2022 - Балалар жылы

Балаларға ерекше назар аудару керек



Балалық шақ – бұл адамның дамуындағы маңызды кезең, өйткені дәл осы кезеңде салауатты және бақытты өмірдің негіздері қаланады. Балаларға деген көзқарас мемлекеттің әл-ауқат деңгейінің, дамуы мен қоғам мәдениетінің көрінісі болып табылады. Балалардың дамуына қолдау көрсету – қоғамның стратегиялық мақсаты.

Баланың құқықтары – бұл адам құқықтары санатындағы ұғым және баланың адам ретіндегі қадір-қасиеті мен бірегейлігінен туындайды. Қазақстандық балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының басты басым бағыттарының бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасында балалардың өмір сүруге, ар-намысы мен абыройын қорғауға, жеке басына қол сұғылмаушылыққа, тұрғын үйге, білім алуға, әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік қызмет көрсетуге, денсаулық сақтау мен медициналық көмекке, мәдени құндылықтарға қол жеткізуге және басқаларға неғұрлым маңызды құқықтары заңнамалық түрде қамтамасыз етілген. Қабылданған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс, «Білім туралы», «Баланың құқықтары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы» заңдар және де басқа заңнамалар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Республикада заңнамалық базаны жүйелі түрде жаңарту және жетілдіру ұдайы жүргізілуде.

Қабылданған заңдар, нормативтік-құқықтық актілер балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қазіргі кезде елімізде балалардың мүддесі үшін заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқына арнаған жаңа жылдық Жолдауында 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Сондықтан келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» деді Мемлекет басшысы.

Бұл сөздердің жалғасы ҚР Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №780 «Балалар жылын жариялау туралы» Жарлығы болды, оған сәйкес ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 20 наурыздағы №148 «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысы шықты.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрі 2022 жылғы 1 ақпандағы №21-ө өкімімен Балалардың хал-ахуал индексін бекітті. Индекс балалардың хал-ахуалын және әртүрлі салаларда балалар үшін жағдай жасауға бағытталған ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін бағалауды жүргізу үшін әзірленген. Айта кетейік, 2004 жылы Америкадағы балаларды дамыту қоры балалардың хал-ахуал индексін бірінші болып әзірледі және жариялады.

Индекс төрт негізгі бағыттан тұрады: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат» және «Елдің әл-ауқаты». Балалардың хал-ахуал индексінде «Ешкімді шетте қалдырмау» қағидаты басты негізге алынған.  Деректер орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ашық көздерінен, сондай-ақ балаларға (ата-аналардың рұқсатымен) және ата-аналарға сауалнама жүргізуден құралады. Барлығы индексте 11 ұғым қолданылады. Үкіметте хабарлағандай, Қазақстан балаларының хал-ахуал индексін енгізу өңірлер бойынша балалардың жағдайын жақсартуды тежейтін факторларды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа параметр балалардың әл-ауқатын объективті бағалау және Қазақстанның ең кішкентай тұрғындарына бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділік дәрежесін алу үшін құрылған.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 0-ден 17 жасқа дейінгі 6295590-нан астам бала тұрады. Демографиялық әлеует елдің болашақ дамуының факторы болып табылады.

Көрнекті орыс философы Питирим Сорокин «Қазіргі отбасының дағдарысы» атты еңбегінде тәрбие мен оқыту тек отбасылық құзірет болудан қалды деп жазды. Енді міндет мемлекеттің қолына өтеді.

Заң, мемлекет сияқты, әлеуметтік дамудың нәтижесі. Баланың құқықтары – бұл әділеттілікті белгілеу мен балаға тиесілі немесе ол пайдалана алатын нәрсеге қол сұғушылыққа жол бермеу үшін мемлекет немесе ұлттан жоғары құрылым тарапынан белгіленген әлеуметтік мінез-құлық ережелерінің жиынтығы. Балаға туғаннан бастап өз құқықтары беріледі.

БҰҰ-ның 1989 жылғы Бала құқықтары туралы Конвенциясының                         1-бабына сәйкес, «Әрбір адам 18 жасқа толғанға дейін бала болып табылады» деп айтылған. 2002 жылғы 8 тамызда қабылданған «Баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы: «Бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам» деп түсіндіреді.

Балалар тікелей немесе жанама қатысу арқылы мемлекет өмірінің көптеген салаларына әсер етеді. Сондықтан, мемлекеттік саясат мемлекеттің барлық элементтері: мемлекеттік органдар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары, басқа да әлеуметтік құрылымдар мен коммерциялық сектор құрылымдары саясатының жекелеген түрлерін қамтиды.

Негізінен, балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясаттың мақсаттары балалардың құқықтарын қорғау төңірегінде шоғырланғандықтан, тиісінше Қазақстан Республикасында балалар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады.

Балалардың құқықтарын қамтамасыз етуді көбінесе мемлекет балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру арқылы жүзеге асырады. Балаларға қатысты мемлекеттік саясаттың мазмұны мен нәтижелілігі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттің құқықтық жағдайына, азаматтық қоғамның кемелденуіне, саяси мәдениеті мен ұлттық дәстүрлеріне байланысты.

Бүкіл әлемдегі балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі саясаттың қазіргі жай-күйі – негізінен, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар бастамасының нәтижесі.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат халықтың неғұрлым осал және қорғалмаған санаттарына қатысты қазақстандық қоғамның ұстанымын құндылықты, когнитивті, саяси-құқықтық негіздеуде көрініс табады. Балаларға деген көзқарас әл-ауқат деңгейінің, мемлекеттің дамуы мен қоғам мәдениетінің көрінісі болып табылады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, балалар жылы ұрандар мен мерекелік іс-шараларды өткізуді емес, ең алдымен, билік органдары тарапынан балалық шақты қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты шаралар қабылдауды білдіреді.

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз. Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі таңда балалардың пайдасына атқарылып жатқан іс-шаралар мен көптеген бастамалар биылғы жылы маңызды және жақсы нәтижелер көрсетуде.  Өйткені балалар тек сөзбен ғана емес, қағаз жүзінде де, нақты іс-әрекетте, заңда және оның дұрыс, сапалы орындалуында қолдау мен түсінуді қажет етеді.

Жазира АМАНГЕЛДІ,

«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КЕ АҚ

Стратегия және корпоративтік басқару бөлімінің маманы

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button