Жаңалықтар

«Атамекенді» аралады



p-1024x1024-karta-kazahstana--atameken

Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ашылған «Атамекен» Қазақстан картасы» – этно-мемориалдық кешені бүгінгі таңда елорда тұрғындарының ғана емес, қала қонақтарының да ең көп келетін мәде­ни орындарының бірі. Жақында Алматы ауданының бір топ қариялары Астананың осынау айшықты нысанында болып, ондағы ғажайып­тарды көзбен көріп қайтты.

Олар аталмыш ауданның үйде әлеуметтік көмек алатын 50-ге жуық жалғызілікті зейнеткері мен мүгедегіне әр облыстың өзіне тән ерекшелігі мен жетістіктерін орыс және қазақ тілінде әңгімелеп берді.
Ардақты аға буын өкілдері еліміз­дің әйгілі қалаларының кішірей­тілген үлгідегі ғимараттары мен ескерт­кіш­терін, республикамыздағы 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының өткені мен бүгінгі тынысынан сыр шер­тетін құнды мұраларды тамашалады.
Картаның ерекше сәнмен жасалған макеттерінің бірі – Каспий теңізі. Сонымен қатар, этнокешендегі еліміздің темір жол желісі мен поездардың макеттерін қызықтаған қариялар Қазақстанның мәдениет, экономика салаларындағы жетістіктеріне куә болды. Картада Қызылорданың күріші, Қарағандының көмірі, Маңғыстаудың мұнайы, қарт Бурабай, Қорғалжынның ерке құстары мен Каспийдің аққулары, Алатаудың ақ бас шыңдары, тағы да басқа айтып тауыса алмайтын қазыналы Қазақ даласы әсем бейнеленген. Қариялар туған өлкенің құндылықтарын осынау картадан көріп, ерекше сезімге бөленді. Әсіресе, «Хан шатыр», Тәуелсіздік сарайы, «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттері мен тағы да басқа нысандардың макеттері келушілерге қатты ұнады.
– Еліміздегі таулар, қыраттар, өзен-көлдер, орманды далалар өте тамаша сипатталған. Өзіміз тұратын Астанада да тамаша жерлер көп екен. Қысқасы, «Атамекен» Қазақстан картасы этно-мемориалдық кешені маған өте ұнады. Бұл жерде мен өз елімнің табиғатымен және де әлем кереметтерімен таныстым. Мұражай қызметкерлеріне, сондай-ақ, Алматы ауданының жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсететін №1 және №2 бөлімшелерінің қызметкерлеріне рахмет, – деп М.Абдрахманова қариялар атынан алғысын айтты.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button