Мәдениет

Би падишасы байқауы



Қаз КСР халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған «Қамажай» I республикалық хореографтар байқауы өз мәресіне жетті.

Бұл байқау жыл бойы еліміздің өңірлерін аралап, хореографтардың жұмысын анықтауға мүмкіндік туғызды. Мамандар еліміздің барлық өңірлеріне арнайы барып, би ансамбльдерімен танысты. Жүйріктерді анықтады. Еліміздегі тұңғыш ұйымдастырылған хореографтар байқауы «Астана Опера» опера және балет театрының кіші залында «Түркі халықтарының би мәдениетінің симбиозы» атты ғылыми-практикалық конференциямен қорытындыланды.

Конференцияны ҚР мәдениет қайраткері, «Наз» мемлекеттік би театрының директоры, «Хореография өнерінің қайраткерлер қоғамы» төрағасы Еркебұлан Ағымбаев құттықтау сөзбен ашты. Қаз КСР еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Тойған Ізім «Шара Жиенқұлованың жан-жақты шығармашылығының жалғасы болған байқаулардың қазақ биінің дамуына қосқан үлесі» деген тақырыпта баяндама жасады. Сондай-ақ жиынға қатысқан басқа да би өнерінің мамандары баяндама жасап, тыңдаушылармен пікір алмасты.

Ал жүлдегерлерді анықтайтын гала концерт «Астана» концерт залында» өтті.

Байқаудың бас жүлдесін астаналық хореограф Ұлан Изенаев иеленді. Жүлдегерлер мен дипломанттар марапатталды.

Қаз КСР халық әртісі Зәуірбек Райбаев атындағы, Қаз КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, балетмейстер, профессор М.Тілеубаев атындағы, Қазақстанның халық әртісі, өнертану кандидаты, профессор Дәурен Әбіров атындағы, Қаз КСР халық суретшісі, режиссер, актер Ә.Исмаилов атындағы, ҚР мәдениет қайраткері, биші-­педагог Үсен Мақан атындағы арнайы жүлделер иегерлері анықталды.

Келесі жылы – қазақтың тұңғыш балеринасы, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығы. Бұл мерейтой рес­публикалық деңгейде, өз биігінде аталып өтеді деп үміттенеміз.

Толқын СҰЛТАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button