Жаңалықтар

Жетпіс пайыз қазақ тілінде сөйлемек…

ce60a72aba878c0714fe3ae333dac5ca

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Қонысбай Әбіл журналистермен жүздесті.

Бүгінгі таңда орталықта бірқатар жаңа жобалар қолға алынған. Әсіресе, терминология саласында қордаланып қалған мәселе жетерлік. Сондықтан, осы түйінді тиімді шешу үшін орталық терминдердің электрондық қорын құру бойынша ғы­лыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізуде. Порталдың негізгі мақсаты – тілтанушы ғалымдарға бірлесіп жұмыс жасауға арналған платформа құрып, ізденушілерге қазақ терминологиялық қорындағы терминдердің аудармасы мен этимологиясына қол жетімділігін арттыру қарастырылған.
Терминология – ғылымның маңызды саласы. Негізінен, терминдерді қазақ терминологиясын жүйеге келтіру, қазақ тілінің айтылу және жазылу заңдылықтарына сай жүйелеу, жаңа сөздер мен атауларды біріздендіру өте маңызды. Бұл жұмыс әлемдік тәжірибені, туыс тілдердің моделін, халықаралық терминдерді қолдана отырып жасалуы тиіс. Сондықтан жаңадан бекітілген терминдердің БАҚ-та жариялану жиілігіне мониторинг өткізіліп тұрғаны абзал, – дейді Қонысбай Әбіл.
Айталық, тиісті бағдарламаға сәйкес 2014 жылы қазақ тілінің реттелген терми­нологиялық қорының үлесі – 20 пайызға, 2017 жылға қарай – 60 пайызға, ал 2020 жылға қарай 100 пайызға жеткізу міндеттелген.
Сондай-ақ, алдағы таңда елімізде тіл­дер­ді оқытудың бірыңғай әдістемесі жа­сақталмақ. Бұл жұмыс, негізінен, қалалар мен аймақтарда орналасқан орталықтардың жұмысын біріздендіруге бағытталған. Се­бебі, олардың сағаттары да әртүрлі, бірыңғай әдістеме де жоқ екен.
«Орталық бағдарлама аясында 100-ге жуық оқу-әдістемелік құрал жасап шығарды. Және ол барлық аймақтарға таратылды. Орталықта екі мультимедиалық кабинет, 3000 кітап қоры сақталған кітапхана бар. Қазіргі таңда орталықта оқу-әдістемелік жұмыстармен бірге баспа ісін ғылыми сараптамадан өткізуге мүмкіндік берілген. Өзіміздің сайтымыз да жұмыс істейді. Күнделікті оқу-әдістемелік терминология, социолингвистика, аударма ісі және қазақтану сынды бөлімдер қызметтерін атқаруда» дейді орталық басшысы.
Және орталық маманы Лиза Есбосынова тағы бір жан жадыратар тың жаңалық жеткізді. Оның айтуынша, 2017 жылға қарай қазақстандықтардың 70 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлемек.
«Бүгінгі таңда біздің жүргізген әлеу­меттік сауалдамамыз бен тіл үйрету орта­лықтарынан берілген сертификаттар саны­ның пайыздық көрсеткіштеріне қарап Қазақстан азаматтарының 40 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза алатынын аңғардық. Нақты жоспарды орындау арқылы біз бұл көрсеткішті 2017 жылы 70 пайызға дейін жеткізетін боламыз» деді ол.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button