Басты ақпаратСараптама

Бизнесті берекелі ету үшін не істеу керек?



Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бизнес­тің дамуын жеделдету маңызды екенін атап, шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыруды тапсырды. Өйткені кәсіпкерліктің ахуалы қандай – халықтың әлеуметтік жағдайы да сондай. Әлемнің озық елдері осы принципке басымдық беріп, шағын және орта бизнесті дамытуға күш салады.

ОЗЫҚ ЕЛДЕРДІҢ ТІРЕГІ – БИЗНЕС

Әлемде бизнес жүргізуге ең ыңғайлы ел – Жаңа Зеландия. 2012 жылдан бері Тынық мұхитының оңтүстік-батысындағы шағын ел кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастырып, осы салада көш бастап келеді. Бірнеше жыл бұрын фирма ашу үшін арнайы адвокат қызметіне жүгініп, кәсіпкерлікті құжаттандыруға бір апта уақыт кететін. Қазір интернет-платформа арқылы (companies.govt.nz) 1-3 сағат ішінде кәсіпкер атанады. Бас­тысы, іскерлік иммиграцияны дамытуда бюрократиялық кедергі мен мемлекеттің әкімшілік қысымын азайтуға мән берді. Бұл елдегі еркін нарықтық экономика, табыстың жоғары деңгейі, өмір сүрудің оңтайлы жағдайы, құрылысқа рұқсатты тез ресімдеу, мүлікті тіркеу, кредит рәсімдеудегі ыңғайлылық бизнестің дамуына оң ықпал етті. Жаңа Зеландияда шетелдің іскер азаматтары жаңа компания ашып қана қоймай, дайын бизнес субъектісін сатып алып, акцияға немесе коммерциялық жылжымайтын мүлікке инвестиция сала алады.

Бизнеске ыңғайлы елдер санатына Сингапур, Гонконг, Дания, Корея, АҚШ, Грузия, Ұлыбритания, Норвегия, Швеция да жатады. Бұл қатардағы алдыңғы үш ел кәсіпкерлік саласын цифрландыруды басымдық етті.

ХХ ғасырдың 60-90-жылдары Оңтүстік Корея бизнесті кезең-кезеңімен жоспарлы дамытты. 1966 жылы Корея үкіметі «Шағын және орта кәсіпкерлік туралы» заң қабылдап, бизнесті қолдаудың кешенді бағдарын айқындап, алдымен ірі корпорацияны дамытуға, сосын оларға сервистік қызмет көрсететін шағын және орта бизнесті қалыптастыруға мән берді. 1980 жылы бизнесті қорғау саясатын одан әрі нығайтып, арнайы бизнесті насихаттау жөніндегі мемлекеттік қор, шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ұзақмерзімді 10 жылдық бағдарлама қабылдады. Бағдарлама Кореяны әлемнің озық елдерінің қатарына қосуға мүмкіндік берді.

Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігін қамтамасыз ететін АҚШ-тың экономикалық қуаты шағын және орта кәсіпкерлік саласымен тікелей байланысты. Шағын бизнес және кәсіпкерлік кеңесінің мәліметінше, Штаттарда 30,7 миллион шағын бизнес субъектісінде 59,9 миллион адам жұмыс істейді. Жыл сайын кәсіпкерлік саласында 1,5 миллион жаңа жұмыс орны ашылады. Елде отбасы бизнесінің үлесі айтарлықтай. Мәселен, 1,2 миллион ерлі-зайыпты шағын бизнес субъектісін басқарады. Отбасы бизнесінің 30 пайызын екінші, үшінші ұрпағы меңгеріп кетеді. Бұл көрсеткіштен амери­калықтардың өмірінде бизнес­тің қаншалықты терең мәнге ие екенін көруге болады.

Сарапшылар АҚШ-та бизнестің дамуына заң тетігі оң әсер етті дейді. 1890 жылы «Шерман актісі» монополияға қарсы күрес­те заңды негіз болса, 1953 жылы қабылданған «Шағын кәсіпкерлік туралы» заң кәсіпкерлердің мүддесін қорғады. Одан бөлек, «Адал бәсекелестік туралы», «Шағын кәсіпкерлікті инновациялау және дамыту туралы» заңдар саланың өркендеуіне септігін тигізді. Екіншіден, 1953 жылы Шағын кәсіпкерлікті басқару агенттігі құрылып, кәсіпкерлерді ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуді жолға қойды. Үшіншіден, ­ғылыми-технологиялық тұрғыда қолдау білдірді. Төртіншіден, қаржыландыру көзін шешті. Бесіншіден, салық жеңілдігін қамтамасыз етті.

Елорда экономикасындағы кәсіпкерліктің үлесі 69 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз – дамыған мемлекеттердің деңгейіндегі көрсеткіш. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды. Жалпы Астанада 185 мың кәсіпорын болса, оның басым бөлігі – жеке кәсіпкерлік. 2022 жылы грант алу үшін 918 өтінім жіберіліп, 619,6 миллион теңгенің 135 жобасы іске асты

КСРО бұғауында болған Грузияны жаңа бағытқа бұрып, бизнеске қолайлы елдің қатарына қосуда Михаил Саакашвилидің еңбегі ерен. Жемқорлықпен күресіп, құқық қорғау саласын реформалап, бюрократиялық кедергілерді азайту арқылы шағын және орта бизнес саласын дамытуға жол ашты. Бүгінде Грузия әлемдік рейтингте 7-орында.

РЕЙТИНГТЕ 25-ОРЫНДАМЫЗ

Дүниежүзілік банк бизнеске қолайлы елдердің рейтингін саралағанда кәсіпкерлікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу, электрмен жабдықтау жүйе­сіне қосылу, меншікті тіркеу, кредит алу, миноритарлық инвесторларды қорғау, салық салу, халық­аралық сауда, келісімшарттың орындалуын қамтамасыз ету және төлем қабілетсіздігіне рұқсат беру критерийі бойынша бағалайды.

2016 жылы Қазақстан бизнес­ке қолайлы елдер рейтингінде 41-орында болса, 2017 жылы – 35, 2018 жылы – 36, 2019 жылы – 28, 2020 жылы 25-орыннан көрінді. Экономикалық зерт­теулер институты бәсекелес ортаны зерттеу орталығының аға маманы Гүлназ Қасымбаеваның сөзінше, 2021 жылы Дүние­жүзілік банк «Doing Business» рейтингін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған есептеудегі қателіктер себеп.

– 2018-2019 жылы Қазақстан 10 бағыттың 3-еуінде жоғарылады. Кредит алу бойынша 25-орында (+35 позиция), кәсіпорынды бастау бойынша 22-орында (+14 позиция), электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша 67-орында (+9 позиция) болды. 2021 жылы бизнесті реттеуді жетілдіру мақсатында бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша өңір мен қалалардың рейтингін өткізу жөніндегі әдістеме бекітілді. Рейтинг ресми статистика мен кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама дерегіне негізделді, – деді Гүлназ Қасымбаева.

2017 жылы 24 қарашада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңір мен қалалар рейтингі» туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат бизнесті ашуға және жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру, бизнес үшін қаржының қолжетімділігі, бизнес субъектісінен түсетін салық аударымының көлемі және тағы басқа мәліметтер сараланды. Сөйтіп, 2018 және 2019 жылы бизнеске қолайлы климат туғызған қала және облыстардың рейтингі түзілді. Бұл бойынша бірінші жылы Қызылорда, екінші жылы Түркістан облысы көш бастады. 2021 жылы Шымкент қаласы, 2022 жылдың қорытындысымен Алматы қаласы үздік деп танылды.

Сол жылдары Қызылорда облысын басқарған Қырымбек Көшербаев «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасын» қабылдап, қала, аудан, ауыл әкімдеріне жаңа жұмыс орындарын құру, салық базасын кеңейтуде мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуды тапсырды. Әрі облыстың актив жиындарында кәсіпкерлік субъектісі ашылмаған ауылдық округ әкімдерін есеп алып, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін. Қадағалау салдарынан ауылды жерлерде мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саласына қан жүгірді. Қаржыға қол жеткізе алмай жүрген қаншама азамат мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жұмысын жандандырды.

Алайда ел бойынша жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, бюрократиялы кедергілер бұл салаға қолбайлау болып тұр. Әр өңірде құрылған қайтарымсыз грант беретін комиссияның жұмысы ашық әрі жариялы болмау салдарынан тамыр-таныстықпен мәселе шешіліп, миллиондаған қаржы құмға сіңген судай берекесіз бағытталуда. Тіпті кейбір әулеттің мүшелері грантқа қол жеткізіп, бірі көлік, екіншісі ремонтқа жұмсап, бақылаусыз қаржының рахатын көруде.

Әлемнің көшбасшы елдеріндегідей кәсіпкерлік саласы еркін дамуына кедергі болатын жайттар жоқ емес. Мәселен, кәсіпкерлер үшін кредиттік бағдарламалар қолайлы болмай тұр. Мұны Президент биылғы Жолдауында атап өтті. Оның басты себебі – екінші деңгейлі банктер бизнесті қолдауға құлықсыз. Әкімшілік қысым да бизнестегі жүйелі мәселенің бірі. Коммуналдық төлем түрлері, соның ішінде электр энергиясы тарифінің жоғары болуы – іскер азаматтарға қолбайлау. Құрылыс саласында табыс табатын кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу мерзімінің ұзақтығы алаңдатады.

Экономист Ләззат Жанмолданың сөзінше, Үкімет бизнес­ті дамытуға бағдарламалар қабылдап, қомақты қаржы қарастырғанмен, нәтижелі жұмыс көрінбейді.

– Үкімет шағын кәсіпорындардың іскерлік белсенділігін арттыруда құқықтық және ұйым­дастырушылық қабілетін шыңдап, салық және кредит-қаржы сая­сатын жеңілдетіп, жетілдіруі керек. Бизнес-инкубатор мен бизнес-акселератор санын көбейтіп, оларға тікелей қолдау көрсетіп, франчайзинг саласын дамытып, отандық өнімді қолдауы маңызды. Олай болмаса, отандық кәсіпкерлер шетелдің арзан тауарларына төтеп бере алмайды. Импортқа белгілі бір деңгейде шектеп немесе отандық өнім түрлерін субсидиялауды қарастырғаны дұрыс, – деді экономист Л.Жанмолда.

Рас, шет елдердегідей кәсіпкерлікті қолдайтын заңдар мен бағдарламалар біздің елде аз емес. 2015 жылғы 29 қазанда кәсіпкерлер мен мемлекеттің өзара іс-қимылын реттейтін Кәсіпкерлік кодексі қолданысқа енді. Мерзімі біткен бағдарламаларды айт­пағанның өзінде, 2021-2025 жылға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы мен «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы іске қосылды. Кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз тексеруге мораторий жарияланды. Бұл бас­тамалар бизнес саласына дем бергенмен, кәсіпкерлердің шетелдің арзан тауарына бәсекелесуі қиын болып тұр. Бір мысал, отандық кәсіпкерлердің Ресей мен Беларусь ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға тұрғысынан төтеп беруі қиын.

АСТАНА – БИЗНЕС ОРТАЛЫҒЫ

Елорда экономикасындағы кәсіпкерліктің үлесі 69 па­йызды құрайды. Бұл дегеніміз – дамыған мемлекеттердің деңгейіндегі көрсеткіш. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды. Ендеше Астана өзге өңірлерге шағын және орта бизнесті қолдап, дамыту жағынан үлгі.

Бас қалада кәсіпкерлік саласының ілгерілеуіне негіз болатын бірнеше себеп бар. Біріншіден, әлеуметтік инфрақұрылымның жетілуі бизнеске жайлылық туғызады. Екіншіден, инвестицияға тартымды болуы да шешуші рөл атқарады. Үшіншіден, сұраныс пен ұсыныстың тең дәрежеде қалыптасуы тікелей әсер етеді. Ал сұраныс халық санының көбеюімен артатыны белгілі. Астана миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Яғни сұраныстың артуымен жылына түрлі бағыттағы 10-15 мыңға жуық кәсіпорын ашылады. Жалпы Астанада 185 мың кәсіпорын болса, оның басым бөлігі – жеке кәсіпкерлік.

Шынында, елорда инвесторлар үшін тартымды. Оған Астананың көлік, коммуникация және логистика орталығы болуы оң әсер етеді. Яғни Азия мен Еуропа жалғайтын транзиттік көпір саналады. Елдің әкімшілік және іскерлік орталығы ретінде ғылыми-техникалық және ­ғылыми-инновациялық ірі жобалар іске асуда. Бас қалада кредит бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялап, кредитті ішінара кепілдендіріп, мемлекеттік гранттар беріп, кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпал етуде.

Инвестиция тартуда «SPK Astana Development» фронт-офисі белсенді жұмыс істейді. Инвесторларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жүргізуде. 2019-2023 жылдар аралығында елорданың инвестициялық көрсеткіші бо­йынша тұрақты өсім байқалады.

Арнайы экономикалық аймақтар бизнестің дамуына серпін беріп, сервистік қызмет сапасының жақсаруына мүмкіндік береді. Мәселен, «Астана – жаңа қала» арнайы экономика аймағында 300 қатысушы болса, «Астана-Технополисте» 13 кәсіпкер тіркеліп, өз кәсібін өркендетуде.

Жаңа жұмыс орнын құруда кәсіпкерлік саласы маңызды рөл атқарады десек, бұл саланы қаржылай қолдау маңызды. Үкімет қайтарымсыз гранттар арқылы демеуде. 2022 жылы грант алу үшін 918 өтінім жіберіліп, 619,6 миллион теңгенің 135 жобасы іске асты.

Мемлекеттің қамқорлығын көрген кәсіпкердің бірі – Эмин Әскеров. Ол негізін қалаған «GreenTAL» ЖШС полиграфия және дизайн қызметін жасап, ағаш шеберханасы, тігін цехында қызмет етеді. Ағаш ойыншығының сан түрін өндіреді.

– Іс істеймін, бизнес бастаймын деген азаматтарға мүмкіндік көп. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-қа барып, кәсіпкерлікті дамыту туралы жан-жақты ақпарат алуға болады. Біз «Бастау бизнес» жобасы бойынша 5 мил­лион теңгеге қол жеткіздік. Бұл қаржыға балаларға арналған ағаш ойыншықтар өндірісін бастадық. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 3 миллион теңгеге қаржылан­дырды. Оған Екібастұз қаласында компанияның фи­лиалын ашып, кәсіпті кеңейттік. Қазір Астана, Павлодар және Екібастұз қаласындағы компанияда 40 адам жұмыс істейді, – деді іскер азамат Э.Әскеров.

Бас қаладағы бизнестің деңгей-дәрмені өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Бұған таласымыз жоқ. Бірақ шағын және орта бизнестің кластерлік өндірісін дамыту кенжелеп тұр. Атадан балаға сабақтасатын отбасы бизнесі кенже тартуда. Бағдарламалар осы бағытта жан бітірсе, игілікті іс болар еді.

P.S: Әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілік критерийін есептегенде кәсіпкерлік саласының дамуын саралайды. Себебі кез келген дағдарысқа тез ­бейімделетін экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайтадан бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлердің рейтингін анықтап, әкімдердің қызметіне баға беруді тапсырды.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button