БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ ҚОЗҒАЛЫС
Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин журналистерге брифинг өткізді.
«Бүгінгі таңда қозғалыс белсенділерінің саны 4 мың адамға жетті. Олардың ішінде бизнес, ғылым мен білім, денсаулық, отандық және шетелдік өндірістік кәсіпорындардың өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер бар. Жыл соңына дейін 10 мың адамнан асады деп ойлаймыз. Бұл үлкен жетістік болмақ» деді Д.Жұмин. «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы Елбасының идеясымен туындаған еді. Мемлекет «Болашақ» стипендиясының 20 жылдық мерейтой форумына қатысушыларына айтқан сөзінде: «Қазақстан-2050» Стратегиясы – бұл біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. Ол біздің халық ұмтылатын ұлы істерге бастайды.
Мен «Болашақ» бағдарламасы негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынамын» деген болатын. Жаңа ұйым қазақстандық мемлекеттіліктің негізінде жатқан құндылықтар – ұлттық бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім, азаматтық теңдік және үш тұғырлы тіл, толеранттылық, сонымен қатар қазақ елінің бай дәстүрі мен тарихының баяндылығын мақсат етеді.
Қазіргі күнде қозғалыстың күшімен «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған 16 жоба іске қосылып, оның төртеуі аяқталып, ал қалған 12 жоба әлі жүзеге асырылуда.
Айгүл УАЙСОВА