Қала тіршілігі

АСТАНАЛАР АЛМАСҚАНДА…



ERA_9367

– Астанада тұрып жатқаныңа мақтан, немерем! – деді сексеннің сеңгіріне көтерілген қария аппақ басын сәл шұлғып, жанарынан мейірім ұшқындата. Жүзінде ойлылық басым. Сөзінен мақтаныш пен қанағаттың, әлдебір ләззатты толқынның нәзік иірімі ширығып, дауысына шаттаныс дірілі жүгіргендей еді.
– Не дейсіз, ата? – Нәті, орта мектептің жоғарғы сыныбының оқушысы болуы керек, алдындағы планшеттен көз айырмай, мәнсіз міңгірлеген сыңайлы. – Бұл Астанада екінің бірі тұрып жатқан жоқ па? Сіз ауылды мекендегеніңізге әлі күнге дәсердей болып жүрмейтін бе едіңіз, атам-ау?! Енді келіп қаланың қамына бас-көз жоқ килігіп кеткеніңіз қалай?
Атасы көсе жағын саусақ ұшымен жеңіл сипап өтті де, кәдімгідей ойланып қалды. «Осы не көңірсітіп отыр?» Иә, есіне алса бәрі орынды, орнықты. Ауылда туып-өсті. Ұрпағы сонда тамырланды. Зейнетке шықты. Жасы еңкейгенде сыңарсыз қалу жанына батты да балаларын сағалап осы бас шаһарға қоныс аударған. Енді қазір елордалық ардагерлердің мықты сапында жүргеніне тәубә деседі. Шал өз-өзінен күбірлеп тулап түсті. Сөзінің шеті айқын естіліп те қалды… «Дала мен қаланы бөлмес болар, құлыным!…» Сосын құмбыл ежірейіңкіреп:
– Мен енді астаналықпын ғой! Сол үшін де бақыттымын! Даламды төмендетпей, осы қаламды асқақтата аламын, шырағым! Айтқандай, осы шаһар қазақ елінің нешінші астанасы екенін білетін шығарсың…
Немересі бұл сөзге тіксініңкіреп қалды. Көз қиығының ұшынан: «Аташым, мұны білмесем, несіне оныншыда оқимын…» дегендей таңданыс пен паңданыс байқалды. Ал атасы тапжылмай сынай қарайды. Жауабын күтіп, аңысын аңдып отырғандай. Бір жағы өзінің білігін тексермек сыңайын сезген немересі енді үнсіз қалудың ретсіздігін аңғарып:
– Орынбор, Қызылорда, Алматыдан соңғы төртіншісі осы Астана ғой, аташым!– деді де әлдене есіне түскендей боп, сөредегі сықаған кітаптарға сүзіле көз жүгіртті. Орнынан ширақ көтеріліп, Сәбит Мұқановтың үшінші томын іліп әкеп үстел үстіне қойды да томсыраңқы күйге түсті.
– Е, бұл кітаптың Астанаға нендей қатысы бар еді?– деп сұрады атасы әлдебір тереңірек әңгіме желісін аңғарғандай боп.
– Мен сұлу Астанамның жас тұрғыны болғандықтан да оның әу бастағы тарихын зерделей жүргім келеді, ата!– деді немересі салмақпен. – Ал астаналарды көшіру проблемаларының кезінде өзіндік кілтипандары болғандығын да жадымызда түйіп жүргеніміздің еш артықтығы жоқтығын түсінемін. Енді соны дәлдеп айтып көрейінші!..
Атасы жақсы түс көргендей таң-тамаша күйге еніпті… «Мына тентегімнің өзіндік тереңі бар екен-ау!» деп іштей сүйсінді де шаттанғандағы әдетінше жеңіл күлкісін лекілдете түсіп, әңгіме күйін қосыла шертуге ықылас танытты.
Сөреден алған манағы кітапты, яғни Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясының үшінші бөлігі – «Есею жылдарының» белгі түскен бетін ашып алған немересі судыратып оқи жөнелді. «… Қалада болып жатқан күнделік жаңалықтарды жұрттан бұрын естігіш – Әбдірахман Байділдин де жуық арада Мос­квадан Қызылордаға келіп, кәсіпшілер одағының оқу жұмысын басқаратын Цекасына председатель болған екен. Сырт естуімше және баспада шығып жүрген мақалаларынан байқауымша, соңғы кезге дейін, Сәкен тілімен айтқанда, неонационалистердің (жаңа ұлтшылдардың) бірі боп жүретін Байділдин, Қызылордаға келе солақайланып, Смағұл Сәдуақасовтан (Мәскеуде жерленген С.Сәдуақасовтың сүйегі кейін Астанада мәңгілікке жер қойнына тапсырылды – Қ.Әлім) бастап, «ұлтшыл» атаулыға қатты шабуыл жасап жүр. Көркем әдебиет мәселесінде солай. Осы қылықтары үшін, бұрын жек көретін оны кейінгі кезде сырттай ұната бастағам. Сонымды білгендей, мен Сапар Мұстафиннің үйіне түсе бір құшақ кітапты қолтықтап (солай жүру әдеті де) кіріп келді.
– Сволочтар! – деді ол маған, амандық-саулықтан кейін, бетін алақанымен желпи сөйлеп, – яғни, ұлтшылдар, конкретно – қожановшылдар, республика орталығын осындай күйіп тұрған қалаға әкеліп, оның үстіне – түк көркі жоқ қала, … ыстығынан дем алуға болмайды, бұрқыраған шаңнан адам құмығып өлетін, осындай қала астана бола ала ма?! Бұл ұлтшылдардың қазақ астанасынан жұртты әдейі жирендіру үшін істегені!.. Онымен оңған жоқ өздері: сиырдың бүйрегіндей бытырай бастады, кешікпей бәрінен де құтыламыз, сонан кейін астананы бұдан көшіру керек!..
– Қайда? – деді Сапар күліп.
– Табылады. Мәселен, Ақмола!
– Ол тым кішкене қала ғой, – деді Сапар, – және темір жолсыз тұйықта жатыр. Басқа облыстар оған қалай қатынасады?
– Ақмола ма, басқа ма, әйтеуір астананы бұдан көшіру керек!, – деді Әбдірахман.
– Ол келешектің жұмысы ғой,– дедім де мен Әбдірахманнан әдебиет жайын сұрап кеттім…»
Даңғайыр жазушының авторлық баяндауындағы осынау алуан көзқарастағы қазақ зиялыларының пікірі, ой-өрімдерінің сол заман мен қоғамның әуселесіне орай әукесін қаситын аумалы-төкпелі көңіл ауанымен айтылған мұндай тұстарын бүгінгі ұстанымға салып, қалыптаудың да қажетсіздігін ойға шомған атасы қысқа сөзімен немересіне түсіндіріп бақты. Немересі де салыстырмалы һәм сараптамалы ойлау жүйесіне соншалықты машықтығын былайғы екеуара әңгімесінде айқын сездіріп отырды. Оның пайымдауынша, мемлекетіміздің астанасына қатысты ойлардың сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде кейбіреулерді әлгіндей толғандырып жүргені маңызды болса керек. Қалай болғанда да зиялылардың аузына Ақмола қаласының түсуі тегін емес сияқты. Сөз орайында атасы поляк революционері Адольф Янушкевичтің қазақ даласына жасаған саяхат жазбаларынан оқып, көңіліне тастай етіп түйіп алған оның мына пікірін: «Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы» деген құдай аузына салғандай сөзін тақпақтап жібергенде, немересінің көзі атыздай боп кетті. Мұндай пікірді тұңғыш рет естіп тұрғанын, ол кітапты қайдан тауып оқитынын шыдамсыздана қазымырлап әсерленгені сонша, көзі жыпылықтап, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүре бастады…
Тереңнен тартылған желінің тағы бір қызықтырар тұсы сылдырмақша елегізете түспесі бар ма? Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхановтың жазып қалдырған: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау» деген Г.Н.Потаниннің көрегендік сөзін мысалға келтірген атасы «мұның ұрпақтардың жадында жүрер алтын сөз екендігіне» немересінің ықыласын оятып, өзгелерге насихаттай жүруіне емеурін білдірген еді.
Ал мұндай әңгімеде қазақтың ұлы ғалымы, ойшылы Қаныш Сәтбаевтың кезінде еліміздің жоғары билігіне тіреп жазған баянхатында Қазақ КСР астанасын еліміздің географиялық орталығы Қарағандыға немесе Целиноградқа көшіруді ұсынғаны айтылмай қалуы тіпті де мүмкін еместей еді. Ғұламаның Ұлттық Ғылым академиясының ғимаратын сол Ақмолада салу жөніндегі ұсыныстары болғаны да тарихтан белгілі. Ал бір таңқаларлығы, Н.Хрущевтің Қазақстан астанасын Целиноградқа көшіру жайын ойластырып қойғаны да бүгінге нақты құжаттар арқылы жеткен. Бұл тұрғысындағы ойды түйіндер болса, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» кітабының («Атамұра» баспасы, Алматы, 2005 ж.) мына тұсын айғақ ете алады: «… Дегенмен, астананы көшіруге бағытталған алғашқы ұйымдық шаралар және нақты қадамдар бәрібір жасалған. Білуімше, Тың өлкесін басқарған ресми адамдар осы мәселелермен Мәскеуге бірнеше мәрте барған. Олар Қазақстанның болашақ астанасы Целиноградқа, Съездер сарайына ұқсас, өзінің ірі Мәдениет сарайы керектігін алға тартқан. Мәскеу бұған ақша берген. Осылай күні бұрын алдарына барғаннан кейін Мәскеу Жастар сарайын, өлкелік комитет үйін, қонақүйді, шағын аудандарда тұрғын үйлер салуға да ақша бөледі. Энергиямен және сумен жабдықтау біршама шешілген, Тың темір жолы құрылған. Яғни осының бәрі, ерте ме, кеш пе бастапқыда ойластырылғандай, астаналық объектілерге айналуға тиіс еді. Осылайша, Хрущев биліктен тайдырылғанға дейін Целиноград ақырын, елеусіз ғана, болашақта тек Тың өлкесінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның астанасы болуға дайындала бастады.
Бұл жоспардың бәрі жалпы алғанда мен үшін, әрине, соншалықты жаңалық та емес еді. Хрущевтің осындай ниеті болғаны туралы бұрын да естігенмін. Әйтсе де, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы қадамдары кезінде бұл жайттар маған ой салды».
Сөйтіп, ата мен немере арасындағы тұтанып кеткен астана ауыстыру хақындағы әңгімелер осылайша біраз жайттардың басын шалғандай еді. Бәрінен де шыңырау түбінде жылтыраған судай тұшымды шындық салтанаты сезіліп тұратын.
Біреу білер, біреу білмес, ел астанасы Қызылордадан 1929 жылы Алматыға көшін бұрмас бұрын мынадай қызық та елеулі оқиға орын алыпты. Бастапқыда астананы тың жерден салуға ұйғарым жасалыпты. Атап айтқанда жаңа қаланы Алматының солтүстігіне қарай 120 шақырым жерде, Іле өзенінің жағасында тұрғызу қарастырылса керек. Бұл ұсыныс сөз жүзінде қалмаған, әуелгі құрылыс жұмыстары қолға алынып, вокзал, тұрғын үйлер, қоймалар мен өзге де нысандар бой көтеріпті. Неге екені белгісіз, бәрі тежеліп, астаналық мәртебе Алматының тап өзіне бұйырып шыға келмей ме? Бұл да бір тарих қалтарысындағы қағаберіс әрі қызғылықты дәйектердің бірі болғаны да…
Алматыда кіндік қаны тамған немересі оңтүстік өлкенің табиғи байлығы мен өлшеусіз сұлулығын үнемі Сарыарқа төсіне қоныс тепкен бас қаламен салыстырып, іштей де сырттай да тамсанудан зерікпейтінін білетін атасы, Елбасының: «Менің де талай жылым Алматымен байланысты. Осында алғашқы немерелерім дүниеге келді. Бұл қала менің өзіме де, отбасыма да жанымдай жақын» деп қимастықпен өрілген сағыныш сезімін орайы­мен сыналап жібергенде, бозбала жанары жайнап қоя берді. Одан әрмен: «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын оңтайлы орналастырар жерді анықтау үшін тыңғылықты зерттеу жүргізілді. 32 өлшем бойынша жасалған талдау барлық нұсқаның ішінде Ақмола барынша артықшылыққа ие екендігін көрсетті» деген Елбасының мәлімдемесіне байланысты ата мен немере пікірлері тоқайласа өрбіді.
– Астана ауыстыру оңай емес қой! Есіңе түсірші, Алматыдан осында қалай көшіп келгендеріңді! Бір отбасының өзі абыр-сабыр боп, дүрлігіп қалады. Ал тұтастай астананы көшіру, бір қарағанда ақылға сыймайтындай қарекет емес пе? – деп атасы әңгіме ауанын басқа арнаға бұрды.
Расында да, ол сәби шағында-ақ «кедей болсаң, көшіп көрдің» хикіметін сезінген… Атасының сөзі дұрыс, қазір салыстырып қараса, енді қайта бекініп қолға алмайтын іс сияқты боп көрінеді екен. Сол жолы шешесінің екі апта бойы төсек тартып жатып қалғаны ойына оралса, жүрегі мұздайды… Ал тұтастай астананың көшін бұру Ердің Еріне ғана жарасатын, ертегідегі алыптардың еншісіндегі іс сияқты…
Әлемдік тарих талай астаналық көштің тегершігін бұрап үлгірмеді ме? Тіпті, Ресей мемлекетінің мысалынан-ақ халық мүддесі үшін жасалған жанкештілік байқалатын. Мына тізбеге қараңыз: Новгород – Киев – Владимир – Мәскеу – Санкт-Петербург – қайтадан Мәскеу! Әрбір ауыстырудың өзіндік себеп-салдары болғаны тағы аян. Ал «аспан асты елі» өзінің сан ғасырлық, тіпті сан мыңдаған жылдық тарихында өз астанасын кемінде алты рет ауыс­тырыпты. Талғам мен таңдаудың ғажап көрінісі осындай-ақ болар, бәлкім. Бұдан еш қорлық көрмеді, есесіне халық өмірі әмсә бақытты да баянды бола түскендей екен.
Кітап біткенді құнығып оқып, ғаламторды жалықпай шарлайтын бұл бозбаланың білмейтіні жоқ секілді. Әлде, әдейі астаналардың ауыстырылуын зерттеуге әуестігі басымдықтан ба екен, көңілінде бәрі сайрап тұрғандай. Қазір ол түбіт мұртын жеңіл сипап қойып, Испан королі ІІ Филипп астананы Пиреней түбегінің нағыз географиялық кіндігі – Мадридке көшіргенін, Финляндияның астанасы өткен ғасырдың басында Хельсинкиге, Норвегияның астанасы Ослоға, Үндістанның астанасы Нью-Делиге, ал 1971 жылы Пәкістанның астанасы Карачиден Исламабадқа ауыстырылғанын ойлап отыр еді… Есіне түсіре бас­таса, әлі де толыға түсер еді бұл тізбектер…
Ата мен немере бір-біріне үнсіз қарасып қалған. Әлдебір арман, шадыман шаттыққа бөленгендей. Шіркін, атойлаған жас жүректен мына дімкәстәу кәрі жүрек те қалыспай лүпілдеп, ертеңгі күннің қуанышын көргісі келгендей кеуде кере дүрсілдейтіні несі?! Есіне Елбасының: «Иә, біздің Астана сәулет өнерінің жауһар туындыларына, үздік үлгідегі ескерткіштерге, алуан гүлдермен өрнектелген бау-бақшаға оранған, Шығыс пен Батыстың ең озық рухани құндылықтарын талғаммен бойына жинаған жоғары мәдениетті қалаға айналған сол бір жарқын күндер-ай десеңізші, шіркін!» деген ақжарма сөзі түсіп, нұрлы болашақ әсерінен өңі бал-бұл жанып, жайнап кетті…
– Астанамыздың осы тұрағы мәңгілік болсыншы! – деді немересі шалқыма күймен шаттанып.
– Әмин! Астанамен мақтана беріңдер! – деді атасы одан бетер мейірленіп.

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
ҚР Президенті сыйлығының
лауреаты




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button