Спорт

3 тур: қызықты матч, тартысты ойындар

Әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне өтетін командалар белгілі бола бастады. Оның ішінде Франция, Бразилия және Португалияны ерекшелеуге болады. Бұл командалар екінші турда 6 ұпайдан жинап, өз тобында көш бастады. Үшінші турда тең ойнағанның өзінде плей-офф кезеңге шығатыны анық.

Үшінші турдың нәтижесі бойынша Нидерланд 7 ұпай жинап, топтан бірінші орынмен шықса, Эквадорды 1:2 есебімен ұтқан Сенегал 6 ұпай жинап, плей-офф кезеңде ойнауға мүмкіндік алды.

Жалпы Эквадор-Сенегал арасындағы ойын өте тартыс­ты өрбіді. Латынамерикалық команда үшін тең ойынның өзі жеткілікті еді. Өйткені Қатарды 0:2 есебімен ұтып, Нидерландымен 1:1 есебімен тең ойнап, 4 ұпай жинаған-ды. Ал Сенегал үшін жеңіс ауадай қажет болғандықтан, ашық ойын көрсетті. Шабуылда да тәуекелге көп барды. Нәтижесінде 1 таймның аяғында Исмаил Сарр айып тобын сәтті орындап, африкалық ұжым есепте алға шықты. Экваторлық Сальвадор Кайседо 67 минутта есепті 1:1 етіп, жанкүйерлерін жігерлендіріп тастады. Бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Небәрі 3 минут өткенде Сенегалдың капитаны Калиду Кулибали есепті 1:2-ге жеткізіп, африкалық көрермендердің теңселе билеп, көңіл-күйі көтерілуіне үлес қосты. Сөйтіп, Сенегал өз тарихында екінші рет плей-офф кезеңге өтті.

Айтуымыз керек, 2002 жылы Сенегал құрамасы өз тобында Франция мен Уругвайды артқа тастап, сенсация жасаған еді. Сол чемпионатта команда капитаны болған Алиу Сиссе бұл жолы бапкер ретінде келіп, топтан тағы шықты. Бұл да – тарих.

«В» тобындағы Иран және АҚШ құрама командасы арасындағы кездесудің тарихи маңызы жоғары болды. Топта 3 ұпай жинаған Иранға тең ойын жетеді. Ал 2 ұпайы бар АҚШ-қа тек жеңіс керек-ақ. Өте тартысты матчқа әлем жұрты көз тіккені анық. Өйткені футболдан бұрын саяси мәні басым.

Бұған дейін екі команда бір-бірімен екі рет ойнады. 1998 жылы 22 мау­сымда Әлем чемпионатында екі команда өзара мықтыны анықтады. Франция төріндегі мундиальда ирандықтардың жолы болып, 1:2 есебімен басым түсті. 2000 жылы 16 қаңтарда жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебі тіркелді.

Тарихи матчта Кристиан Пулишич бастаған америкалықтар тыным таппай, алға ұмтылды. Ирандықтар да жақсы қорғаныс шабуылда дегенді ұстанып, шабуылды көбейтті. Бірақ Пулишич 38 минутта Иран қақпасынан саңылау тапты. Сөйтіп, 0:1 есебі тіркеліп, АҚШ топтан екінші орынмен шықты.

Енді Нидерланды мен АҚШ, Англия мен Сенегалдың жолы плей-офф кезеңде түйіседі.

Қызықтың көкесі «С» тобында болады. Үшінші турдағы жеңіс төрт команданы да (Польша, Аргентина, Сауд Арабия, Мексика) топтан шығуына жол ашады. «Д» тобындағы орталық матч Аустралия мен Дания арасында өтеді. Қай команда ұтады, сол команда плей-оффта өнер көрсетуге мүмкіндік алады. «Е» тобындағы Испанияда – 4, Жапонияда – 3, Кос­та-Рикада – 3, Германияда 1 ұпайдан бар. Үшінші турдағы ойындар төрт команда үшін маңызды болғалы тұр. Испания мен Жапония, Германия мен Коста-Риканың кездесуінде қай команда жеңеді, сонымен топтағы бірінші-екінші орын алған командалар айқындалады.

«G» тобында Бразилия мен Швейцария топтың айқын фавориті екені айқындалса, «F» Хорватия-Бельгия, Канада-Марокко арасындағы кездесуден кейін топтың үздіктері белгілі болады.

29 қарашадан 2 желтоқсанға дейін плей-офф ойындары Әлем чемпионатының көркін қыздыра түсіп, 1/8 финалына шығатын командалар белгілі болады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button