Ел тынысы

Астанада өтетін Көшпенділер ойындарына дайындық қалай?

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Астанадағы Алқа мәжілісінде елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізуге дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Ол алдымен аталған додада спортшыларымыздың сәтті өнер көрсетуіне бар жағдайды жасау керек екенін тілге тиек етті.

«Осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу. Байрақты бәсекенің саламатты өмір салтын дәріптеудегі, бауырластық байланыстарды арттырудағы маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәлімдеген болатын. «Спорт – бейбітшілік елшісі» деген сөз бар. Спорт арқылы ортақ құндылықтарды қалыптастыру, халықтарды жақындастыру ұстанымын көздеген жөн. Бұл ретте, Көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар келеді деп күтілуде. Бұл додада спорттық ойындармен бірге мәдени және ғылыми бағдарлама да кеңінен ұсынылады. Ат жалында азамат болып ер жеткен қазақ халқы ежелден спортқа бейім. Өз жерімізде өтетін жарысқа тыңғылықты дайындалып, Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетуі үшін спортшыларға барынша жақсы жағдай жасауымыз керек. Өңірлер дене шынықтыру және спорт басқармалары басшыларын ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша жұмысын жандандыруды сұраймын», – деді Ермек Маржықпаев.

Айта кетсек, елордадағы Алқа мәжілісінде министр бұқаралық және олимпиадалық спорт түрлерін жетілдіруде ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айтқан болатын. Сондай-ақ министр спортшыларды даярлаудың заманауи инфрақұрылымын құрудың маңыздылығын атап өткен еді.

Еске сала кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді.

Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button