Денсаулық

«Мичуриннің» мәртебелі дәрігері

Зейнет жасына жетсе де, басшылықтың өтінішімен одан әрі қызметін жалғас­тыру сол маман иесінің аса білікті және өте қажет кадр екенін білдіреді. Мұндай адамдарды қоғамда түрлі салаларда кездестіріп жүрміз. Ондай мықты кадрлар елорданың медицина саласында да бар. Солардың бірі – №7 қалалық емхананың Мичурин тұрғын алабындағы бөлімшесінің жалпы практика дәрігері Гүләйім Мусаева.

Елорданың шет аймағына жататын Мичуриннің тұрғыны, әрі сондағы емхана бөлімшесін 7 жылдай басқарған Гүләйім Елубайқызы былтыр зейнет жасына жеткен еді. Алайда басшылық оның біліктілігі мен тәжірибесін алға тартып, одан әрі дәрігер болып жұмысын жалғастыруын сұрады. Әрине, бүкіл өмірін арнаған сүйікті жұмысымен болашақта да айналыса беруге кейіпкеріміз қуана келісті. 30 жылдан астам уақыт бойына ол халықтың денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп, әлі де тынымсыз еңбегін жалғастырып келеді.

Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Гүләйім Мусаева ақ халатты жан болуды бала кезден армандады. Колледж бітіріп, алдымен медбике болып еңбек етті. 1991 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтын емдеуші дәрігер мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын 1992 жылы Жамбыл орталық ауруханасының дәрігер кардиоревматологы болып бастады. Бір жылдан кейін терапевт дәрігер және терапия бөлімшесінің меңгерушісі болды. 2005 жылы елордаға көшіп келіп, «Интернациональный» алабындағы емханада дәрігер-терапевт болып жұмыс істеді. 2016 жылы №7 емхананың Мичурин елді мекеніндегі №2 ЖПД бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне кірісті.

– Біздің бөлімшеге 1718 Мичурин тұрғыны тіркелген. Жаңа туған кішкентай сәбиден бастап, таяққа сүйеніп әрең жүрген қарттарға дейін бізге қаралады. Менің қабылдау уақытым – көбіне түске дейінгі мезгіл. Аурулардың алдын алу, қабылдауға жазылып келген азаматтардың денсаулығын тексеріп, қай жері ауырып тұрғанын нақты зерттеп білу, сол арқылы салалық дәрігерлерге жолдама беріп, қандай дерті барын нақтылау, балалар арасында жоспарлы егу жұмыстарын жүргізу, жүкті әйелдерді қарау және тағы басқа міндеттеріміз бар, – дейді дәрігер.

Өзі үш баланың анасы, немерелерінің әжесі болып жүрген дәрігердің еңбегі еш елеусіз қалған емес. Осындай адал қызметі үшін ол Денсаулық сақтау министрлігі, Астана қаласы әкімі, Алматы ауданы әкімдерінің атынан Алғыс хаттар алған. Тағы бір маңызды марапаты «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медаліне 2022 жылы ие болған.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button