Руханият

Дариға жырдың дәурені

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Дариға жырдың дәурені» атты ақын Марфуға Бектемірованы еске алу кеші өтті. Кешке жиналғандар әдебиеттің поэзия, проза, сатира, көркем аударма жанрларында қалам тербеген және журналистік жұмысымен танылған қаламгердің жарқын бейнесі, шығармашылығы туралы сөз сабақтады. Жеткіншектер ақынның Отан, туған жер туралы жырларын оқып, ақын өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады.

Марфуға Бектемірова қазақ поэзиясы көшіне өткен ғасырдың сексенінші жылдары ілесті. Шығармашыл жандардың республикалық «Жігер» фестивалінде талантымен көзге түсіп, лауреат атанды. Бірқатар ұжымдық жинақтарға өлеңдері енгеннен кейін «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің, қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» аталатын жеке кітаптары жарық көрді. Еске алу кешінде алдымен сөз алған ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы ақынды көзі тірісінде ардақтау, оған құрмет көрсету мәселесін көтерді.
– Көкше өңірінде Еркеш Ибраһим деген тамаша ақын өмір сүрді. Оның өлеңдері, ән мәтіндері, дастандары туралы ұзақ толғауға болады. Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев Еркештің алдынан кесіп өтпейтін. Бұл ақын өз алдына Ғафу мен Сырбайды қатты қастерледі. Мәселен, Сырбайдың 50 жылдығы кезінде Сыр ағаны елге өзі бастап барды. Біз қазір Еркеш сынды талантты ақынды ұмытып бара жатырмыз. Ұлттық академиялық кітапханада осындай кеш ұйымдастырылмағанда, Марфуғаны да еске алмас па едік? Кітапханаға сол үшін алғыс айтамын. Осындай игі дәстүр жалғасса екен деген тілегім бар, – деді Серік ақын.
Қазақ қыздар поэзиясының арғы-бергі тарихын, әйел затты ақындардың қолтаңбасын сөз қылғанда, әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Серік Тұр­ғынбекұлы оны да тарқатып: «Тауды бұзып, тасты жаратын Фаризаның орны бөлек. Ағыл-тегіл Ақұштаптың үні ерек. Қыз ақындар бірін-бірі қайталамайды. Ал, Марфуға Бектемірованың поэзиясында бұлақтың сыңғыры, құрақтың сыбдыры, күннің шуағы, өзі өскен Бурабайдың бүкіл болмысы көрініс табады. Ақынның өлеңдерің оқып отырып, оның әр тасын автордың өзі қолымен қалағандай елестетіп, таңғаласың. Осы тұрғыдан ал­ғанда, Марфуғаның поэзиясы Есенинді еске түсіреді. Қазақтың ақын қызы егер көзі тірі болса, орыстың осы атақты ақыны атындағы сыйлыққа бірден-бір лайық адам еді. Марфуға жақсы ақын екенін білсе де,өзін көрсетуге тырыспады, атын танытуға құштар болмады. Енді дүниеден өткеннен кейін оны көрсету, таныту тірілердің парызы» деп түйіндеді сөзін.
Марфуға Бектеміровамен шыққан топырағы бір ақын, жыршы Баянғали Әлімжанов ақындық мінез туралы пікірін айтып, ақын қарындасымен танысқан, кездескен күн­де­рін еске алды. Марфуға Бек­темірованың жүрексінбей, Анна Ахматова секілді атақты ақынның өлеңдерін аударуға барғанын ерлікке балады. Мар­құмның есімін мәңгі есте қалдыру үшін ақын туған Ақмола облысында қолға алынуы тиіс шараларға тоқталды.
Марфуға Бектеміровамен поэзияға қатар келген ақын Қазыбек Иса замандасының бейнесі мен ақындық болмысы туралы сөйледі. Ерсайын Нарымбаев пен Дәу­леткерей Абылахатұлы сынды композиторлар Марфуға Бектемірованың сөзіне жазыл­ған әндерді салды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button