БілімҚала тіршілігі

БҮЛДІРШІНДЕР БАЛАБАҚШАНЫ БЕЗЕНДІРДІ

2014606112636

Егер әр баланы жастайынан өсімдіктер мен көкөністер әлемінің адам өмірінде алатын орны мен маңыздылығын түсініп, оны аялай білуге баулыса, одан нағыз сұлулық пен адамгершілікті бойына сіңірген азамат шығатыны даусыз. Осы мақсатта Астана қаласының №73 «Аяулым» балабақшасында ауланы көгалдандыру және әсемдеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл бір қарағанда жұмыс көрінгенімен, бақша тәрбиеленушілері мен ата-аналар арасындағы топ-топқа бөлінген байқау әрі жарыс түрінде өтті. Әр топтың өзіне белгіленген алаңы бар. Осы алаңға гүл, көшет отырғызу, әр түрлі қажетсіз заттардан көз тартатын бұйымдар жасау, көгалдандыру, бір сөзбен айтқанда бүлдіршіндер ойнағанда көңілденетіндей ертегі кейіпкерлерін орнату секілді жұмыстар атқару керек болатын. Біздің бақшаның кішкентай бүлдіршіндері де, ата-аналары да игі іске тосылып қалған жоқ. Бір кісідей жең түріп, бел буа кірісті. Нәтижесінде, автокөліктердің керексіз боп қалған доңғалақтары мен сусындардың босап қалған пластик құтыларынан әртүрлі ертегі кейіпкерлері дайын болады. Олардың арасынан көз тартатын Күнікей қызды да, Ертөстікті де, орыс ертегісіндегі Маша мен аюды да, қолтырауындар мен қояндарды да кезіктіруге болады. Әр топ өз алаңдарын гүл дестелерімен көмкеріп, аққайың, қаратал, сирень, шырша ағаштарын отырғызды. Бұл ойын баласын табиғатты сүюге тәрбиелеп қана қоймай, айналасын, қоршаған ортаны тануға да көп септігін тигізері сөзсіз. «Таза қала, таза аула біздің қолымызда» атты сайысқа бақшамыздың меңгерушісі Эльмира Байсейітқызынан бастап тәрбиешілер қауымы да түгелдей атсалысты. Әдіскер Айнұр Тоқтархан шығармашылық жағынан көптеген кеңестер беріп, әр топтың тәрбиешілерін қанаттандырып, ынталандырып отырды. Жалпы, сайысқа балабақшадағы 12 топ тайлы-таяғымен қатысты десек артық айтқандық емес. Осы сайыстың қорытындысы бойынша ең көркем, ең әсем безендірілген алаңдардың топтарына тиісті орындар белгіленді. І орынды Гуля Берікбайқызы жетекшілік ететін «Адырна» тобы иеленді. Бұл топтың алаңы жасыл желекке оранып, әртүрлі ертегі кейіпкерлерімен безендірілген. Ең бастысы, бұл топтың ата-аналар ұжымы тәрбиешімен етене араласып, қойың-қолтық жұмыс істеді. ІІ және III орындарды бір-бірімен иық тіресе тұрған, екі алаңның да әсемдігі көз тартатындай «Қоңырау» және «Сыбызғы» топтары өзара бөлісті. Бұл топтар да тәрбиешілердің ата-аналармен тығыз жұмыс жасауының арқасында екі аққайың, үш шырша ағашын отырғызған, жалпы көгалдандыру жұмысын жақсы жүргізген. Жалпы айта келгенде балабақшада көгалдандыру жұмысының жүргізілуі өте маңызды. Осы көгалдандыру жұмыстары арқылы балалар қоршаған ортасын танып біледі, қазірдің өзінде балалар таңертең келісімен тәрбиеші апайларымен бірге гүлге су құюға қызығушылық танытып бірге еңбек етеді. Бұл өз кезегінде балаларды ұжымшылдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеудің даңғыл жолы екені сөзсіз.

Айгүл Рахметқызы,
психолог

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button