Басты ақпарат

Азаматтық форум алаңы

Кеше елордадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Азаматтық қоғам және мемлекет» атты тақырыпта VIII қалалық форум өтті. Форум жұмысына Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қатысты.

Бұл форумда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар үшін тиімді сұхбат алаңы өрбіп, азаматтық секторды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Жиында қала басшысы сегізінші рет өтіп отырған форумның маңызына салмақ салып сөйледі.
– Бұл басқосудың негізгі мақсаты елордадағы азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды ортаға салып, талқылау болмақ. Сонымен қатар, Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеу­меттік бастамаларды іске асырудағы бірлескен іс-қимылымыздың негізгі басымдықтарын айқындау.
Бүгінде елорда әкімдігі мен 30-дан астам үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, 463 миллион теңгеге 66 әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырды. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық пікірді ескере отырып, жұмыс істеу мүмкіндігін туғызды. Мысалы, «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында Білім басқармасы мен оған қарасты мекемелердің қызметіне ҮЕҰ өкілдері мен ата-аналар қауымдастығы бақылау іс-шараларын қолға алды. Сондай-ақ, «Қарсы» жастар ұйымымен жастар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жұмыстары қолға алы­нып, мектептердегі келеңсіз жағ­дайларға байланысты сауалнама жүр­гізілді. Қазір қаламызда 80-ге жуық жастар ұйымдары тіркелсе, солардың 30-ы қаладағы қоғамдық-саяси, мә­дени шараларға белсенді атсалысады. Қысқасы, үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік, экономикалық, құқықтық мазмұндағы мәселелерді шешуде мемлекеттік органдардың сенімді се­ріктесі екенін айтқым келеді, – деді елорда әкімі.
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан ­Калетаев өз сөзінде бас шаһарда аза­­маттық бастамалар орталығының құ­рылысы басталғанын жеткізді. «Қазір әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобалар қолға алынды. Осы мақсатта арнайы сала мамандарын шақырып коучер оқытылады. Және еліміздің барлық аймағында әлеуметтік жобалардың карталары жасалады» деді министр. Сонымен қатар, Дархан Кале­таев алдағы 27-28 қарашада республикалық азаматтық форум өтетінін хабарлады. Форум барысында сұхбат алаңында 4 сек­циялық шара ұйымдастырылып, үкі­меттік емес ұйымдардың ең үздік әлеу­меттік жобасы марапатталды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button