Басты ақпаратДенсаулық

Білім мен білікті ұштастырған

Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі Хасан Сағындық 50 жылдан астам уақыт медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Медицинаның да көпшілік біле бермейтін тармақтары көп. Соның бірі – жақ-бет хирургиясы. Хасан Лөкетұлы – осы салада білікті маман.

1974 жылы №1 Омбы медицина училищесін, 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген жас маман Хасан Сағындық еңбек жолын бет-жақ сүйегін емдейтін қатардағы хирург болып бастайды. Өзі білім алған институттың хирургиялық стоматология кафедрасында ассистент, доцент болып еңбек етіп, 1991 жылы «Төменгі жақ сүйектерін емдеудің жетілдірілген әдістері» деген тақырыпта Мәскеу қаласында кандидаттық диссертация қорғайды. Сол уақыттан бері осы салада жемісті еңбек етіп келеді. Ол Алматы қаласында ғана емес, елордамыз – Астанада, республикамыздың басқа да қалаларында жақ-сүйек ауруларына байланысты күрделі операцияларды жасап, жас мамандарға тәжірибесін үйреткен. Медицина оқу орындарында дәріс оқып, студенттерді осы бір қиын да күрделі, жауапты мамандықтың қыр-сырына баулиды.

Оның ерекше еңбек қолтаңбасы қалған ұжымның бірі – ҚР Қарулы күштерінің әскери клиникалық госпиталі. Хасан Сағындық госпитальдің бет-жақ хирургиясы бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Хасан Лөкетұлы бөлімге басшы болып тұрған уақытта 3,5 мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі ота жасалған. Бет пен мойын ісігі жəне бет қаңқасы сүйектеріне хирургиялық ем жүргізу үнемі жетіле бастаған. Эксплантаттарды пайдалана отырып, сүйектердің анатомия­лық формасын қалпына келтіру әдісі де қолға алынады. Төменгі жақтың жарақаты кезінде остеосинтездің жаңа әдістері қолданылады. Косметикалық талаптарды еске ала отырып, остеосинтездің ауыз іші тәсілі тәжірибеге енеді. Жоғары жақтың тістерін жұлғаннан соң кездесетін ороантральдық қуысты жою мақсатында ­пластикалық жаңа жетілдірілген тәсілдер де бөлім қызметкерлерінің күшімен жүзеге асады. Медицина қызметінің полковнигі, медицина ғылымдарының кандидаты Хасан Лөкетұлы 1995 жылдан 2008 жылға дейін осы бөлімнің бастығы болып абыройлы еңбек етті.

Хасан Лөкетұлы сол кезде отаны көп жасайтын хирургтың бірі болған. «Ол кісі теорияны сабақ барысында талқылап үлгере алмасақ, отаның үстінде талқылап, қарапайым тілмен жақсылап түсіндіретін» деп еске алады шәкірттерінің бірі Жаңабай Айтбаев. Сабақ берген мұғалімдерге лақап есім қою қай заманның болсын студенттеріне тән қасиет қой. Шәкіртінің айтуынша, Хасекеңнің лақап аты «Күміс шаш» екен. Жасы аса үлкен болмағанмен, Хасан Лөкетұлының шашы өзіне жарасымды көк бурыл түстес болған. Орысша айтқанда «седой».

Үнемі ізденісте жүретін ол бірнеше авторлық куәлік алды. Оқу-әдістемелік нұсқамалар мен оқулықтардың жарық көруіне де үлкен ықпал жасады. Әсіресе соңғы жылдары ана тілімізде бірнеше оқулық шығарды. Соның бірі – «Бейбіт кезеңде және соғыс жағда­йында бет-жақ сүйек аймағы жарақаттанғандарға хирургия­лық шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастыру» оқулығы. Бұл кезге дейін осы тақырыпта мақалалар жазылғаны болмаса, нақты оқулық жарық көрмеген. Осыны ескерген автор әскери дәрігерлерге нақты көмек боларлық кітапты мемлекеттік тілде жазған. Бұл оқулықтардың барлығы медицина бойынша білім алып, осы салада еңбек ететіндерге қажет екені рас. Мұндай оқу құралдары күні кешегіге дейін тек қана орыс тілінде болды. Қазір мемлекетіміз егеменді ел болғандықтан, мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан, бұл мәселеге ерекше мән беріліп отыр.

– Жақ-бет аймағын қалып­қа келтіру хирургиясы – бұл да хирургияның бір тармағы. Сонымен қатар мұны косметикалық хирургия деп те атайды. Осыған байланысты ота жасау біздің дәрігерлердің де қолынан келеді. Бірақ өкінішке қарай, көп адамда осы мәселеге қатысты әлі де болса сенімсіздік басым. Қит етсе болды, қаражаты барлар шетелге барып ота жасатуға дайын тұрады. Қарсылық жоқ, бұл олардың өз еркі. Бірақ біз, қазақстандық дәрігерлер, кімнен кембіз? Ешкімнен де кем емеспіз. Медицинамыздың да басқа елдермен терезесі тең қазір, – дейді Хасан Сағындық.

Осындай ой түрткі болса керек, ол 2012 жылы Астана қаласында бет-жақ пластикалық хирургиясының клиникасын алғаш ұйымдастырады. Бұл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегімен ашылады. Мұны естіген жұртшылықтың қуанышы қойнына сыйған жоқ. Себебі бұл клиника көпшілік үшін қолжетімді болды. Бір мысал, Кореяда бет әлпетін тарту құны 10-15 мың доллар тұрса, Астанадағы клиникада 1,5-2 мың доллар шамасында екенін естіген жұрт осында ағыла бастады.

– Финляндиядан қымбат медицина құрал-жабдықтарын алдық. Оның құны 33 мың АҚШ доллары болды. Несие 7 жылға берілді. Бұл мемлекет тарапынан бізге жасалған зор көмек болғанын жасырмаймыз. Себебі заманауи үлгідегі қондырғылардың бағасы өте жоғары екені белгілі. Оны сатып алуға жағдайымыз да, мұршамыз да жоқ болатын. Осы мақсатымызға мемлекеттік қолдау арқылы қол жеткіздік. Ол кезде мен «Астана медицина университеті» АҚ жақ-бет хирургиясы және стоматология кафедрасының профессоры едім. Сонымен бірге осы клиникаға да жетекшілік еттім, – дейді Хасан Сағындық.

Хасан Сағындық – жарты ғасырға жуық өмірін дәрігерлік және педагогикалық қызметке арнаған адам. Ондаған мың студентке дәріс бергенін, жүздеген жас докторды даярлағанын, ондаған мың науқасты ажал аузынан аман алып қалғанын ойлағанда мамандық таңдау­да дұрыс қадам жасағанына шүкір етеді.

– Әрбір медициналық жоғары оқу орнының өз клиникалық базасы болуы керек. Студенттер сол жерде тәжірибеден өтуі тиіс. Олар – болашақ дәрігерлер. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапты. Сол себепті болашақ мамандар терең теория­лық білім алумен бірге арнайы қарас­тырылған емханада тәжірибеден өтіп, әбден ысылуы керек. Осыған байланыс­ты үшінші мәселе туындайды. Біздегі медициналық жоғары оқу орындары Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Ал ауруханалар мен емханалар қалалық денсаулық сақтау басқармаларына қарайды. Осыдан келіп студенттердің теориялық білімін тәжірибе жүзінде нығайту барысында кедергілер мен қиындықтар туындайды, – дейді тәжірибелі маман.

Сонымен қатар дәрігер ден­саулық сақтау мекемелерін заманға сай технологиялармен жаңартып, жетілдірілген медицина құрал-жабдықтарымен және мемлекеттік тілдегі оқу құралдарымен жабдықтау қажет екенін айтады. Одан бөлек, медициналық оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының мәртебесін көтеруді ойластырған жөн. Еңбекақының аздығы мен материалдық жағдайдың жасал­мауы салдарынан мықты мамандар жоғары оқу орнына дәріс беруге келе қоймайды. Олар еңбекақы бірнеше есе жоғары жекеменшік мекемелерге барғанды қош көреді. Білікті дәрігердің осындай мәселелер шешімін тапқанда ғана денсаулық сақтау саласы қарқынды дамуға бет бұрарына сенімі мол.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button