Әлеумет

БӘРІН «БОМЖ» ДЕМЕҢІЗ…



Безымянный 1

Белгілі тұрағы, мекенжайы жоқ жандарды «БОМЖ» деген бір сөзбен атағанда-ақ бәрі түсінікті көрінеді. Араққа салынып, есіл өмірін қор етіп, қоғамның шіріген жұмыртқасына айналғандарға не деуге болады?! «Олар да адамның баласы ғой» деген ой жүрегімізді жібіткенмен, «бомж» атаулыға жанымыз ашып, бәрін бірдей есіркей алмайтынымыз да рас.

Қаланың бір шетінде орналасқан белгілі тұрағы жоқ жандарға арналған орталыққа жету үшін жолай ұшырасқан көлікке қол көтердім. Апарып тастауға келісе кеткен көліктің жүргізушісіне ерекше мекеменің мекен-жайын айтқанымда, басынан кешкен бір оқиғаны есіне алған еді.  «Адамның басына бермесін. Біздің ауылда атпалдай азамат болды. Әскерден келіп үйленді, бала сүйді. Бір күндері  араққа салынып, бәрінен айырылып, көз алдымызда «бомж» атанды. Жиырма жылдың көлемі болып қалған шығар кім біледі қайда жүргенін? Мүмкін, мынадай қара суықта бір жерде үсіп өлді ме екен?!» деп әңгімесін аяқтады. Қысқасы, адамның ішімдікке салынып, отбасынан береке кетіп, тұрағынан айырылып, ағайын-туыс­тан ажырап, қаңғыбас болып кеткен жайы ешкімді таңырқата қоймағандай. Ал байғұс пенденің өмірі неге олай болды деген сұрағыма жүргізуші мардымды жауап бере алмады. Бәлкім, жиырма жыл бұрын «арақ» деген асқынған ауруды емдеп, тура жолға салуға ағайын-туыстың қауқары болмады ма екен, әлде қоғам безбүйректік көрсетті ме?! Осы ойлардың жетегімен Чехов көшесіндегі Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығының есігін қақтық…

Орталықтың  аты айтып тұрғандай, бұл –  белгілі тұрағы, айналысқан кәсібі, күн көрісіне де қаражаты жоқ бейшараларға әлеуметтік көмек көрсетуге арналған мекеме. 2001 жылғы 16 желтоқсанда Астана қаласы әкімінің  қаулысына сәйкес, қаладағы криминогендік-эпидемиялық, қоғамдық тәр­тіп­ті қамтамасыз ету мақсатында ашылған екен. Содан бері 8 650 адамға әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Мүгедектер мен әйелдерге және ерлерге арналған жатақханадан тұратын екі қабатты үш  ғимарат бөлек орналасқан. Осында 80 орындық асхана, өндірістік шеберхана жұмыс істейді. Мұнда ауланың, жата­қханалардың тазалығы, шаруашылықтың бабы осы орта­лықтың  тұрғындарының мой­­нында екен. Дегенмен, штат бойынша ең­­бек ететін қыз­меткерлердің саны сексеннен асады. Бұлар – психолог, дәрігерлер, мейір­бике, диспетчер, күзетші және тағы басқа әлеу­меттік қызметкерлер. Мемлекеттік мекеменің күн­делікті жұмыс барысымен директордың әлеу­меттік мәселелер бойынша орынбасары Динара Шапинадан сұрап білдік.

– Мұнда түрлі тағдырлы жандар әртүрлі жолмен келіп жатады. Қыс басталғалы 180 адамға арналған күндізгі жай тегіс толықты. Алдағы аяздар әлі талай адамды осында алып келетіні анық. Беттері аяздан домбығып ісіп, суықтан дірдектеген жандар есік қағып тұрғанда қалай жаның ашымайды. Оларға ыстық тамақ беріп, жуындырып, алғашқы санитариялық-медициналық көмек көрсетіледі. Өз еркімен келетіндерден бөлек, белгілі тұрағы жоқ жандарды қалалық ауруханалардан, Ішкі істер департаментінің қабылдау бөлімшелерінен жеткізеді.  Бізде  50 адамға арналған түнемелік орын да жұмыс істейді. Онда келгендер бір түнеп, ыстық ша­йын ішіп,  әлденіп өз жөнімен кетеді. Яғни, жазда түнгі 9-дан таңғы 9-ға дейін, қысты күндері  кешкі 6-дан таңғы 10-ға дейін осында бола алады. Жалпы, әлуеметтік стандарт бойынша өзге өңірден келген азаматтарды  келген жағына шығарып саламыз. Одан бөлек, туған-туыстарына іздеу салып, табыстырып жатамыз. Биылдың өзінде  денсаулығында ауытқушылығы бар сегіз адамды өз отбасына табыс еттік, – дейді Динара Жанатқызы.

Мекеменің күнделікті тірлігімен таныса келе, мейірім мен кешірімнің мекені екен деген ойға келдім. Адам қайғысына түсіністікпен қарайтын, қандай адам болмасын  көмек қо­лын созуға дайын жандармен сұхбаттастым.

 Орталық ашылғалы бері жеке басын растайтын құжатын жоғалтқан 1200 азаматқа куәліктерін рәсімдеуге жәрдемдескен, 140 адам­ды қарттар үйіне орналастырып, 69 адам­ға денсаулығына байланысты мүгедектігін анықтап,  тиісті төлем ақыларын алуға себепші болған екен. Әрине, қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтіндер жоқ емес, олардың арасында алаяқтардың тұзағына  шырмалып, еріксіз осы жолға түскендері барын білдім.

Орталықта жаңа өмір бастауға тағы да мүм­кіндік беріледі. Тағдырының бұралаң сүр­леуімен осында келген жандардың 20 пайызы жұмысқа орнығып, нақты тұрағын тауып, «қаңғыбастық» өмірмен қош айтысады екен.

«Бір көргеннен ешкімге ашыла кетпейтін, өзін айыпты сезініп, оқшау жүретін «бомждар» іштегі шерін айтуға шорқақ келеді. Алайда, орталықтың психологтарымен әң­гіме­лесе келе сырын ашып жатады» дейді мамандар. Психолог туындаған әлеуметтік-психологиялық проблемаларды талқылау не­гізінде ішкі ресурстарды ашуға және жұ­мылдыруға көмектеседі. Тығырықтан шығу үшін  олардың физикалық, рухани, тұлғалық әлеуетін  көтеріп, өзіне деген сенімін ны­ғайту үшін мамандар барлық күшін салады. Өмірбаянындағы кез келген де­ректі  пайдаланып, бұрындары тұрған же­рін анықтап, ағайын-туысының хабарын біліп, олардың табысуына себепші болады.  «Адасқанның айыбы жоқ…» дегендей, көптен көз жазып қалған туыстары келіп, еліне алып кетіп жатады екен.

Кездесудің соңында Жаннат Шапинаға «қыз­меттеріңіздің жақсы нәтижесі неде?» деп сұ­рақ қойдым. Ол былай деді:

– Егер он адамның екеуінің  өмірге құлшынысын оятып, аяғынан нық басып кетуіне себепші болсақ, жақсы нәтиже сол емес пе. Ал, қаңғыбастыққа дейін құлдырап кетсе де, сергелдең қалпынан серпіліп, жаңа өмір бастауға еркі мен күш-жігерін жинаған  адам көзіне жас алып, ризалығын білдірсе, әлеуметтік қызметкердің еңбегіне одан артық  баға бола ма!?

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button