Руханият

Білім ордасының белесі #



Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­тық университетінің 20 жыл­дық ме­рейтойына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хат жолдады. Оның мәтінін салтанатты жиынға қатысқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лы­қова оқып берді.

Президент өз сөзінде аста­налық білім ордасын білікті мамандар даярлауда әрдайым алғы шептен көруге үмітті екенін айтып, университетке жарқын болашақ тілеген. Сондай-ақ, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қалың қауым алдында елорда әкімінің құттықтауын жеткізді. «Алғаш құрылғаннан бері Еуразия ұлттық университеті елімізге аса қажетті, парасатты, кәсіби мамандарды даярлап келеді. Университет дипломы бүгінгі таңда жоғары мәртебеге ие. Бітіруші түлектер отандық және халықаралық бизнес саласында, мемлекеттік басқару мекемелерінде, әлеуметтік, мәдени, саяси өмірімізде жемісті еңбек етіп жүр. Олар – қашанда жоғары сұранысқа ие мамандар» делінген әкім құттықтауында.
Бұдан кейін білім орда­сының қазіргі және бұрынғы ректорларына мерейтойлық ескерткіш медаль табыс етілді.


Университеттің туған күніне арналған мерекелік бағдарлама «Күлтегін аманатымен» бас­талды. Күлтегіннің образын Қаллеки театрының актері Қуандық Қыстықбаев сомдады. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы, «Астана опера» балет театрының өнер ұжымы, сондай-ақ университеттің талантты студенттері мереке көркін қыздырды. Салтанатты шара ордалы оқу орнының алаңында ұйымдастырылған концертке ұласты.
Атап өтейік, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті – еліміздегі жоғары оқу орындары арасында топ бастаушылардың бірі ғана емес, небары 20 жыл ішінде талай халықаралық, республикалық рейтингілер мен сараптауларда лайықты орындардан көрініп, әлем аренасында озық оқу орындарының қатарынан орын тепкен оқу ордасы. Білім ұйымында бүгінде 13 факультет, 65 кафедра, ондаған зертханалар жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда үш жарым мыңдай жас оқу бітіріп шығады. Ал, 2015 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 87 пайызды құрайды.

Мәдина ЖАҚЫП




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button