Рухани жаңғыру

БЕРЕКЕ-БІРЛІК ЖОЛЫ



Астанада екі күн бойы «Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы жиын аясында түрлі бағдарламалар ұйымдастырылды. Осындай ауқымды шараны өткізуге Астана қаласы әкімдігі мен «Мәде­ниет арқылы бейбітшілікке қол жеткізу» деп аталған халықаралық қауымдастық мұрындық болды.

Конференцияда түрлі елдерден келген қоғам қайраткерлері мен ғалымдар және дінбасылары Қазақ­стан Президенті көтерген бастамалар мен адамзат алдындағы заманауи күрделі мәселелерді ғылыми негіздерге сүйене отырып, байыптау туралы пікірлерін талқыға салды.
Алдымен сейсенбі күні Еуразия халықтары ассамблеясының отырысы өтті. Оған Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов, композитор Төлеген Мұхамеджанов және тағы басқа мемлекеттерден келген ғылым мен қоғам қайраткерлері қатысты. Сөз тіз­гінін ұстаған Төлеген Мұ­­хамеджанов отырыстың мән-маңызына тоқталды:
– Елбасының қолдауымен 25 жылдан бері Рухани ке­лісім күні аталып өтіледі. Бұл күннің ұлтаралық жә­не дінаралық қарым-қаты­­нас­қа қосқан үлесі зор. Сон­­­дықтан бүгінгі шараға кел­ген қонақтар еліміздегі бе­реке-бірліктің бастауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын өз елдерінде жүзеге асыруға ынта білдіріп отыр. Бұл – біз үшін мәртебе. Қазақстанда жүзеге асқан бастамаларды халықаралық ұйымдардың қолдауы мен мойындауы деп білемін.
Отырыста әуелі Рухани келісім күнін тойлау мәселесі қаралды. Біздің елімізде өтетін мерекені Еуразия халықтары ассамблеясы
тарапынан қолдап, оны
ұйымның халықаралық мерекесі ретінде атау көзделген. Сондай-ақ, Еуразия халықтарының хартиясы мен ЕХА жұмысының нә­тижесі мен жоспары қабылданып, ұйым аясында болатын кеңестер мен мерекелер, қауымдастыққа кіруге өтініш білдірушілер жөніндегі бірқатар мәселелер талқыланды. Айта кетейік, биыл мамыр айын­­да Мәскеуде Еуразия халықтары ассамблея­сының съезі өткен.
Түстен кейін Бейбітшілік және келісім сарайында жо­ғарыда аталған конфе­ренцияның пленарлық отырысы болды. Жиынды елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жүргізді.
– Рухани келісім мен конфессия және этносаралық татулық – кез келген қоғамның ішкі бірлігінің кепілі. Бұл ретте Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан қаншама ұлттар мен діндерге ортақ шаңырақ, киелі мекен болып отыр. Мемлекет басшысының осы бағытта қаншама маңызды бастамалары іске асты. Бүгінде Астана әлемдік және дәстүрлі дін басшылары жиналатын дінаралық диалогтың орталығына айналды. Қазіргі таңда бас қалада 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. 47 діни бірлестік тіркелген, 14 конфессия бар. Бүгінгі жиында өркениеттің өзегіне айналар парасатты ойлар сарапталып, өзара ортақ диалог табады деп ойлаймын, – деді ол.
Одан кейін сонау Мәскеу­ден әдейі ат терлетіп келген КСРО халық әртісі, әйгілі әнші Иосиф Кобзонды қыр­күйек айында сеңгірлі 80 жасқа толған мерейто­йымен құттықтап, сыйлы қонаққа Астана әкімі Әсет Исекешевтің құттықтау хатын оқып беріп, қазақы жолмен құндызды бөрік пен шапан кигізді.
Содан соң Дін істері
және азаматтық қоғам ми­нистрі Нұрлан Ермекбаев сөз алып, жиылған жұртты
Рухани келісім және Еуразия халықтары ассамблея­сының кезекті отырысы­мен құттықтады.
Жиында Ресей Мемлекеттік ду­масының де­пу­таты, қоғам қайраткері Иосиф Кобзон да жинал­ғандарға ізгі тілегін білдірді. «Қазақстанды ерекше жақсы көремін. Осы елге үлкен мереймен келемін. «Астана – әлемнің рухани астанасы» деп айтар едім. Бүгінде жер-жаһанда түрлі оқиғалар, қақтығыс­тар болып жатыр. Солар біздің бүгінгі конференцияда айтқан сөзімізді естісе деймін. Әлемде татулық, достықтың байрағы желбіресін. Соған ұйт­қы болып отырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін» деді белгілі тұлға. Көрнекті ақын Олжас Сүлейменов те қатысушыларды Рухани келісім күнімен құттықтап, Еуразия халықтарының ассамблеясы туралы қысқаша ой толғап өтті.
Пленарлық отырыс барысында шараға қатысушылар атынан үндеу қабылданды. Онда қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік жаңғыруы және мәдени өсуі жолындағы жетістіктерді жетілдіре түсу керектігі айтылған. Бұған қол жеткізудің құралы – қоғамдық сананы жаңғырту. Бұл үндеу Еуразия халықтары қауымдастығының биыл жыл соңында Парижде өтетін жиынында оқылады.
Сондай-ақ, сәрсенбі күні конференция шеңберінде «Russia Today» телеарнасындағы «Дәуір куәгерлері» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, шығыс­та­нушы Халид Әл Рошд отандық журналистермен кездесіп, «Әлемдік ақпараттық майдан жағдайын­дағы заманауи журналистиканың рөлі» атты ше­берлік сыныбын өткізді. Салыстырмалы дінтануды терең зерттеу институтының қызметкері Мэри Пэт Фишер мен Сыртқы байланыс департаментінің жетекшісі, үндістандық Гобинд Садана Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздар мен студенттерге дәріс оқыды. Рухани мәдениеттің әлемдік форумының президиумына арналған дөңгелек үстел мәжілісі болды. Қайырымдылық шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік үлестірілді. Қазақстандағы Қызыл жарты ай қоғамының өкілдері шеберлік сыныптарын жүргізді.
Кеше айтулы шара шымылдығы Рухани келісім күніне арналған гала-концертпен жабылды.

Азамат Есенжол




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button