Білім

Оқушы жүрегіне жол тапқан…

Ғайния Ахметованың Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде қызмет істегеніне 18 жыл болыпты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – ұжымда білімді, білікті педагог ретінде абыройлы жан. Оқушылар ұстазының  балаға деген жанашырлығы үшін, қарапайымдылығы үшін құрмет тұтады.  

Ғайния Сандыбайқызы қазіргі Ұлытау облысы Қарсақбай кентінде қарапайым ғана отбасында дүниеге келген. Бала күнінен мұғалім болуды армандаған және өзінің жүрек қалауымен бүгінгі күні өз мамандығы бойын­ша көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан асыл ұстаз, әрі аяулы ана. Өзі «Ұстазым 4-сыныптан сынып жетекші әрі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айторы Мұқанқызына еліктеп өстім» дейді. Бүгінде ұл-қыздарымен өсіп, өніп отырған Ғайния Сандыбайқызы – мектепте оқушыларын ғана емес, үйде немерелерін де тәрбиелеп отырған ұлағатты әже. Жұбайы Мақсұт Байгелов екеуі 30 жылдан аса жұптары жазылмай өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп келеді. Үлкен-кішіні бірдей қарсы алатын қонақжайлылықтары өздері тәрбиелеп отырған ұл-қыздарының бойы­на сіңгенін көпшілік ерекше құрметпен сөз етеді.

– Үлкен балам Ғайния Сандыбайқызының тәрбиесін алып еді, қазір кіші балам да осы ғажайып мұғалімнің сыныбына келді, соған қуанамыз, ол кісі баланы мықты тәрбиелеп шығарады ғой, – дейді ата-ана Қалжан Ермағанбетова.

– Мектептен түлеп ұшып кетсек те, біздер, шәкірттер, әлі күнге дейін Ғайния апайымыз­ды сағынамыз, жүрегіміздің төрінде, өйткені ондай тамаша педагогты ұмыту мүмкін емес, – дейді шәкірті Әдемі Әміреева.

Ғайния Ахметова еңбек жолын 1990 жылы Жезді ауданындағы №6 мектепте бастады. Ол кезде елде қиын жағдай қалыптасып, экономикалық тоқырау болған тұс еді.

– Мұғалімдік – менің жай кәсібім емес, ол менің өмірім, ішкі әлемім. Тұрмысқа шығып, ата-ененің, үйде шиеттей балалардың ішінде үйдің үлкен келіні ретінде жұбайымның жүгінің бір жағын көтерісіп, тіршілік етуім керек болды. Ол кездегі мұғалімнің айлығы шайлығына жетпесе де, балалармен жұмыс жасаудың әрбір сәтінен өзімізге зор күш табатын едік, – дейді Ғайния Ахметова.

Астанаға келгелі Ғайния Сандыбайқызы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сынып жетекшісі ретінде абыроймен қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда үш ауысымды, бала саны көп мектептердің бірі болғанына қарамастан, ұжым тұрақты, ауызбірлігі жарасқан, жауапкершілігі жоғары педагогтар оқушыларға білім беріп келеді. Жаңадан ортаға қосылған жас мамандарға тәжірибелі ұстаздардың берері мол. Сондай-ақ жастардан үйренер тұсымыз көп-ақ, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

– Қазір ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың қатар дамыған кезі. Сондықтан да жастардан да үйренеріміз мол, менің тәжірибем жетеді, көп білемін дей алмаймын, білмейтінім де жетерлік, біз жастармен бірге дамудың келесі кезеңіне қадам басуымыз керек, – дейді тәжірибелі ұстаз.

– Бұл кісінің бойындағы тағы бір жақсы қасиеті бастаған ісіне аса тындырымды. Алдындағы әрбір шәкіртіне асқан жауапкершілікпен қарай алатын жан. Сабақ беретін сыныптарын жарты жолдан тастап кетпейтін, керісінше, өзінің жасаған ісінен үнемі нәтиже күтетін әрі жемісін жейтін тағы бір қасиетін айта кету керек. Былтыр жеті жыл сынып жетекшілік еткен бір сыныбы мектеп қабырғасын тәмамдар алдында «бұдан кейін сынып алмайтын шығармын, мына балаларым мектепті бітіріп қана кетіп бара жатқан жоқ, менің ішкі дүниемнен бір әлемімді алып бара жатқандай күйдемін» деп көңілі босағанын көрген әріптестері «апырмай, мұғалімнің бәрі балаға дәл осы кісідей бауыр басса, онда мектепке кейін іздеп келмейтін түлектер болмайтын шығар» деген ойда қалған көрінеді, – дейді мектеп-лицей директоры Гүлжан Төлеуова.

«Мұғалім – кәсіп емес, қасиет» деп жатады. Ғайния Сандыбайқызынан білім мен тәрбие алған әрбір оқушының бойынан адами құндылықтың асыл қасиет­терін көргенде осы бір ойдың растығына көз жеткізгендей боласыз. Тек соңғы үш жылда қалалық, республикалық деңгейде оқушыларын жетелеп, 33 марапатқа ие болған тәжірибелі ұстазға шығармашылық табыс тілейміз.

 

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button