Басты ақпаратЖаңалықтар

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі: Мемлекет басшысы алға қойған міндет мерзімінде орындалуы тиіс



Астана қаласының әкімі қызметіне кіріскен күннен бастап Әсет Исекешев қаланы аралап, көшпелі отырыстар өткізуде.

Асет Исекешев

Әкім Астананың барлық аудандарында болып, тіршілікті қамтамасыз етудің маңызды нысандарымен танысып, көшелерді тексерді. Елорда өміріне қатысты кез келген мәселе қала әкімдігінің отырыстарында егжей-тегжейлі зерттеліп, қаралатын болады.
Қала басшысы алдымен Талды­көлге ат басын тіреді. Астана әкімі көлді тазарту бойынша атқа­рылған жұмыстармен, соның ішінде су тазарту бойынша қосымша құры­лыстарды салу және қалпына кел­тіру жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, былтыр Талдыкөлге шыға­­рындылар жіберу тоқтатылған. Жыл соңына дейін су түбі толықтай тазартылмақ.
«Бұл мәселе үнемі бақылауда болуы шарт. Мемлекет басшысы алға қойған міндет мерзімінде орындалуы тиіс» деді Ә. Исекешев.
Сонымен қатар, әкім қала тірші­лігін қамтамасыз етудің басты ны­сандарының бірі – ЖЭО-2 және ЖЭО-3-те болып, елорданың алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді.
2016-2017 ж.ж. жылыту маусымы басталғанша ЖЭО-2-де қуаттылығы 220 Гкал құрайтын №5, 6 және қуаттылығы 180 Гкал болатын №7 қазандық агрегаттарын іске қосу көзделген, бұл осы жылы жалпы жылу қуаттылығын 400 Гкал-ға дейін артыруды қамтамасыз етеді. ЖЭО-3-тің бірінші кезегінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Астана қаласының энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, кәсіпорынның табысы тұтастай инвестициялық бағдарламаларға бағытталған. Іс жүзінде аталған нысандар өзін-өзі қамтамасыз етіп, бюджет қаржысын шығындамайды. Бұған қоса, ЖЭО-3-тің екінші кезеңі МЖӘ шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Ә.Исекешев энергия көздерін қалпына келтіру мен салу кез келген қала, әсіресе, Астана үшін маңызды стратегиялық міндет болып табылатынын атап өтті. Қазіргі кезде ЖЭО-2 және ЖЭО-3-те жүргізіліп жатқан жұмыстар жылу шығару тапшылығын өтеп, Астананың барлық аудандарын үздіксіз және сенімді жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ал біздің басты міндетіміз осы» деді қала әкімі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button