Sport

«Барыс»: 46 секундта 3 гол!



КХЛ чемпионатында ойнайтын астананың «Барысы» алтыншы турда «Салават Юлаев» командасын есінен тандырып жеңді.

«Уфа Арена» алаңында өткен матчта Астананың «Барыс» командасы керемет көрсеткішті тіркеді. Ойынның аяқталуына шамалы қалғанда алаң иелері ереже бұзып, бір ойыншысы екі минуттық айыппен алаңнан қуылды. Сол-ақ екен, «Барыстың» бас бапкері Евгений Корешков 30 секундтық тайм-аут алды. Есепті теңестіру үшін шәкірттеріне тактикасын ұсынды.

Команда капитаны Найджел Доус 59 минут 06 секундта «Салават Юлаев» қақпасының қызыл шамын жарқ еткізді. Есеп 3:3! Ал таблодағы сағат тілі 59 минут 37 секундты көрсеткенде Сен-Пьер Мартен есепті еселей түсті – 4:3! Алдында ғана жеңіс қолда деп масайрап жүрген уфалық хоккейшілер есеңгіреп қалғандай. Жанкүйерлер тіптен шулап кетті. Осындай абыр-сабыр сәтте Найджел Доус тағы бір шайбаны «Салават Юлаев» қақпасына тулатып түсірді. Есеп 5:3! Бұл ойынның аяқталуына небары сегіз секунд қалған сәт еді. Бұл Доустың осы ойындағы үшінші соққан голы болды. Сөйтіп, «Барыс» 46 секундта 3 гол соғып, чемпионат рекордын жасады.

«Барыс» қазір Шығыс дивизионында үшінші орында тұр. Алты ойынның төртеуінде жеңіске жетті. Бүгін астаналықтар Ригада жергілікті «Динамо» командасымен кездеседі.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button