Денсаулық

Астаналық аурухананың зор жетістігі



Соңғы жылдары елорда медицинасы шетелдік және республикалық деңгейдегі мықты медицина ғалымдары өткізетін шеберлік сабақтары және семинарлар арқылы дамуда. Олар көбіне хирургия, ортопедия, травматология, педиатрия, бас-жақ сүйек хирургиясы, урология, ЛОР саласына бағытталады. Елордада былтыр сондай 17 шеберлік сабағы мен семинар өткізіліп, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ­қарасты барлығы 200 медицина қызметкері оқытылды.

Былтыр жыл басында, ақпан айында өткен алғашқы шеберлік сабағы «Ураностафилопластикадан кейінгі қатты және жұмсақ таңдайдың қалдық ақауларын жоюдың заманауи әдістері» деп аталып, оған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті жақ-бет және пластикалық хирургия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Серік Нұрманов шақырылды. Одан басқа да шеберлік сабақтарына Ресей, Бельгия, Израиль, Түркия елдерінің ең беделді жетекші ғалымдары мен профессорлары келіп қатысты. Олардың ішінде әлемнің ең жетекші ортопеді, Израильдің «Technion» университетінің профессоры Марк Эйдельман «12-17 жастағы жасөспірімдерде жамбас буындары аяқ-қолдарының деформациясын түзету» тақырыбындағы шеберлік сабағын өткізді. Түркиялық уролог, профессор Әли Текин «Балалар урологиясындағы эндовидеохирургия» тақырыбындағы сабаққа қатысты.

Осы шеберлік сабақтарында республикамыз бен шетелдің білікті дәрігерлермен бірге күрделі оталар жасауды үйреніп, тәжірибе жинақтап жүрген маманның бірі – Ринат Байгиреев. Ол – №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында хирургия блогының басшысы, 26 жылдық тәжірибесі бар елорданың бас балалар хирургі.

– Былтыр Балалар жылында ота жасау көрсеткіші бойынша рекорд орнаттық десе болады. Соның ішінде аталған 17 шеберлік сабағында отаның 20 түрі алғаш рет жасалды. Енді бұл оталар біздің елдің балалары үшін қолжетімді. Солардың 3 түрі бойынша біз кейін шетелдік мамандарсыз өзіміздің үйренгеніміз бойынша бірінші рет ота жасап, оны сәтті аяқтадық. Қазіргі әлемдік хирургиядағы тренд – аз инвазивті, яғни дене бөлігін тіліп немесе кеспей, яғни денені көп жарақаттамай ота жасау. Бала отадан кейін ауырсынбай, тез оңалып кетуі керек. Осыған орай, біз былтыр қажетті заманауи жабдықтар алдық. Осы тұрғыда шетелдік мамандармен аталған шеберлік сабақтарында тәжірибе алмасып, көп нәрсе үйрендік. Шеберлік сабақтарындағы ота жасау сәтін онлайн форматта ТМД елдерінің дәрігерлері де көрді, – дейді хирург.

Жалпы осы тұрғыдан алғанда, аталған аурухана – елорда бойынша ғана емес, республика деңгейінде жалғыз емдеу орны. Себебі ауруханадағы төсек орындардың 80 пайызы хирургиялық бағыттағы науқастарға арналған. Мекеме елордадағы 0-18 жас аралығындағы 400 мыңнан аса науқасқа қызмет көрсетеді, оның үстіне әрбір төртінші науқас – өзге өңірлерден келгендер. Соған қарай дәрігерлерге түсетін жұмыс жүктемесі де ауқымды.

– Жылына біздің ауруханада орташа есеппен 13 мың ота жасалады. Бұл – республика бо­йынша ең жоғары көрсеткіш. Аурухана дәрігерлері науқастарға 10 түрлі салада шұғыл және жоспарлы ота жасайды. Кардио­хирургия мен онкологиядан басқа саланың бәрін қамтимыз. Бұл шеберлік сабақтары біздің медицинамыздың жаңа бағытта дамуына үлкен серпін берді. Ота жасау ауқымы кеңейді. Дәрігерлеріміздің сенімі мен ынтасы артты, – дейді Р.Байгиреев.

Бір айта кетерлігі, аталған шеберлік сабақтарында үйренетін оталар жасау ерекшелігі – ол көбіне заманауи технологиялық жабдықтарға тәуелді, яғни қанша жерден маман мықты, білгір болып тұрса да, соған сай технология болмаса, ота жасалмайды. Сондықтан қазіргі таңда елордалық хирургтер жасай алатын оталар бойынша жаңа технологиялар алу қажеттілігі де туындады.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button