл ішінде өттім. Ресми тіркелген күні – 2016 жылдың 4 желтоқсаны. Клубта қазір 30 бала жаттығады. Себебі балалардың тұрақты қатысуы қиын. Жазғы демалысқа кетіп қалады, жиі ауырады дегендей.

– Португалия сапарынан қандай олжамен оралдыңыз­дар? Тәжірибе алмасу үшін келісімдер жасалды ма?
– Бірінші олжамыз – «Үздік команда» номинациясы. Екіншісі, «Брага спорт», «Брагалона» футбол клубтарымен біраз келісімдер жасастық. Португалия кәсіби футбол клубының президенті Марио Костамен кездестік. Португалиядағы жарыстарға тұрақты түрде шақырту, тәжірибе алмасу, тағы сол сияқты бірқатар келісімге келдік. Жозе Моуринье, Луиш Фигу бағдарламаларымен Қазақстанның балаларын дайындап жатсақ, таң қалмаңыздар. Біздің мақсатымыз – әлемнің футбол нарығына Португалия арқылы әлем жұлдыздарын шығару. Бұл – біздің балаларға үлкен стимул.

Португалияға сапарымыздан кейін футбол туралы көзқарасымыз өзгеріп, футбол мәдениетінен біраз көзіміз ашылды. Клуб басшыларынан көп естігенім, «клубтың иесі – халық» дейді. Клубтың тағдырын жергілікті халық шешеді екен. Клуб басшылары жай өздерін ұйымдастырушылар ретінде сезінеді.

Енді 1 тамыз күні Порту­галия­­дан делегация арнайы ат арытып келеді. «Арландардың» алға қойған мақсаты – айқын. Тағы біраз жақсы жаңалықтар болады. Қалғанын әзірге құпия ұстай тұрайын.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button