Sport

АСТАНА СПОРТЫНЫҢ АЙШЫҚТЫ СЫЙЛЫҒЫ

dfd5da4e6ea069cb8c1aa7cc05d

«Қайсар тұлға» ұлттық сыйлығын тапсыру аясында Астана қаласына «Ең үздік спорттық аймақ» сыйлығы берілді.
Қазақстанның паралимпиадалық құрамасы биыл Инчхонда өткен ХІ Азия ойындарында 7 жарыстан алтын, 6 күміс және 11 қола жүлде ие болды. Осы көрсеткішпен командалық есепте 11-орыннан көрінді. Ал елордалық спортшылар жеті алтын медаль, бір күміс және үш қола жүлдемен оралды.

Құрлықтың байрақты бәсекесінде ел на­мысын абыроймен қорғаған астаналық спортшылар туралы айтар болсақ, жүлдеге қол созған сайыпқырандардың бәрі Астана қаласында осыдан он екі жыл бұрын құрылған «Қайсар» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының мүшелері.  Атал­мыш клубтың жүзу спорты бойынша жаттықтырушысы «Қайсар тұлға» сыйлы­ғымен екінші мәрте марапатталса, арбада отырып билеу бапкері Әлия Түсіпбекова да үздік жаттықтырушы атанды.

Азия ойындарында абсолютті рекорд жасаған да астаналық спортшы болды. Атап айтқанда, жүзу жарыстарында сынға түскен Әнуар Ахметов Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар, үш рет Азиада рекордын жаңартты. Мұндай көрсеткішті бұған дейін бірде-бір спортшы бағындырған емес. Дүбірлі жарыстың жеңімпаздарын марапаттау барысында Әнуарға «Қайсар тұлға» сыйлығымен қатар жеңіл автокөлік тарту етілді. Инчхон айдынында жүзуден екі дүркін чемпион атанған Әлібек Уақпаев, жүлдегерлер қатары­нан көрінген Сиязбек Далиев пен Руслан Өтебалиев те арнайы сыйлыққа ие болды.

Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған астаналық бишілер де жақсы нәти­желерімен қуанта білді. Мәселен, арбамен билейтін Ардақ Отарбаев, Айдана Бегленова және Қарлығаш Тынабекова көрерменнің көзайымына айналды. Жеңіс тұғырынан көрінген бұл бишілер де «Қайсар тұлға» сыйлығын алды. Сондай-ақ,  бірқатар аста­на-лық спортшылар арнайы жүлделерге ие болды. Атап айтқанда,  Руслан Өтебалиев «Спорт үміті», Ардақ Отарбаев «Паралимпиадалық спорттың медиалық тұлғасы», ал Қарлығаш Тынабекова «Параспорт аруы» атанды.

Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Алғыс хат» табыс етілді.

– Біздің спортшылардың  жеңісті нәтиже­лері – тек елордамыз ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де үлкен абырой. Спортшылар мен бапкерлердің атынан Астана қаласының әкімдігіне алғыс айтамын. Спортшылар олим­пиадалық лицензияларды да жеңіп алды. Рио-де Жанейрода  өтетін Паралимпиадалық ойындарда да осындай үздік нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін, – дейді Аста­на қаласындағы мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған «Қайсар» спорт клу­бының директоры Аллаберген Алдоңғаров.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button