Басты ақпаратҚала мен Сала

Басқармалар қажеттіліктерін негіздеді

Астана қаласының мәслихатында елорданың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті жобасын талқылау басталды. Алдымен мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында тиісті департаменттер мен басқармалардың бюджеттері қаралды.

Алдымен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев қаланың осы жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды. Оның айтуынша, олар тұрақты экономикалық өсу тенденциясын көрсетеді.

Астананың дамуын көрсететін негізгі индикатор – жалпы өңірлік өнім. Оның көлемі биылғы екінші жартыжылдығында 3 трлн 600 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсті. Өңірдің жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 9 пайыз.

Полиция департаменті бас­тығының орынбасары ­Госман Жакин 2023 жылы күрделі шығыстарға, нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу жұмыстарына, тұрғын үй төлемдерін төлеуге, қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына үстемеақы төлеуге, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, киім-кешек қажеттіліктеріне, «Цифрлық полиция» жобасын іске асыру үшін жабдықтарды жалға алуға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге, автокөлікке, Патрульдік полиция полкін ескі ғимараттан көшіруге қосымша қаржыландыру қажеттігін айтты.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев келесі жылы арнайы техниканы, соның ішінде жедел әрекет ету көліктерін, өрт сөндіру автоцистернасын, өрт сөндіру автосатысын, апаттық-құтқару автокөліктерін, басқа да техниканы сатып алуға лизингтің екінші кезегінің қызметтеріне ақы төлеуге көзделген шығыстар туралы баяндады.

Қорғаныс істері департаментінің бастығы Медет ­Рыскелдиев Республика даңғылы, 54 мекенжайында бизнес-орталықтың бұрынғы ғимаратында орналастыру жоспарланған қалалық құрама пунктті көшіру мәселесін шешуде депутаттарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Таңдауға ұсынылған ғимараттардың ішінде осы ғимарат қалалық құрама пунктін орналастыруға ең қолайлы болды. Ғимараттың көлемі барлық төрт ауданның шақыру пункттерін бір ғимаратқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу қызметтеріне, газеттер, журналдар және интернет-порталдар арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, қалада әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың іске асырылу барысы туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыруға, елорда телеарналарының ақпараттық мемлекеттік қызметтеріне, ақпараттық материалдарды дайындауға қосымша қаржыландыру қажеттігі туралы хабарлады.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров басқарма мұқтаждықтарына, соның ішінде «Астана қаласы жастарының әлеуметтік-демографиялық портреті» социологиялық зерттеуін жүргізуге, «Жасыл ел» жобасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты төлеуге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернаттан кейінгі қолдау мен бейімдеуге арналған шығыстарға, «Еріктілер мектебі» жобасы шеңберінде кәсіби еріктілерді даярлауға, жастар лагерін, өңірлік пікірсайыс турнирін өткізуге шығыстарды ұлғайту қажеттігін жеткізді.

Мәслихат депутаты Азамат Айтхожин аталмыш басқарманың «Күйгенжар», «Мичурин», «Железнодорожный», «Интернациональный» тұрғын алаптарында аула клубтарын құру жоспарлары туралы сұрады. Қайрат Қамбаровтың мәлімдеуінше, «Күйгенжарда» аула клубы жалға алынған ғимаратта орналасқан. «Мичуринде» жастарға арналған ғимараттар мүлде жоқ, ал «Железнодорожныйда» аула клубының ғимараты жастардың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды.

Депутаттар құрылыс салушылармен шарт жасай отырып, көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында аула клубтарын орналастыру туралы мәселені көтерген. Келесі жылы бюджетті нақтылау барысында қаланың шеткі аймақтарына назар аударған жөн. Мәселен, «Учхоз» бен «Metro» сауда орталығы арасында тұрғын үй кешендері бар. Сол аумақта балалардың баратын жері, спорт кешендері мен аула клубы жоқ.

Дін істері басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұханов өңірдегі діни ахуалды зерделеу және талдау мақсатында лимитті 300 млн теңгеге дейін ұлғайту қажеттігі туралы айтып, бұл жұмысты сапалы жүргізуге 158 млн теңге қаражат жетпейтінін жеткізді.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов кейбір проблемалық мәселелерге тоқталды. Соның ішінде нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Бұл мәселе бойынша Үкімет шаралар қабылдауда. Кешенді жоспар әзірленді. Оған өңірлер бойынша зертханалар сатып алу мәселесі енгізілді. Мәслихат хатшысының пікірінше, қалалық жоспарда тек іс-шаралар, концерттер өткізу ғана емес, нақты істер болуы керек. Полиция департаментінің құрамы бойынша проблемалар бар. Атап айтқанда, IT технологиялар мамандары қажет. Бұған қоса, компьютерлер ескіріп, жаңартуды қажет етеді. Ал қазір есірткі бизнесі әлеуметтік желілерде шоғырланған. Оны алдын алу мәселелерімен 18 мемлекеттік орган айналысады, бірақ нәтижелері қынжыларлық.

Ерлан Каналимовтың сөзінше, Ішкі саясат басқармасы бойынша материалдық базаны қамтамасыз ету, жергілікті баспа БАҚ-тарын компьютерлермен, көлік құралдарымен, бейнекамералармен және журналистердің сапалы жұмыс істеуі үшін басқа да техникамен қамтамасыз ету мәселелері өзекті. Ал бүгінгі таңда аула клубтарының бір бөлігін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері іс жүзінде шешілді. Бұл жұмысты жалғастырып, басқа аула клубтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір балаларды аула клубтарымен қамтудың нақты талдауы қажет. Балаларға арналған үйірмелер мен секция­лардың тегін болуы маңызды. Жұмыссыз жастардың қажеттіліктеріне де назар аудару керек.

Дін істері басқармасына қаражат Діндерді зерттеу орталығының жұмысына, жаңа фильмдер түсіруге қажет. Мемлекеттік органдардың қызметі үшін негізгі лимиттер өткен жылмен салыс­тырғанда кем қарастырылған жоқ. Халықтың әрбір үшінші өкілі – жастар. Жастар бос болмауы керек, өйткені қол бостық, тегін спорт секцияларына қатысу мүмкіндігінің болмауы оларды заңсыз әрекеттерге итермелейді.

Депутат Азамат Айтхожиннің пікірінше, деструктивті секталарға іліккен жастармен жұмысқа назар аудару керек. Себебі қаңтар оқиғасы кезінде жастардың осы бөлігі оқиғаға белсенді қатысқаны айқын.

Мәслихат депутаты Динара Байсеркина қалада өз қызметін гранттар немесе жеке инвесторлар арқылы жүзеге асыратын аула клубтары болуы мүмкіндігін, Жастар саясаты мәселелері басқармасына халықты бұл тарапта ақпараттандыруды күшейту керектігін атап өтті. Ал депутат Арайлым Құмаржанова ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған аула клубтарын ұйымдастыру мәселесін көтерді. Елордада мұндай балаларға арналған алғашқы аула клубы ашылды. Алайда табалдырық өте жоғары орналасқан. Бұл – арбадағы жандар үшін кедергі.

Астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті жобасын талқылау осы апта бойы жалғасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button