Құқық

Әділет жолындағы ару

«Көктем келді көңілімнің құстары қиқуламай нағып ұйықтап жатсыңдар» деп ақын жырлағандай, сол көктеммен бірге бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді әлдилеген аяулы аналар мен арулардың мерекесі де келіп жетті. Олар – қандай құрмет пен ізетке де, марапат пен мадаққа да лайық жандар. Сондықтан осы күні көктемнің шуақты күніндей жадырап, жайнаған қызметтегі қыз-келіншектер туралы қалам тербеудің өзі – бір мәртебе.

Осындай жанның бірі – Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Айжан Аймағанова. Бүгінгі күннің талабы – өз ісін жете білетін білімді де білікті жастар дейтін болсақ, Айжан осы тұжырымға толық жауап беретін ізденімпаз қазақ қызы.

Ол бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін өте жауапты мамандықты кездейсоқ таңдай қалған жоқ. Оған әсер еткен, ықпал жасаған өмірлік тәжірибесі мол жандар болды.

– Мен заң мамандығын саналы түрде таңдадым. Мектепте оқып жүргенде алғашқы әскери дайындық сабағынан беретін Александр Викторович Соболь деген мұғаліміміз болды. Сол кісі үнемі «Айжан, сенің жауап­кершілігің мол, тапсырылған істі жан-тәніңмен беріле орындайсың. Сенен жақсы заңгер маманы шығады» деп таудай талабымды қанаттандырып жүретін» дейді ол.

Арманына қанат байлаған осы сөз оны мектеп бітіргесін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетіне алып келді. Кейін Астана қаласындағы Қазақстан – Ресей университетін бітірді.

Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыс­тық істер жөніндегі сотының бас маманы болып бастады. Әрине, саланың өз қиындығы, жұмысының қыры мен сыры болады. Алғашқы кезде тапсырылған істі нақты түсініп, меңгеріп кеткенше қиындықтар болғанын Айжан да жасырмайды. Алайда таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілік, бойындағы жастыққа тән күш-жігер мен төзімділік оны бұл қиындықтардан лезде алып шығады.

Сөйтіп ол араға жылдар салып, жетіліп, тәжірибе жинап, Астана қаласы прокуратурасына қызметке келді. Қала прокурорының аға көмекшісі, кіші әділет көмекшісі лауазымында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүр.

«Қазіргі қызметім өзіме ұнайды. Менің басты мінде­тім – заңның орындалуын қадағалау. Өмірде адамдардың біліп-білмей істеген шалыс қадамдары болып жатады. Осы тұрғыда адасқанға дұрыс жол сілтеп, әділеттіліктің салтанат құруына барынша атсалысуды өзімнің азаматтық та, адамдық та парызым деп санаймын» дейді біздің кейіпкеріміз.

С­онымен қатар Айжан Тал­ғатқызы – отағасы екеуі үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Бос уақытында көбіне перзенттерімен табиғат аясына шығып серуендегенді, спортпен айналысқанды жаны қалайтын көрінеді. «Өзім доп ойнағанды жақсы көремін. Волейболдан командалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, Құқық қорғау органдары академиясы ректорының қолынан «Үздік либеро» дипломын да алдым» деді.

Сондай-ақ Айжан Талғат­қызы прокуратура саласындағы қыз­метінде «Прокуратура үздігі» төсбелгісі мен 3-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасындағы үздік мемлекеттік айыптаушының бірі ретінде ҚР Бас прокурорының қолынан бағалы сыйлық пен диплом да алған. Ал прокуратура басшылығы берген Алғыс хаттарының өзі – бір төбе.

«Мен бүгінде бір кезде ал­ға қойған мақсатыма жеткен­деймін. Менің осындай жетіс­тікке жетуіме өзіме бір кездері басшы болған Ерлан Өтегеновтің, Болат Мизанбаев пен Арман Қозбаевтың қосқан үлесі мол деп санаймын.

Бірақ қол жеткенге тоқмейілсуге әсте болмайды. Оның үстіне біздің жұмыс – үнемі ізденісті, терең ойланып-толғануды қажет ететін күрделі сала. Әлі де үйрене түсіп,
қыз­метімнің қыры мен сырын
меңгере түссем деген ой-мұратым бар» деді әділет жолындағы ару.

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button