Басты ақпаратЖаңалықтар

Астанада веложол ашылды



Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай Астананың «Жасыл белдеуі» аумағының оңтүстік-батыс бөлігінде жалпы ұзындығы 23 шақырымға созы­латын жаңа веложол ашылды. Салтанатты рәсімге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

dsc_6424

– Елорда салауатты өмір салтын мақсат еткен, спорттық шаралар легін үдеткен қалаға айналып келе жатыр. Осының жар­қын дәлелі ретінде «Астана марафоны-2016», дуатлон, триатлон секілді бірқатар спорттық жарыстардың ұйымдас­ты­рыл­ғанын атап өту керек.

Жаңа веложол – елордалықтар үшін керемет тарту. Алдағы уақытта да оны тиімді ету жағын ұмыт қалдырмадық. Мәселен, қыс мезгілінде бұл веложол шаңғы тебушілер үшін таптырмас алаңға айналғалы отыр, – деді шаһар басшысының орынбасары.

Дербестігімізді айғақтап, мерейімізді үстем етер Тәуелсіздік осылайша елор­далықтарға тағы бір ақжолтай жаңа­лығын тарту етті. Бокстан Рио Олим­пиадасының чемпионы Данияр Елеусінов бастаған балалар мен жасөспірімдерге арналған №6 спорт мектебінің велошабандоздары мен шаһар тұрғындары салауатты өмір салтын қа­лыптастыруға бағытталған шарада жаңа жолда жарыса велосипед тепті.

Бұл бастаманы Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көтерсе, «Астана орманы» ЖШС қолдау білдіріп, ашық аспан астында ұзындығы бірнеше шақырымға созылатын тақтайдай тегіс веложолдың салынуына өзіндік үлесін қосты. Айта кету керек, ені 2 метрді қамтитын жол – заманауи үлгідегі барлық техникалық талаптар мен стандарттарды сақтай отырып жасалған әрі елімізде орман ішінде орналасқан тұңғыш веложол. Расында да, айналасы ағашқа толы «Жасыл белдеу» қаладан тысқары орналасқандықтан болар, мегаполистің қым-қуыт тірлігінен ада. Сол үшін де велоспортқа әуесі бар астаналықтар үшін таптырмас мекенге айналары сөзсіз.

dsc_6366

Сондай-ақ, веложол бойында дем алуға мүмкіндік беретін 6 күрке орнатылды. Яғни, жүйткіп келе жатып, шаршап-шалдықсаңыз, күркеге кіріп, аздап тынығып аласыз, бойыңызға күш-қайрат жинап, қайта аттанасыз.

Ал күллі әлем көз тіккен Рио Олимпиадасында жеңіске жетіп, ел мерейін асқақтатқан Данияр Елеусінов ел егемендігінің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған спорттық шараның, әсіресе, жастарға берер пайдасы көп екендігін ерекше атап өтті. «Өздеріңіз байқағандай, бұл – жарыс емес, көпшілікті ұйыстырған бұқаралық велошеру, мақсат – жаңадан салынған веложолмен жүріп өту және спорттың адам денсаулығына берер мол пайдасын тағы бір мәрте дәлелдеу. Өзім егемендіктің құрдасымын. Сондықтан ел үшін орны ерек мереке қарсаңында ұйымдастырылған велошеруге қатысқаныма қуаныштымын» деді әлем чемпионы.

Ауқымды шараға 80-нен аса адам қатысты. Айта кету керек, Ильинка кентінен бастау алған жол Қосшы елді мекеніне дейін жалғасады. Бәрі де таза ауамен тыныстап, межелеген қашық­тықты бағындырды. Осылайша, елор­далықтар спортқа деген ынтасын тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Әмір ДОСҚОЖА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button