Мәдениет

«АСТАНА ОПЕРА» : БЕСІНШІ БЕЛЕС

«Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының V мерейтойлық маусымы 20 қазан күні ашылады. Жаңа маусымда көрермендерге бірнеше премьера ұсынылады.

Алдағы қараша айында Ж.Бизенің «Кармен» операсы, келесі жылғы наурызда жаңа редакцияда қойылған М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» ұлттық операсы, А.Аданның «Корсар» балеті, Д.Россинидің «Севилья шаштаразы», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі» опералары сахнаға жол тартпақ. Бұл туралы театр директоры Ғалым
Ахмедьяров мәлімдеді.
Аталмыш өнер ұжымы осы­дан төрт жыл бұрын «Біржан-Сарамен» ашылғаны халықтың есінде болар. Операның жаңаша тұрпатта қойылу себебін театр директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев түсіндірді.
«Заман алға озған сайын технологиялар да дамуда. «Біржан-Сара» операсы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында алғашқы рет қойылғанына жетпіс жылдан асып барады. Шыны керек, бізде бар болғаны 5-6 ұлттық опера бар. Қазіргі технология­ларды пайдаланып, оларды көрермендерге тартымды етіп бере білу керек. Мәселен, «Қыз Жібек» операсының премьерасы 1934 жылы болды. Содан бері оны бір сарында қойып келеміз.
Қазір бұл операларға жаңаша көзқараспен келу қажет. Әрине, бастапқы қалпын сақтап, музыка жағынан, өзге де элементтер тұрғысынан жаңалық енгізуіміз керек. «Біржан-Сараға» келсек, ол социализм заманында жазылған шығарма екенін білесіздер. Қазір молдаларды құрметтейміз, ал бұл опера оларды мазақ етіп көрсетеді. Міне, осы тұрғыдан операға өзгеріс енгізіп, жаңа редакциясын жасадық. Әрине, әлемдік деңгейге көтерілу үшін Россини сияқты классик композиторлардың стилін де меңгеруіміз қажет» дейді ол.
Қазір театр репертуарында Ғазиза Жұбанованың музыкасымен көркемделген «Қарагөз» ұлттық балеті ғана бар. Төлеубек Әлпиевтің айтуынша, ұлттық балет өнерін де жаңа сапаға көтеру керек. Сол мақсатта келесі жылы өмірден ерте озған композитор Тілес Қажығалиевтің аяқталмаған «Қозы көрпеш-Баян сұлу» балеті сахналанбақ.
«Композитордың 40 минутты алатын ғажап музыкасы сақталып қалды. Біз оны Санкт-Петербургке барғанда симфониялық оркестрге орындатып, көрермендердің, музыка мамандарының үлкен ықыласына ие болғанбыз. Бұл музыканы толықтырып, балет қоямыз деп жоспарлап қойдық. Жалпы ұлттық балет деген не? Ол үшін болмысымызға сай келетін өзіміздің қимылдарымыз болуы керек. Ол таза классикаға немесе фольклорға айналмауы тиіс. Яғни, жа­ңа хореогра­фия­ны ойлап табуымыз қажет. Қазір сол жағынан қиындықтар туып жатыр» дейді театр директорының бірінші орынбасары.
«Астана-Опера» театры жуырда П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен Оман елінің астанасы Маскат қаласына барып қайтты. Бұл шығарманы аталмыш өнер ұжымының балет труппасының жетекшісі, РФ халық әртісі Алтынай Асылмұратова жаңа хореографиялық редакцияда қойды. Оман мемлекеті барлық шығынды өзі көтерді. Бұл елдің «Астана-Опера» театрын аттай қалап шақыртуына Алтынай Әбдуахимқызының әлемге танымалдығы үлкен әсерін тигізді. Төлеубек Әлпиев осыны айтып, театрды тұлғалар жасайтынына назар аударды.
Жалпы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің стратегиясына сәйкес, Қазақстанның өнер ұжымдарын шақыратын ел аз дегенде шығындардың
50 пайызын көтеруі керек екен. Ал алда ашылатын маусымда «Астана-Опера» театры Берлинге, Дубайға гастрольдермен баруды жоспарлап қойыпты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Германия астанасында «Абай» және «Қыз Жібек» операларын көрсеткіміз келіп отыр. Пласидо
Доминго бізді «Абай» операсымен Лос-Анджелеске шақырды. Біз өз тарапымыздан оған Абай партиясын орындау туралы ұсыныс айттық. Алайда ол қазақ тілінде айтуға қиналатынын жеткізді. Сондықтан біз тым құрығанда дирижерлік етсеңіз екен деп өтіндік. Оған әйгілі әнші келіскендей болды» дейді Төлеубек Әлпиев.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button