Қала тіршілігі

АСТАНА ӘКІМІ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ



«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің «KAZAKH INVEST» павильонында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашевпен кездесті. Оған отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар қатысты.

Кездесуде елорда басшысы Әсет Исекешев бас шаһардың жаһанда ең жылдам дамып келе жатқан қала екендігін жеткізіп, 19 жыл ішінде негізгі капиталға құйылған инвестиция 40-тан астам есе өсіп, жалпы өнім 7 трлн теңгеден асқанын айтты.

«Бүгінде әлемде инвестиция тартуға бәсекелестік күшті. Сондықтан онда оңтайлы жағдай жасаған тарап жеңеді. Біз елімізде жүргізіліп жатқан технологиялық жаңғыртуды есепке алып, 2020 жылға дейін қаланы дамыту бағдарламасына түзету енгіздік. Экономикаға басымдық берілетін 10 саланы анықтадық. Оған туризм, девелопмент клас­тері, қаржы орталығы, заманауи өндіріс, мемлекеттік сала үшін қызметтер секілді секторлар кіреді. Осы 10 салаға инвестиция тартуға айырықша маңыз беріп отырмыз» деді әкім.
Сондай-ақ, қала басшысы Астана экономикалық аймағының маңыздылығына да ерекше тоқталып өтті.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы елорда әкімдігі биыл қомақты бюджет қаржысын үнемдеді. Қазына қаражатына іске асатын бірқатар жобаларға жеке инвесторлар тартылды. Олар – такси қызметі, ақылы автотұрақ, бейнебақылау секілді жобалар. 2017-2018 жылдары осындай 30 бірлескен жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде «Арай» саябағы, «Пирамида» ғимараты, «Алау» спорт кешені және тағы басқа коммуналдық мекемелер жекеменшік басқаруға беріледі. Инвесторлар қаржысына сегіз балабақша салынады. Біздің коммуналдық кәсіпорындар атқарған қызметтерді де бизнеске береміз. Айталық, оған энергетика, коммуналдық шаруашылықтағы қосалқы станция сияқты ірі жобаларды дайындап жатырмыз. Шағын саябақтар мен қоғамдық ғимараттар да жекеменшік басқаруға өтеді, – деді Әсет Исекешев.

Одан кейін сөз алған «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашев ұлттық компания мен Астана әкімдігі бірлесіп, инвестицияның қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев жиналғандарға компанияның қызметі мен міндеттерін, алдағы жоспарларын таныстырды.

– Осыдан үш ай бұрын Елбасының тапсырмасымен «KAZAKH INVEST» компаниясы құрылды. Қазір жұмыс басталып кетті. Негізгі мақсатымыз – елге қаржы салып отырған инвесторларға жағдай жасап, түйткілді мәселелерін шешіп беруге көмектесу. Сондықтан аймақтардан өкілдік ашып, жергілікті әкімдіктермен тығыз жұмыс істеп жатыр­мыз. Бүгінге дейін олардан газ тарту, құрылыс бастау, ұлттық сараптамадан өте­тін құжаттарды қысқа мер­зімде дайындау секілді
мәселелер бойынша 40 шақты сұрақтар келіп түсті, оның 18-ін толық шештік, – деді Б.Қанешев.

Шара соңында шетелдік инвестор өкілдері Астана әкімі Әсет Исекешевке бизнесті дамытуға қолдау көрсетіп отырғандығы үшін алғыстарын айтты.

Азамат Есенжол




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button