Білім

Болашақтың болжамы

Осыдан 4 жыл бұрынғы әлемде орын алған пандемия жағдайына байланысты оқушыларды қашықтан оқыту жағдайы басталды.

Осыған байланысты оқу­шылардың жеке дара оқшаулануы олардың сабаққа деген қызығушылығын төмендетті. Функционалдық оқу сауаты төмендеді, сол себепті оқушылардың ауызекі сөйлеу тілі мен жазбаша түрдегі сауаты кеми түсті. Бүгінгі таңдағы ұстаздардың алда тұрған негізгі мақсаты – сабақ барысында оқушыларға инновация­лық-жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, осы тығырықтан алып шығу.

ХХІ ғасыр – бұл өзгерістер мен бәсекелестіктің ғасыры, білім мен ғылымның жарысқа түсу ғасыры, яғни түрлі технологияның дамыған заманы. Бүгінгі заманның талабына сай әртүрлі жаңа мамандықтарға деген сұраныс күн сайын артып келеді. Ғалымдардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай жаңадан қолданысқа 183 мамандық келіп қосылады. Кез келген мамандық иесі өзінің жұмыс орнын сақтап қалу үшін қосымша бірнеше мамандыққа ие болуы керек екені туралы айтылып жатыр. Әлемдік сарапшылардың болжамы бойынша жұмыс орнындағы бірнеше мамандық орындарын робот техникасы жүзеге асырады деп жорамалдануда. Сондықтан да халықты жұмыспен қамту деңгейі төмендеуі мүмкін екені туралы тілге тиек етілуде. Оксфорд сарапшыларының айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47 пайызы жойылады деген болжам бар. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазір мектепте оқып жатқан оқушылардың 65 пайызы болашақта жаңадан пайда болатын мамандық иелері атанады.

Қазіргі таңда ұстаздардың алда тұрған басты мақсаты – жоғары сынып оқушыларының болашақ талабына сай мамандықтар таңдауына ықпал ету, жаңа заман мамандық­тарының ерекшеліктері мен артықшылықтарын меңгерту, өзгерістер заманындағы кез келген талаптарға сай болу дағдыларын қалыптастыру. Мұғалім сабақ барысында түрлі ақпарат көзінен алған білімін оқушы бойына сіңіре отырып, сол алған білімін өмірде дұрыс қолдануға жетелесе, түрлі жаңаша әдіс-тәсілді қолданса, нұр үстіне нұр болар еді.

Олай болса әр оқушы сабақ барысында жаңа ақпараттармен таныса отырып, мәліметтерді талдай алуы керек. Сол кезде тақырып бойынша сөз саптау қабілеті дамиды, түрлі ақпаратты сараптайды, өзара салыстыра алатын болады, жеке көзқарас тұрғысынан баға беру дағдысы қалыптасады, ойын жинақтап, қорытындылап жазуға икемделеді, өзінің қабілеті мен қалауына қарай мамандықты таңдауға бейімделеді.

Әр ұстаз өз шәкіртіне өмірде адам игілігі үшін қыз­мет ететін мамандықтарды таңдауға бағыт-бағдар беретін бағдаршам болуы керек. Адами құндылықтарды әр оқушының бойына шырағдан етіп жаға білуі қажет. Ақпарат технологияларының жаңа түрлерін сабақта қолдана отырып, оқушыны қызықтыратын қосымша қызықты материалдардың болуы, күнделікті әлемдік жаңалықтардың болуы, түрлі мамандық иелерімен кездесу ұйымдастыру, өндіріс орындарына саяхат ұйымдастыру арқылы тәжірибелік мүмкіндіктердің болуы, жаңашыл көзқарас қалыптастыратын интеллект тақырыбындағы дебат, пікірталас, жаңа мамандықтардың ерекшелігін ашу үшін қосымша әдебиеттермен жұмыс түрлерін ұйымдастырып отырса, міндетті түрде алға қойған ұстаздың әрбір мақсаты іс жүзінде жүзеге аспақ. Сөз соңында қорыта келе айтарым: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, әр оқушының бойындағы қабілет-қарымын дұрыс тауып, оларға оң бағытты сілтеп жіберсек, нұр үстіне нұр болар еді, қадірменді ұстаздар!

 Айнагүл МАЙЛЫБЕКОВА,

№45 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті

пәні мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button