Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жасыл қала – жайлы қала

Елорданы көгалдандыру мәселесі бүгінгідей жаппай құрылыс салу белең алған кезеңде өте өзекті. Өйткені үй салумен қатар қасына халыққа сая болар ағаш пен көшет отырғызуға құрылыс салушылар құлықты болып отыр ма белгісіз. Бұл мәселені әсіресе қаламыздағы бірнеше шетелдің елшілерімен сұхбаттас қанда олар жиі айтып қалады. Астананың келбетіне тамсана келе, олар қалада көктің аздығына да тоқталады. Өз елдерінің қалыптасу тарихынан мысал келтіре отырып, жанға жайлы, әрі қала тұрғындарының саулығы үшін маңызды көгалдандыру ісін шетке ысыруға болмайтынын жеткізіп жүр.

Осы ретте елордамыздағы көгалдандыру ісінен ақпарат алу үшін Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына сұрау жолдадық. Сұрақтарымызға басқарма басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова жауап берді.

– Мемлекет басшысының қаланы көгалдандыру жөніндегі тапсырмасын елорданы 5 жыл ішінде «жасыл қалаға» айналдыра және 3 жыл ішінде отырғызылатын көпжылдық өсімдіктердің үлесін 50%-ға дейін жеткізе отырып, оны ауқымды және сапалы көгалдандыру жөніндегі нақты шешімдер арқылы орындау жоспарланған. Астана қаласын көгалдандыруда бірнеше мақсат көзделеді. Біріншіден, ыңғайлы және функционалды қоғамдық кеңістіктер құру арқылы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Екінші мақсат – қоғамдық кеңістіктерді дамытуды және жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге жағдай жасауды қоса алғанда, қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыру. Үшіншіден, жасыл аймақтарды, скверлерді, саябақтарды құруды және көше кеңістігін көгалдандыруды қоса алғанда, қаланың экологиялық ортасын дамыту көзделеді, – дейді Жанар Бескемпірова.

Сумен қамтамасыз етуде не қиындық бар?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Астананы көгалдандыру ісінде бірқатар мәселелер бар екенін айта келіп, жұмыс әдістерін өзгерту қажеттігіне тоқталған еді. Соның бірі – су тапшылығы. Осы және суды қайта өңдеу ісі қалай шешімін табуда деген сауалға спикеріміз бұл мәселені шешудің бір жолы – суару машиналарын сатып алу және техникалық су құбырларын салу екенін жеткізді.

– Суаруды жақсарту үшін автоматтандырылған жергілікті суару жүйесін ЖСЖ құру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 11 нысанда ЖСЖ орнату бойынша жұмыс­тар жүргізілді, оның ішінде 4 су құбыры және 7 ашық көздер бар. Мәселен, Бәйтерек, музыкалық субұрқақ, Сулы-жасыл бульвар, Мақатаев көшесі, Салтанат қақпасы ауданындағы Мәңгілік ел көшесі, Сәтбаев көшесі, Жамбыл Жабаев алаңы, торсық алаңы, журналистер алаңы, Ұлы дала даңғылы және арнайы К-1 тас жолындағы су көздерін атап өтуге болады. Сонымен қатар, суды үнемдеу және суарудың тиімділігі бар учаскелерде тамшылатып суару жүйесі қолданылады, – дейді Жанар Елуанқызы. Оның айтуынша, 2021 жылы ЖСЖ құрылған жерлер ауданы 471 га құрады. Бүгінде бұл көрсеткіш 77 гектарға ұлғайды. Осылайша, 2023 жылы жергілікті суару жүйесімен жасыл екпелер қамтылатын алаң 548 гектарға өсті.

Ағаш отырғызу бәсекелес ортаға беріле ме?

Бүгінде елордада ағаш отыр­ғызу жұмыстарын бәсекелес ортаға беру мәселесі де көтерілуде. Алайда конкурстан ұтқан компаниялар көшеттерді отырғызып болып, оны одан әрі қадағаламаса, оның тиімділігі қалай болмақ? Жанар Елуанқызының айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алу қағидаттары барлық қатысушылар үшін ашық және айқын өткізіледі. Бұдан басқа, осы қызметті ұсынатындар арасында адал бәсекелестік қамтамасыз етілуі тиіс, бұл тәжірибесіз мердігерлік ұйымдардың конкурсқа қатысуына мүмкіндік береді.

– Осыған байланысты 2020 жылы үш жылдық кезеңге жасыл екпелерді күтіп-ұстауға конкурс жариялау туралы шешім қабылданды. Бұл шешім бірқатар оң нәтижелерге алып келді. Атап айтқанда, жасыл желектердің жерсіну пайызы артты. 2018-2020 жылдары ағаштардың өмір сүру деңгейі шамамен 65-70% болды, ал бүгінгі таңда өмір сүру деңгейі 80-90% құрайды. Сонымен қатар ұзақ мерзімді жоспарлармен жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Ірі ағаштармен көгалдандыру тәжірибесі қолданылады, – дейді басқарма өкілі.

Жасыл елорда жобасы қалай дамиды?

Биыл әкімдік озық халық­аралық тәжірибені ескере және елорданың көгалдандыру саласындағы ғылыми қызметкерлерін, урбанистер мен қала тұрғындарын тарта отырып, Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес елорданы көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі жобаларды нақты үйлестіру және іске асыру үшін негіз болатын екі негізгі құжатты әзірледі. Оның біріншісі – Астана қаласының қоғамдық кеңістігін дамыту және көгалдандыру схемасы. Онда қоғамдық кеңістіктерді дамытудың және қаланы көгалдандыруды дамытудың тұжырымдамалық аспектілері жеке анықталған. Осы құжаттың негізінде саябақ аймақтарын ұлғайту, оларды жол бойындағы сызықтық екпелермен байланыс­тырып, «қаланы жасыл желекке бөлеу» әсерін жасау жоспарлануда. 5 жыл ішінде көгалдандыру алаңы бір тұрғынға шаққанда 14  шаршы метрден 19 шаршы метрге дейін ұлғайтылады, осылайша қала тұрғындары үшін жасыл кеңістіктер қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Екінші құжат – Астана қаласын көгалдандыру жарғысы. Бұл құжат қаланы көгалдандырудың барлық мәселелерін қамтиды және реттейді, көгалдандыру және жайлы, экологиялық тұрақты орта құру жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге арналған.

– Жарғыда құрылыс объектілерін көгалдандыру, отырғызу материалының сапасы мен жай-күйі және т.б. талаптары қарастырылған. Бұл құжаттарда көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктер бойынша ағымдағы ахуалды талдау, халықаралық тәжірибені шолу, олардың даму үрдістері мен жүргізілуі, күтілетін нәтижелер, сондай-ақ елорданы көгалдандыру мен абаттандыруды дамыту жобаларын іске асыру жөніндегі тұжырымдамалық тәсіл ұсынылған. Сонымен қатар, әр аудан бойынша жобаларды әзірлеу кезінде 2023 жылдың қазан-қараша айлары аралығында Астана қаласының экобелсенділері мен тұрғындарының қатысуымен қоғамдық талқылаулар өткізілді, – дейді басқарма өкілі.

Топырақ құнарының әсері қаншалықты?

Топырағы құнарлы бола тұра Астанада ағаш аз. Одан бөлек, ағаштарды көбейту үшін үй салатын құрылыс компанияларына көгалдандыру мәселесін де реттеуді міндеттеу керек. Әсіресе қаланың ескі жағына қарағанда сол жағалауда ағаштар аз болуы ойлантады. Ж.Бескемпірованың айтуынша, қала аумағындағы топырақтың жай-күйі өсімдіктердің қалыпты дамуына ықпал етпейді. Орман жарамдылығы бойынша Жердің картограммасы бұл жердегі аумақтың 60%-ы жарамсыз жерлерге тиесілі екенін көрсетеді. Шартты түрде орман жарамды жерлер жалпы ауданның тек 25%-ын құрайды, ал шектеулі орман жарамды жерлер ауданның 15%-ын алады.

– Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының пікірінше, елорданың топырақ жамылғысы өзінің біртекті емес, дақ қабаттарымен ерекшеленеді. Яғни, бір жерде ол өсімдіктердің өсуіне қолайлы болуы мүмкін, бірақ соған жақын бірнеше метр жерде сортаң топырақ болуы ықтимал, – дейді ол.

Екінші мәселе бойынша осы жылы пайдалануға берілген және салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің аумақтарында көгалдандырудың болмау фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліпті. Жасыл желектер мен олардың түрлерін ұлғайту бойынша дендрологиялық жоспарлар қайта қаралған. Қосымша құрылыс компаниялары 100 мыңға жуық екпе отырғызған.

– Ағаштардың қалың болып өспеуіне астананың қысы қатты, суық болуының да ықпалы бар. Жердің күрделі табиғи-климаттық жағдайы жасыл желектердің өсуіне әсер етеді, атап айтқанда, шұғыл континенталды климат, температураның құбылуы, күздің кеш түсіп, көктемнің ерте келуі, жазда судың аз, әрі ыстық болуы, суық қыстың ұзаққа созылуы ағаштардың жайқалып өсуіне кедергі келтіреді, – дейді сала маманы.

Жасыл қалаға айналу әлеуеті қандай?

Дегенмен осындай кереғар олқылықтарына қарамастан елорданы жасыл желекке толтыруға мүмкіндіктер бар.

– Қала аумағында әзірленген тұжырымдама шеңберінде халықаралық тәжірибе мен ғылыми қоғамдастықтың көгалдандыру мәселелеріндегі әлеуетін пайдалана отырып, қоғамдық кеңістіктерді дамыту жолымен жасыл инфрақұрылымды біз тұратын және жұмыс істейтін барлық орындарға біріктіреміз, осылайша ағаштар мен жасыл желектер әрқашан барлық тұрғындар үшін көрініп тұратын және оңай қол жеткізу шегінде болады, – дейді Ж.Елуанқызы.

Келесі жылы басқарма «Президент саябағын қайта құру», «спорт», «эко» және «классикалық», «Есіл өзенінің жағалауы» сияқты тақырыптық жасыл аймақтар, «Мәңгілік ел даңғылын қайта жаңғырту» және «Көлдің рекреациялық аймағы», «Кіші Талдыкөл» сияқты ірі жобаларды жүзеге асыруды қолға алмақ.

Биылғы жоспар қандай?

Астана қаласы әкімдігінің тапсырмасымен 2023 жылы қала аумағында шамамен 1 млн жасыл желек отырғызылған. Қала ішінде 528 мың дана, «Жасыл белдеу» аумағында 456 591 дана егілген. Сонымен қатар 165 қоғамдық және аула кеңістігі салынған, оның ішінде 2 саябақ шамамен 200 га, 10 гүлбағы, 33 қоғамдық кеңістік және 120 аула кеңістігі бар. Ал биыл елорданың шеткі аудандары мен тұрғын алаптарға және Тұран көшесінің батысындағы аудан, Мыңжылдық аллея­сы және т.б. жерлерге ерекше назар аударылады. Басқарма осы жасыл аймақтардың барлығын даңғылдар мен көшелер бойындағы желілік екпелермен байланыстырып, жасыл дәліздер жасауды жоспарлап отыр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button