Қала тіршілігі

Бар қонақтың басын қосқан – «Бәйтерек»



Елорда символы «Бәйтерек» монументіне келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Күрделі жөндеуден кейін келбетін өзгерткен нысанды бүгінге дейін 263500 адам  тамашалады. Шамамен 90 миллионға жуық табыс түскен.

ЭКСПО көрмесі кезінде «Бәйтеректің» түбі кезектен арылмады. Кішкентай баладан еңкейген кәріге дейін елорда символын қызықтау үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Мекеме қызметкерлері күннен қорғайтын арнайы шатырлар тігіп, орындықтар орнатып, халықты ауыз сумен қамтамасыз етті.

«Бір күнде 3000-ға жуық адам кірді. Қауіпсіздік шараларына мән бердік. Арнаулы терминалдар орнатып, кассаның жұмысын жеңілдеттік. Арнайы мамандандырылған күзет қызметі мен полиция өкілдері күні бойы кезекшілік жасады. Таңғы 09.00-ден түнгі 11.00-ге дейін адам қарасы үзілмеді. Келушілердің қатарында шетелдік қонақтар, туристер және әр өңірлерден келген мектеп оқушылары болды. Ал көп балалы отбасының, балалар үйінің шәкірттері тегін тамашалады. «Бәйтерек» монументіне келгендер алаң шетінде құрылған сахнада аймақтардан келген өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Қазіргі уақытта ЭКСПО көрмесі аяқталып, жаңа оқу жылы басталған соң келушілер қатары саябырсыды. Халықаралық шара кезінде қонақтарды жылы қарсы алып, шығарып салған қызметкерлерге алғысым шексіз» дейді «Астана-Бәйтерек» ЖШС директоры Мұрат Сапарғалиев. Оның айтуынша, көрме кезінде «Бәйтерек» монументінің 150 мыңыншы қонағы Ресейдің Түмен облысынан келген сәулетші Елена Михайловаға ескерткіш сыйлық табыс етілген.

Айта кетейік, ЭКСПО қарса­ңында күрделі жөндеуден ке­йін «Бәйтеректің» келбеті заманға сай өзгерді. Аппақ мәрмәрдан жасалған еден, алтын түстес баспалдақтар, ішкі безендірулер керемет үйлесім тапқан. Кофехана, кәдесыйлар салоны мен киім шешетін орындар да жаңаша келбетке ие.

Тағы бір жаңашылдық – LED экраны бар өнер галереясы. Монументтің фойесіне габаритті иілген алып экраннан еліміз туралы мәліметтермен танысуға болады. Ал монументтің ең жоғары қабатында аспанда самғап жүрген аспалы шам түріндегі самұрық құстар келушілердің назарын еріксіз аударады. Италиялық технологиямен әзірленген шыны витраждар қақаған аяз бен аптап ыстыққа төзімді. Билет бағасына келсек, үлкендерге – 700, балаларға – 300 теңге.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button